
Тәулік бойы үзіліссіз жұмыс режімі жолға қойылған үш фабрикада 1 875 адам еңбек етеді. Жылына 22 млн тонна мыс кені өңделеді. Ұнтақтау корпусындағы жұмысшылар үш ауысым, бас корпустағылар екі ауысыммен жұмыс істейді. Түнгі ауысым да бар. Орташа жалақы 600 мың теңгеден асады.
№1 және №2 Жезқазған байыту фабрикасындағы кенді қабылдайтын ұнтақтау корпусында қабылданған кесек өнім ірі, орташа, ұсақ ұнтақтаудан өтіп, бас корпустағы диірмендерге жіберіледі. Онда мыс концентраты алынып, Жезқазған мыс зауытына тасымалданады. Сүзу-кептіру бөлімшесінде қоюландыру, сүзу және кептіру операцияларынан өтеді, қалғаны қалдықтар қоймасына жіберіледі. Ол жерде қалдықтардың қатты фазасы шөгеді және жиналады. Сұйық фаза тұндырылып, тазартылған су технологиялық үдеріске қайта пайдалану үшін фабрикаға қайтарылады.
«Фабрикада ұнтақтаушы, машинист, слесарь болып жас мамандар жұмыс істейді. Олар өзіміздің жергілікті Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы техникалық колледжді тәмамдаған мамандар. Бізде өндірістік тәжірибеден өтіп, кейін жұмысқа тұрады. Жағымсыз иіс, шу, ылғалды цехта істейтін жұмысшыларға тамақ, талон, сүт беріледі. Жұмысшыларды арнайы автобус тасымалдайды. Медициналық сақтандыру тетігі де енгізілген», дейді Жезқазған байыту фабрикасының директоры Медет Абутахирұлы.
2022 жылы екінші бас корпуста тозған «Механобр-5, 6, 7» сияқты ескі байыту машиналары заманауи МЕК-25, МЕК-70 байыту машиналарына ауыстырылған. Жаңа техника сапалы концентрат алуға жол ашты.
Бұдан кейін Жезқазған мыс балқыту зауытына бас сұқтық. Зауыттың мақсаты – технологиялық үдеріс негізінде мыс концентратын өңдеу. Негізгі өнім – тазартылған мыс 99,99% сынамасы. Кәсіпорында шихта дайындау цехы, балқыту цехы, мыс электролизі цехы, күкірт қышқылы цехы бар. Екі кен термиялық пеш жұмыс істейді. Зауыттың жобалық қуатына жылына 200 мың тоннаға дейін катодты мыс өндіруге мүмкіндік береді. Бүгінде мұнда 2 100 адам еңбек етеді.
Шихта дайындау цехында 204 адам жұмыс істейді. Жезқазған мыс балқыту зауытының Шихта дайындау цехының бас инженері Қайырбек Болатұлының айтуынша, цехтың басты міндеті – байыту фабрикаларынан келген шикізатты түйіршікке айналдырып, балқыту цехына жіберу. Сол шикізаттың құрамында 35-40% мыс бар.
Балқыту цехында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. 484 адам үш ауысыммен жұмыс жасайды. Жұмыскерлер үш күн істеп, екі күн демалады. Балқыту температурасы 1 300 градус болатын цехта металлургтер отпен арпалысады. Осы градуста шихта балқып, әрі қарай өңделеді. Мың градустан асқан ыстықта пештен штейн ағызу үшін асқан төзімділік керек. Цехта екі кенді термиялық пеш, көлемі 100 тонналық төрт конвертер бар. Анод бөлімінде көлемі 200 тонналық төрт анод пеші бар. Кенді термиялық пешке түскен кеннен балқыту үдерісі арқылы штейн алынады.
«Штейн – мыстың бастапқы түрі. Алынған штейннің құрамында 48-58%-ға дейін мыс болады. Қазірде біз 50%-ды штейнмен жұмыс істеп жатырмыз. Алынған штейнді конверттеуге жібереміз. Конверттеу арқылы қара мыс аламыз. Оның құрамы – 98,4%. Бұл алынған қара мыс анод пешіне жөнелтіледі. Біздің цехтың алатын өнімі – анод мысы. Анод мыстың салмағы – 250 кило, құрамы – 99,4%. Жұмыстың ең соңғы өнімі – 99,9% катод мысы, бұл өнім экспортқа шығарылады», деп түсіндіреді Балқыту бөлімінің басшысы Исағалы Сәтбеков.
Кәсіпорындағы мысты байыту және мыс концентратының сапасы әлемдік үлгіге сай. Дайын өнімдер тұтынушының сұранысына байланысты дүние жүзінің әр түкпіріне экспортталған пакет күйінде жөнелтіледі.
Ұлытау облысы