
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Алматы облысында 136 мың гектар жер суарылып, шаруалардың қажетіне 1,6 млрд текше метр су алынды. Жетісуда 140 мың гектар егістік алқаптары суарылып, су алу көлемі 1,2 млрд текше метр болды. Жамбыл аймағында шамамен 79 мың гектар жер суарылды, ал шаруаларға Тасөткел су қоймасынан және Шу, Талас өзендерінен барлығы 1 млрд текше метр шамасында су алынған.
Қызылорда өңірінде 3,5 млрд текше метр су пайдаланылып, 125 мың гектар егістік жер суарылған. Түркістан облысында шамамен 400 мың гектар жерге су беріліп, жалпы көлемі 3,4 млрд текше метр су алынды.
Сала министрі Н.Нұржігітовтің айтуынша оңтүстік өңірлерде биылғы вегетация кезеңі күрделі климаттық жағдайда өтті. Соған қарамастан, министрлік, жергілікті атқарушы органдар және шаруалардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде суару маусымы тұрақты өтті.
«Біз оңтүстік өңірлерде судың әділ бөлінуін қамтамасыз ету үшін төрт жұмыс тобын құрдық. Сонымен қатар каналдар арқылы суды кезекпен беру кестелері бекітілді, сорғы қондырғылары мен тік дренаж жүйелері іске қосылды, су шаруашылығындағы жағдай тұрақты бақылауда болды. Коллекторлық-дренаждық су да қайта пайдаланылды», деді Н.Нұржігітов.