Инвестиция • Бүгін, 08:53

Негізгі капиталға салынатын инвестиция көбейеді

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика министрлігі жанындағы cараптамалық кеңестің отырысында ел экономикасы өсімінің жаңа проактивті саясаты қаралды. Мұнда Үкіметтің басты мақсаты – 2029 жылға қарай елдегі жалпы ішкі өнімді екі есе арттырып, 450 млрд долларға дейін жеткізу.

Негізгі капиталға салынатын инвестиция көбейеді

Фото: zhasalash.kz

Кеңесте Ұлттық экономика вице-ми­нистрі Арман Қасенов атап өткендей, әңгі­ме мемлекеттің бизнесті тек сүйемел­дей­т­ін модельден салалар мен жобаларды ұйым­дастыруға белсенді қатысу моделіне көшуі туралы болып отыр. Ол үшін Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді өсудің ре­корд­тық қарқынына қол жеткізген ел­дер­дің тәжірибесін зерттелген. Мұнда мем­ле­кет өсу нүктелері мен стратегиялық бағыт­тард­ы 5–10 жыл ілгері анықтауға қатысыпты.

Алға қойған мақсатты іске асыру негізгі капиталға салынатын инвестицияны 2024 жылғы 41 млрд доллардан 2029 жылы 103 млрд долларға дейін көбейтуді талап етеді. Осы кезеңде инвестицияның ІЖӨ-ге қатынасы 14%-дан 23%-ға дейін өсуге тиіс. Ал 2025–2029 жылдары инвестицияның жалпы көлемі шамамен 400 млрд доллар болуы керек. Экономикалық өсудің проактивті саясаты шеңберінде мемлекеттік құрылымдар жаңа функцияларға ие болады. Енді олар экспортқа бағдарланған ірі жобаларды сырттан тартып қана қоймай, оны құры­лымдауды, қаржыландыруды және бас­қарушылық қолдауды қамтамасыз ете отырып, өздері ұйымдастырады. Осы саладағы мемлекеттік органдардың негіз­гі міндеті – экспортқа бағдарланған және өнімділігі жоғары жобаларды бір­лесіп жүзеге асыру үшін жетекші шетел­дік және отандық компанияларды тарту, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингіне кіре­тін даму институттары арқылы қаржыландыру.

«Біз бизнестің орнын баспаймыз, керісінше, онымен бірге жұмыс істейміз. Қосылған құнды кәсіпкерлер жасайды, прогрестің қозғаушы күші де солар болмақ. Ал біз отандық және шетелдік компанияларға олардың тәжірибесін, технологиясы мен капиталын тарту үшін жүгінеміз. Инвестициялық дамудың негізгі бағыты саналатын астықты терең және орташа өңдеу, металлургия, мұнай-химия сынды тағы да басқа салалардағы жетекші компаниялардан шетелдік үздік­тердің тізімін жасақтаймыз. Олар­мен елдегі жобаларға қатысу үшін келіссөз­дерге бастама жасаймыз. Олардың салған инвестициясы, жасаған сараптамасы, сала мен технологияны бүге-шігесіне дейін білетін біліктілігі бізге осы жобаларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», деді А.Қасенов.

Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа модельде Investment Board, яғни елдік ауқымдағы басым жобаларды айқындайтын және сүйемелдейтін инвестициялық қызмет негізгі мәнге ие болатынын айтты.

«Проактивті экономикалық өсудің жаңа саясаты дегенде біз терең сараптаманы қажет ететін ірі жобалар туралы айтып отырмыз. Даму бағыттарын бір құ­рылымға келтіріп, ірі жобаларды басқа­руда жоғары құзыретке ие мамандар­дан тұ­ратын инвестициялық қызметті, яғни Investment board құруды жоспарлап отыр­мыз. Олар анағұрлым тиімді даму  жолын сілтеп, экономикамыздың бағыт­­тары мен тиісті жобаларды айқын­дайды», деп түсіндірді С.Жұманғарин.

Оның айтуынша, инвестиция тартудың бұрынғы жүйесі сақталады. Бірақ проактивті саясаттың драйвері Investment Board болады.

Кеңеске қатысқан сарапшылар эконо­микалық өсім саясатына қатысты бірнеше ұсыныс айтты. Мысалы, жаңа құжат бұрынғыдан қалай ерекшелене­тіні, елдегі жаңа өндірістерді локализа­циялау деңгейі қаншалықты ұлғая­ты­ны, қаражатты бөлу арналары қандай болатыны, белсенді экономикалық өсу мен тұтынушылық несиелендіру­дің инфляцияға әсері және басқа да мәселелерді талқылады.

Ұлттық экономика министрлігі Қоғам­дық кеңесінің төрағасы Эльдар Шамсут­динов жиында экономикалық өсімді қам­тамасыз ету және мемлекеттік индуст­рия­лық бағдарламаны жүзеге асыру туралы пікір­талас өрбігенін атап өтті. Негізгі мәселенің бірі несиелендірумен кім айналысатыны туралы болды. Яғни мұны мемлекет өзінің даму институттары не­ме­се коммерциялық банктер арқылы үйлес­тіреді. Оларға осы мақсатта қаражат бөлінеді.

«Мұндағы логика мынада сияқты: банктер арқылы несие беру инфля­цияның сөзсіз өсуіне әкеледі. Өйткені банк жүйесі – инфляциялық процестерді жүзеге асырудың негізгі механизмі. Сөйте тұра, бүгінде ІЖӨ-нің өсуіне осы тұтынушылық несиелендіру елеулі үлес қосып отыр. Одан бөлек, инвес­тиция­лық қызметті қалыптастыру жос­пар­лануда, оған басым жобаларды айқын­дайтын қатысушылар кіреді. Мәселе қар­жы­ландырудың нақты тетігін таңдауда болып тұр. Мұндай мәселелер жұмыс барысында пысықталмақ», деді Э.Шамсутдинов.

Teniz Capital Investment Banking дирек­торлар кеңесінің мүшесі Ғалым Құсайынов жаңа саясат ел экономи­касының алдында тұрған заманауи сын-қатерлерге жауап беретінін және басты назар елдің ішкі инвестициялық әлеуетіне аударылатынын атап өтті.

«Бүгін біз ІЖӨ-нің 450 млрд доллар мақсатты деңгейіне қалай жетуге болатынын талқыладық. Инвестицияны молынан тартпай, оған қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі айтып отырған мемлекеттің инвестициялық саясатқа анағұрлым белсенді қатысуға көшуі туралы ұсынысы дәлелді және уақтылы нәрсе», деді ол.

Оның айтуынша, даму институттарын, соның ішінде бірінші кезекте «Бәйтерек» холдингін, осы жұмыстар­ға тарту капиталдың мемлекеттен ел ішіндегі нақты салалар мен жобалар­ға қарай қозғалуын қамтамасыз ететін қаржы инфрақұрылымын құруға мүм­кіндік береді. Бұл ретте шетелдік компанияларды капитал көздері ретінде ғана емес, құзыреттердің, техноло­гиялар мен басқару практикаларының тасымалдаушылары ретінде де тарту маңызды.

«Ең бастысы, мемлекет бастамашы­лық ететін жобалардың түсінікті экономи­калық моделі, іріктеу мен сүйемелдеу­дің ашық тетігі болуға тиіс. Сонда жеке капиталды халықаралық деңгейде де тартуға болады. Онсыз экономикалық өсім бюджеттік қаржыландыру шең­бері­мен шектеліп қалады», деп жалғады Ғ.Құсайынов.

Сарапшы жаңа саясат жеке сектор мен банк жүйесінің рөлін де нақты анықтауы керегін атап өтті. Әзірге инвестиция қалай бөлінеді және коммерциялық банк­тер бұл үдеріске қаншалықты белсен­ді қатысады деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Бір жағынан, мемлекеттің тікелей қатысуы кепілдік пен жылдамдықты қамтамасыз етеді. Екінші жағынан, жеке бастамаларды да ұмытпау үшін нарықтық тетік­тер­ді сақтау маңызды. Бұл ретте Ғ.Құсайынов мемлекеттік және нарықтық құрал­дарды сауатты үйлестіре білу елге ар­тық инфляциядан аулақ бола отырып, эконо­микалық өсудің сапалы жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік беретінін айтты.