
Шараға ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов модераторлық етті.
Форумның негізгі бағыты – мақсатты қорларды дамыту стратегиясын, олардың танымалдылығын арттыру және қолдауды талқылау, сондай-ақ эндаумент қорларының қазіргі әлемдегі маңызы мен рөлін анықтау.
Жиында әлемдік сарапшылар білім жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін эндаумент қорларының тиімді қызметін нығайту мен ілгерілету тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шарада алғашқы болып сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов форумға қатысушыларды елімізде мақсатты капитал қорлары мен эндаумент қорлары туралы заңның қабылдануымен құттықтады. Ал Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова елімізде қазіргі уақытта 22 эндаумент қоры бар екенін, олардың 15-і білім саласында жұмыс істейтінін, капиталдық қоры орташа есеппен бір миллиард теңгеден төмен екенін жеткізді. Сондай-ақ 2029 жылға қарай эндаумент қорларының жалпы капитализациясын 50 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланғанын айтты.
Миннесота университетінің даму жөніндегі директоры Сьюзан Холтер стратегиялық қорды дамытуға арналған донорлық пирамида үлгісін таныстырып, донорлармен сенімді қарым-қатынас орнату жолын ұсынды. Потанин қайырымдылық қорының бас директоры Оксана Орачева Ресейдегі эндаументтерді дамыту тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік қолдау мен танымалдылықты арттыруға ерекше назар аударды.
Форум барысында Мичиган университетінің өкілі Джон Д.Бранч тұрақты университет өсу стратегиясын, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (МГИМО) даму қорының директоры Марина Петрова түлектер мен бизнес қауымдастығын эндаументке тарту жолдарын, Назарбаев университетінің әлеуметтік даму корпоративтік қорының басқарма төрағасы Саят Нүсіпов эндаумент қорларының әлемдегі маңызы мен орнын баяндады. Сонымен қатар Познаньдағы Адам Мицкевич университетінің өкілдері, «Chengwei Capital Evergreen Fund» және «Berik and Bayan Kaniyev Scholarship» бағдарламасының директорлары тәжірибелері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Азамат ҚҰСАЙЫН