Ұстаз • Бүгін, 08:33

Кісілік пен кәсібиліктің дәнін сепкен

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұстаз – ұлт болашағының сәулетшісі, оның еңбегі ұрпаққа рухани азық болар ұлы күш. Білікті педагог айналасына шуақ шашып тұрады.

Кісілік пен кәсібиліктің дәнін сепкен

Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген өміршең ойында осыны меңзесе керек. Осы тағылымды жолдар біздің шәкірт көңіліміздің қаһарманына айналған Дәмегүл Баялиеваға арналғандай көрінеді.

Бүгінде көптеген журналистің ұстазы атанған Д. Сердалықызы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің мерзімді баспасөз кафедрасында ұзақ жылдан бері доцент болып істейді. Осы жылдар аясында тәжірибелі маман «БАҚ коммуникация тілі мен стилі», «Журналист этикасы», «Компьютерлік технологияға мамандандыру» пәндері бойынша типтік бағдарлама құрастырды. Сондай-ақ «Қазіргі қазақ баспа­сө­зін­де­гі ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және тіл мен стиль мәселелері» атты әдістемелік оқу құралы мен «Қазақ баспасөзіндегі салт-дәстүр мәселелері» атты көмекші оқу құралын әзірледі. Бірқатар ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндама жасап, ғылыми ортада зор бағаға ие болды. Бүгінге дейін озат оқытушының мерзімді бас­па­сөзде қоғамдағы аса көкейкесті мәселелерді қозғаған 50-ден аса мақаласы жарияланған. Сонымен бірге 2008–2009 оқу жылындағы «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы атанды.

Жоғары білім саласына қырық жылдан аса ғұмырын ар­наған Д.Баялиеваның бекзат болмысына бойлағанда, оның үш қырын айрықша айтуға болады. Біріншісі – терең тәрбие мен ұлттық құндылықты ұлықтауы; екіншісі – БАҚ тілі мен стилін ұрпақ санасына сіңіруі; үшіншісі – ұстаздық жолында мыңдаған жас журналистің қанаттануы мен елдің сөзін сөйлейтін білікті азамат болып есеюіне аянбай қызмет етуі.

1924 жылы жарық көрген «Сана» журналының алғашқы сандарында «Мұғалімдікті әрбір мұғалім адамшылықтан алынған бір меншікті еншісі деп білу керек», деп жазылған. Шынында да, ұстаз бейнесі ізгілік, білгірлік, тереңдік, қайырымдылық секілді қасиеттерімен тұлғалана түседі. Біз Д.Баялиеваның алдынан дәріс тыңдадық. Сонда оның болмысындағы білімділік пен біліктілікті бойымызға сіңірдік. Өмірде ұстаз көп. Бірақ өз ісіне ұста, шәкірттерін шынайы жақсы көріп үйрететін ұстаз сирек. Себебі баспасөздің тілі мен стилі жайындағы оқытушымыздың дәріс берудегі шеберлігі, пайымы соншалықты терең болатын. Оның әрбір дәрісі қызықты өтетін. Бір жағынан, ол кісі шәкірттерінің бойындағы алғырлық қасиетті бірден танитын. Сонысымен ол басқалардан озық тұрды. Бүгінде ардақты ұстазымыздан тәлім алған журналистердің дені еліміздегі белгілі басылымдардың тізгінін ұстап отыр. 

Д.Сердалықызының өзгелерден тағы бір ерекше қасиеті – жас пен аға буын арасындағы сыйластық пен сабақ­тас­­тық үйлесімін жалғастыра біл­ді. Ол қай кезде де сүрінгенді демеп, күйзелгенге жігер беріп, жыла­ғанның көз жасын құрғатты. Ауыртпалыққа алдырмайтын, ішкі рухани қайсарлығының арқасында бәрін жеңді. Осы табандылығымен шыңдарды бағындырды.

Ұстазымыздың бойына біткен мінез бен қарекет, сыр мен сипат үйлесіп тұрады. Ол қай ортада жүрсе де, кәсіби, адами биігінен көрінеді.

«Адамзатқа тән үш қасиет: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» депті дана Абай атамыз. Дәмегүл Сердалықызы бойындағы нұрлы ақылмен осындай биікке көтерілді. Жылы жүрегімен қаншама айнымас дос, сенімді әріптес, саналы шәкірт қатарын арттырды. Ал соның бәріне хакім айтқан қайратын ерте қайрап, ешкімге арқа сүйемей, шиеленген түйінді байып­пен шешуге, алынбас қамалды ақылмен бағындыруға, адал күшімен өрге сүйреуге дағдыланды.

Бүгінде белгілі ғалым осынау айтулы кезеңге еңбекқорлығы мен талғампаздығын серік етіп, сыпайы, сырбаз қалпынан еш айнымай, жарасты келіп отыр. Жұбайы Ахат ағамыз екеуі – ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерінің ортасында бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты жандар.

Біз де осындай ұстаздан тәлім алып, ұлаға­тынан сусындадық. Бұл өнегелі өмір мектебі болды. Жоғары оқу бітіргеннен кейін ҚазҰУ-дың журналистика факультеті мерзімді баспасөз кафедрасында апаймен бірге қызмет істедік. Сол жылдары ол кісімен жақын араласып, өмірлік тәліміне қанықтық. Бүгін соны мақтан етеміз. Сол жылдары ұстазымыз аудиториядағы сабағынан кейде көңілі түсіп шығатын. Ондайда: «Студенттердің үй тапсырмасына бүгінгі дайындығы мардымсыз...», деп қысқа қайырып, сөмкесі мен журналын үстел үстіне қойып, ойланып қалатын. Ал көбіне «бүгін балаларға сондай риза болдым, бәрі жарыса сабақ айтуға таласып, тіпті екі сағатымыз сабақ айтуға аздық етті» деп кафедраға жадырай кіретін.

Алматыда қызмет істеп жүргенде Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетіне ауысатын болып, ата-анаммен ақылдастым. Бұл ойымды ұстазыма да айттым. Ондағым, мені Арқаның аязы, жер шалғайлығы мазалайтын. «Болашағыңнан зор үміт күтер шәкіртімнің бірісің, қызымдай болып кеттің, айналайын! Ойланатын түгі жоқ, жолға дайындал. Өзің секілді талапты жастардың мекені – Астана!», деп ақыл-кеңесін берді.

Міне, қара шаңырақтан алған тәлімімді Еуразия ұлттық универ­ситетінде шәкірт санасына сіңіріп келе жатқаныма – 16 жыл. Ұстазым Дәмегүл Сердалықызы – бір мен емес, талай шәкіртіне осылай жөн сілтеп, жол нұсқады. Қазір оның ұстаздық ұстаханасында тәлім алған шәкірттері үлгілі педагогтің сенімін ақтап жүр.

 

Гүлжазира ЕРТАСОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы