
Кеш театр әншілері хормен салған «Қара бауыр қасқалдақ» әнімен ашылды. Тізгінші – ақын, Жазушылар одағы Астана филиалының жетекшісі Бауыржан Бабажанұлы Есағаң туралы естеліктерді қабаттап отырды. Ұлт әдебиетіне ұлы туындылар ұсынған Әбіш Кекілбайдың Есенғали ақын туралы лебізі экраннан естілді. Өлең өлкесіне қадам басқалы елден бөлек Есенғали боп келген, ежелгі әрі жаңа тұрпатты жырлар туралы кемеңгер Әбіш әжелеріміздің кебежесіндегі сүрдің сарқындысындай деп бейнелепті. Автордың «жасқа жас, ойға кәрі» соққан танымы терең жырлары төңірегінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет те кеңірек тоқталып, естелігін қосақтады. Есағаң әскерде жүргенінде-ақ Аманхан Әлім бастаған ақындар оның өлеңдерін дәптерге көшіріп алып, өз араларында құмары қанғанша оқып таратып, аңызы ерте жеткен. Ал «Есенғалидың Алматыға келуі» туралы жырдың күйіндей әңгіме де, өлең де жетерлік. Шетелдік сапарлары тіптен шиырланып жатыр.
Сөз сөйлеген адамда толас жоқ, әрине. Ал ақын жырларын жеріне жеткізе оқыған шәкірт шайырлары одан да көп. Атап айтқанда, ақындар Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағызұлы, Ерғали Бақаш, жазушы Бейбіт Сарыбай, тағы бір топ талантты жас Есенғали өлеңдерін оқыса, соңынан ерген ақын бауыры Қалқаман Сарин сөз сөйлеп, жанашырлығын еске алды. Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы, жазушы Алмаз Мырзахмет автордың кітаптары биыл алты мың тиражбен еліміздің барлық кітапханаға жететінін мәлімдеді.
Нағыз ақын сөздері бара-бара әнге айналып кетеді деген пікір рас, тегі. Есағаңның көптеген өлеңіне ән жазылған және шырқалып жүргені белгілі. Мәселен, «Жолданбаған хат» атты жырын әншілер екі түрлі нұсқада орындайды. Бірі салмақты, бірі жеңілдеу ырғақта. Еске алу кешінде ақын сөзіне жазылған «Жалғыз жиде», «Ақ көйлегің етегі бүрмелі еді» әндерін Айгүл Құмаш, Табылды Досымов әнін жазған «Жолданбаған хат» туындысын Абыл Аяш және тағы да басқа шығармалары орындалды. Жазушылар одағы ұйымдастырған еске алу кеші соңында ақынның аяулы жары Науат апамыз сөз сөйлеп, Есенғалидың туған күні – 5 қазанды ел көлеміндегі ақындар тойына ұластырса деген пікірін жұптады.