Шахмат • Бүгін, 08:07

Жас өрендер жетістігі

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда шахматтан жасөспірімдер (U-8, U-12) арасында өткен әлем біріншілігінде еліміздің құрамасы толағай табысқа қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.

Жас өрендер жетістігі

Сурет: irkutsk.bonodono.ru

Алатау баурайында 88 мемлекеттен келген 842 қатысушы бақ сынады. 11 турдан тұрған жарыс швейцариялық жүйемен өтті. Жер-жаһанның аса дарынды жас өрендері бас қосқан байрақты бәсекеде алдымен Алиша Бисалиеваның (G8) бағы жанды. Шешуші тұста Чжу Цзяхэ (Қытай) мен Болд-Эрдене Целмегті (Моңғолия) басып озған ол бас жүлдені олжалады.

Өз қатарластарының барлы­ғын қапы қалдырған Әдинұр Әділбек (O8) те алтыннан алқа тақты. Күміс пен қола медальды Фёдор Сидельников (Ресей, FIDE) пен Ван Юйсюань (Қытай) еншіледі. 12 жасқа дейінгі ойын­шылар сайысында Данис Қуандықұлы (O12) мен Әли Пойраз Өздемир (2196, Түркия) бірдей ұпай жинағанымен, қосымша көрсеткіштер жөнінен қандасымыз қарсыласының алдын орады.

Сөйтіп, үш алтын иеленген еліміз шахматшылары жарыс кестесінде жеке-дара көш бастады. Екінші, үшінші орындарға Қытай, АҚШ құрамалары ие болды. Былтыр да жерлестері­міз қос алтын олжалап, жалпы есепте алдарына жан салма­ған еді. Биыл сол нәтижені қайталады.