
Сурет: primeminister.kz
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейде күшіне енген заңға сәйкес шетелдік азаматтар кіру және шығу санына қарамастан, жыл ішінде 90 күннен аспайтын мерзімде тіркеусіз Ресей Федерациясының аумағында бола алады. Бұрын бұл мерзім бір жыл ішінде 180 күн болған. Бұл шектеу халықаралық жүк пен жолаушы тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілерге де қолданылады. Сонымен қатар Ресей мен Беларусь аумағында болу жалпы есепке алынады. Өйткені аталған елдер одақтас мемлекет саналады.
Бұл норма Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен басқаларды қосқанда, визасыз елдердің біразына қолданылады. Сонымен қатар ҰҚК Шекара қызметінде нақтыланғандай, егер шетелдік азамат тұруға ықтиярхат, рұқсат немесе уақытша тұруға өтініш сияқты рұқсат құжатын рәсімдеген болса, болу мерзімі есепке алынбайды.
Елімізде шетелдік азаматтардың осыған ұқсас тіркеусіз болу талабы – алты ай ішінде 90 күн. Ол халықаралық жүк және автобус рейсін орындайтын жүргізушілерге қолданылмайды. Бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес.
Осы жылы қыркүйектен бастап Ресей тарапынан көлеңкелі импортты анықтау бойынша жүргізіп жатқан рейд жағдайды ушықтырған. Қосымша тексеру салдарынан кейбір өткізу пункттерінде жүк көлігін тексеру уақыты артты. Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжіметдинұлы көші-қон заңнамасының жаңа ережелерінің қолданысына іс жүзінде халықаралық тасымалдаушылар ғана емес, ЕАЭО елдерінің ішінде жұмыс істейтін жүргізушілер де кіргенін атап өтті.
Белгіленген 90 күндік шектік межеден асқан кейбіреулер ұсталды және көші-қон заңнамасының жаңа нормаларын бұзуға байланысты елден кету қажеттілігі туралы хабарлама алды. Біздің тарап ресейлік әріптестерімен түрлі деңгейде келіссөздер жүргізіп жатыр. Жуырда Серік Жұманғарин бұл мәселені Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинмен кездесуде атап өтті. Екі тарап туындаған қиындықты бірлесіп жедел реттеуге дайын екенін білдірді. ЕЭК-ке қалыптасқан жағдайды сыртқы саудаға кедергі келтіретін тосқауыл деп тану туралы ресми өтініш жолданды. Бұл мәселе 13 қазанда ЕЭК алаңында және 7 қарашада Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 26-отырысында қаралады.