
Фото: Ресейдің Қазақстандағы елшілігі
Екі ел арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайту аясында біршама маңызды іс-шаралар жоспарланған.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 10 қазан – 23 қараша аралығында Жаңа Третьяков галереясында «Қазақстан өнерінің жауһарлары» көрмесі өтеді. Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің коллекциясынан Қазақстанның жетекші қылқалам шеберлерінің 43 туындысы қойылады. Сонымен қатар келушілер Мемлекеттік Третьяков галереясының қорынан алынған 17 кескіндеме мен 11 мүсін жұмысын тамашалай алады.
Мәдени күндер аясында отандық кинотуындылар да көрсетіледі. 10 қазан күні Мәскеудегі «Поклонка» кинотеатрында режиссер С. Өтепбергеновтың «Патриоттар уақыты» атты әскери экшн фильмі және режиссер Б.Шекеровтың «1941 жылдың жазы» кинокартинасы, 11 қазанда аталған кинотеатрда режиссер Ф.Шәріповтың «Тоқта, түн» фильмі көрсетілсе, кешке режиссер А.Сахаманның «Дос-Мұқасан» фильмі ұсынылады.
12 қазан күні мәскеулік көрермен режиссер М. Тұрдыбектің ежелгі сақтардың киелі тарихын, тұрмысы мен мәдениетін, әскери өнерінен сыр шертетін «Алтын адам» толықметражды анимациялық фильмін тамашалай алады. Кешкі бөлімде режиссер Т. Дулатовтың «90+1» фильмі көрсетіледі.
Театрсүйер қауым үшін 13 қазан күні Ресей мемлекеттік академиялық кіші театрында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Парасат майданы» қойылымы сахналанады.
12 қараша күні Ресейдің мемлекеттік академиялық Үлкен театрында Қазақстан өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылады. Мәдени күндер аясында өтетін іс-шараларға Ресей мен Қазақстанның зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, жазушылар, дипломатиялық корпус пен шығармашылық одақтар, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері қатысады.
Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен Ресей Мәдениет министрлігінің қолдауымен өтеді.