
Осы жағдайды ескерген еліміз қазір аталған салада үздіксіз құлшыныс танытып келеді. Осы ойымыздың жарқын дәлелі ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен «Space Days Kazakhstan – 2025» халықаралық форумы өтті.
Аталған форумның негізгі мақсаты – ғарыш саласындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету, заманауи технологияларды ілгерілету, сондай-ақ ғылым, білім беру және өндіріс салаларының әлеуетін біріктіру. Іс-шараға 50-ден аса мемлекеттің делегациясы, халықаралық ұйымдар, университеттер, ғылыми-зерттеу орталықтары мен бизнес өкілдері, сонымен қатар ғарыш саласының жетекші мамандары қатысты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ үлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев форумды ашып, аталған іс-шараның маңызын атап көрсетті. Сондай-ақ университет басшысы кейінгі жылдары еліміз ғарыштық технологиялар мен цифрландыруды дамытуға ерекше мән беріп отыр. Жасанды интеллект, үлкен деректер, платформалық экономика секілді бағыттар бәсекеге қабілеттіліктің жаңа өлшеміне айналғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет», деп атап өткен болатын.
Форум аясында БҰҰ-ның Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану комитеті (КОПУОС) басшысының орынбасары Дрисс Эль Хадани, жобалар директоры Харун Нуруллах Танзи, Қазақстанның Цифрлық даму вице-министрі Марат Олжабеков, Бахрейн ғарыш агенттігінің басқарма төрағасы Шейх Залид бен Али Әл Халифа, «Uzbekkosmos» директорының орынбасары Мухиддин Ибрагимов, Мысыр ғарыш агенттігінің өкілі Шериф Седки, басқа да беделді сарапшылар баяндама жасады.
Осы форумға алыстан ат арытып келгендердің бірі – Оңтүстік Кореядағы «Contact Space Group» компаниясының төрағасы Сунджин Ли. Ол бізге өзі басқарып отырған компания жайында біраз ақпарат берді.
«Біздің холдинг құрамында бес компания бар: «APSI», «Contact Space Optics», «Contact Earth Service» және АҚШ-тағы «Texas Space Communications». «Contact» компаниясы жерүсті стансалары қызметін ұсынады. Бүкіл әлем бойынша 15 стансамыз бар, олар спутниктерден бейнелер мен сынақ деректерін қабылдайды. Біз бұл деректерді өңдеп, AI алгоритмдерін қолдану арқылы талдаймыз. Бұл шешімдер смарт-қалаларды бақылауға, су ресурстарын және ормандарды басқаруға, сондай-ақ қорғаныс саласына қолданылады. Сонымен бірге спутниктерді басқару қызметін ұсынамыз.
Ал «APSI» компаниясы 200-500 кг салмақтағы спутниктерді жобалап, өндіреді. Сонымен қатар спутниктік смартфондар шығарамыз. Біріккен Араб Әмірліктеріне 1 миллионнан астам құрылғы саттық. «Intelsat» және оны сатып алған «Biosat» компанияларымен серіктестік келісімшарттарымыз бар. Сондай-ақ «Contact Space Optics» компаниясы спутниктік оптикалық камераларды жобалап, оларды спутниктерге біріктіріп ұшырады. Ал «Texas Space Communications» компаниясымен бірлесіп, 2-7,3 метрлік жерүсті антенна жүйелерін жобалап, өндіреміз. Осы форумға келген себебіміз: Қазақстандағы ғарыш саласының жетістіктерімен танысып, кейбір келісімшарттарға қол қою», деді ол.
Ғарышты зерттеу – адамзат болашағына жол ашатын ұлы мүмкіндіктің бірі. Спутниктік технологиялар бүгінде байланыс, интернет, навигация, метеорология, жерді қашықтан зерттеу және ауыл шаруашылығын дамытуда кең қолданыс тауып отыр. Ғарыш саласы аса күрделі болғандықтан, бір мемлекеттің оны толыққанды игеруі де қиынға соғады. Сондықтан бұл салада халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу ерекше маңызға ие. NASA және сол сияқты Қытай мен Үндістанның ғарыш агенттіктері түрлі бағдарламалар арқылы бір-бірімен ынтымақтастық орнатып, ортақ жобаларға атсалысып келеді. Халықаралық ғарыш стансасы – соның айқын мысалы.
Қытайлық «PaleblueRS Technology» компаниясының вице-президенті Джеймс Джаң да осы форумға алғаш қатысып отыр.
«Қазақстан – газ бен құбыр секілді табиғи ресурстарға бай, жері кең мемлекет. Сондай-ақ ол өңірдегі экономикасы ең жылдам дамып келе жатқан елдің бірі. Көптеген сала бойынша көшбасшыға айналған. Осындай даму нәтижесінде спутниктік деректер мен кеңейтілген ғарыштық мүмкіндіктерге деген сұраныс артып отыр. Қазақстан қазірдің өзінде бірнеше ғарыштық бағдарламаны жүзеге асырып, соның ішінде спутниктер құрастыру да бар. Нарықтың өсуіне байланысты халықаралық серіктестіктерге, оның ішінде Қытай компаниялары мен ұйымдарымен әріптестікке деген сұраныс та көбейіп келеді. Сондықтан біз Қазақстандағы мекемелер мен кәсіпорындармен байланыс орнатып, ынтымақтастықты, бірлескен жобаларды дамытуға кірістік. Осы іс-шараға қатысуымыздың басты себебі де – Қазақстанның ғарыш саласындағы ұйымдарымен байланысымызды нығайту, мүмкіндігін көру», деді Д.Джаң.
Осындай мүмкіндіктерге қол жеткізуге құлшыныс танытқан еліміз ғарыш саласында әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, өзінің ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтып келеді. Байқоңыр ғарыш айлағы – бүкіл адамзатқа ортақ. Еліміз қазірде жерді қашықтан зондтау, байланыс және навигациялық спутниктерді ұшыру арқылы тәжірибесін арттырып, кадрлар даярлау ісіне ден қоюда. Бұл үдерісте шетелдік серіктестермен ынтымақтасу, жаңа технологияларды меңгеру және бірлескен ғылыми жобалар жүргізу – басты шарт.
Атап айтқанда, ғарыштық зерттеулер – жаһандық сын-қатерлерді еңсерудің де бір жолы. Жарты әлемнің мазасын алып тұрған климаттың өзгеруі, табиғи апаттардың алдын алу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты мәселелерде спутниктік мәліметтердің маңызы айтарлықтай болмақ. Сондықтан да еліміздің өз ғарыш саласын дамытуды жалғастырып, халықаралық тәжірибемен ұдайы ортақтасуы ел игілігіне саятын сара жол екені айқын.