Үкімет • Бүгін, 14:23

Қазақстан 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есе арттырады

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үкіметтің басты мақсаты – 2029 жылға қарай елдегі ЖІӨ-ні екі есе арттырып, $450 млрд-қа дейін жеткізу. Ұлттық экономика министрлігі жанындағы cараптамалық кеңестің отырысында Қазақстанның экономикалық өсуінің жаңа проактивті саясаты қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есе арттырады

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов атап өткендей, бұл тұста әңгіме мемлекеттің бизнесті тек сүйемелдейтін модельден салалар мен жобаларды ұйымдастыруға белсенді қатысу моделіне көшуі туралы болып отыр.

«Біз Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді өсудің рекордтық қарқынына қол жеткізген елдердің тәжірибесін зерттедік. Мұнда мемлекет өсу нүктелері мен стратегиялық бағыттарды 5-10 жыл ілгері анықтауға қатысқан екен», деді Арман Қасенов.

Бұл жоспарды орындау үшін негізгі капиталға құйылатын инвестицияны 2024 жылғы $41 млрд-тан 2029 жылы $103 млрд-қа дейін арттыру көзделіп отыр. Нәтижесінде инвестицияның ЖІӨ-дегі үлесі 14%-дан 23%-ға өсіп, 2025–2029 жылдар аралығында жалпы көлемі шамамен $400 млрд-қа жетуі тиіс.

Жаңа саясат аясында мемлекеттік құрылымдар ірі экспорттық жобаларды тартумен ғана шектелмей, олардың құрылымдалуына, қаржыландырылуына және басқарылуына да араласатын болады. Бұл бағыттағы басты міндет – шетелдік және отандық жетекші компанияларды тарта отырып, жоғары өнімді жобаларды іске асыру. Осыған қоса, «Бәйтерек» холдингіне қарасты даму институттары арқылы қаржылық қолдау көрсетіледі.

«Біз бизнестің орынын баспаймыз, керісінше онымен бірге жұмыс істейміз. Қосылған құнды кәсіпкерлер жасайды, прогрестің қозғаушы күші де солар болмақ. Ал біз отандық және шетелдік компанияларға олардың тәжірибесін, технологиясы мен капиталын тарту үшін жүгінеміз. Инвестициялық дамудың негізгі бағыты саналатын – астықты терең және орташа өңдеу, металлургия, мұнай-химия сынды тағы да басқа салалардағы жетекші компаниялардан шетелдік чемпиондардың тізімін жасақтаймыз. Олармен қазақстандық жобаларға қатысуы үшін келіссөздерге бастама жасаймыз. Олардың салған инвестициясы, жасаған сараптамасы, сала мен технологияны бүге-шігесіне дейін білетін біліктілігі бізге осы жобаларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», деді Арман Қасенов.

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа модельде Investment Board, яғни елдік ауқымдағы басым жобаларды айқындайтын және сүйемелдейтін инвестициялық қызмет негізгі мәнге ие болатынын атап өтті.

«Проактивті экономикалық өсудің жаңа саясаты дегенде біз терең сараптаманы қажет ететін ірі жобалар туралы айтып отырмыз. Даму бағыттарын бір құрылымға келтіріп, ірі жобаларды басқаруда жоғары құзыретке ие мамандардан тұратын инвестициялық қызметті, яғни Investment board құруды жоспарлап отырмыз. Олар анағұрлым тиімді даму  жолын сілтеп, экономикамыздың бағыттары мен тиісті жобаларды айқындайтын болады», деп түсіндірді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, инвестиция тартудың бұрынғы жүйесі сақталады. Бірақ проактивті саясаттың драйвері Investment Board болады.

Жиынға қатысқан сарапшылар экономикалық өсу саясатына қатысты көптеген ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, жаңа құжат бұрынғыдан қалай ерекшеленетіні, Қазақстанда жаңа өндірістерді локализациялау деңгейі қаншалықты ұлғаятыны, қаражатты бөлу арналары қандай болатыны, белсенді экономикалық өсу мен тұтынушылық несиелендірудің инфляцияға әсері және тағы басқа мәселелерді талқылады.

ҰЭМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Эльдар Шамсутдинов жиында экономикалық өсуді қамтамасыз ету және мемлекеттік индустриялық бағдарламаны жүзеге асыру туралы қызықты пікірталас өрбігенін атап өтті. Негізгі мәселенің бірі несиелендірумен кім айналысатыны туралы болды, яғни мұны мемлекет өзінің даму институттары немесе коммерциялық банктер арқылы жасайды. Оларға осы мақсатта қаражат бөлінеді.

«Мұндағы логика мынада сияқты: банктер арқылы несие беру инфляцияның сөзсіз өсуіне әкеледі. Өйткені банк жүйесі – инфляциялық процестерді жүзеге асырудың негізгі механизмі. Сөйте тұра, бүгінде ЖІӨ-нің өсуіне осы тұтынушылық несиелендіру елеулі үлес қосып отыр. Одан бөлек, инвестициялық қызметті қалыптастыру жоспарлануда, оған приоритетті жобаларды айқындайтын қатысушылар кіреді. Мәселе қаржыландырудың нақты тетігін таңдауда болып тұр. Мұндай детальдар процесс барысында пысықталмақ», деді ол.

Teniz Capital Investment Banking директорлар кеңесінің мүшесі Ғалым Құсайынов жаңа саясат Қазақстан экономикасының алдында тұрған заманауи сын-қатерлерге жауап беретінін және басты назар елдің ішкі инвестициялық әлеуетіне аударылатынын атап өтті.