Энергетика • 02 Қазан, 2025

Радиоактивті материалдарды тасымалдау тәртібі өзгереді

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Мәжіліске «ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасын қарастыруға ұсынды. Келісімге Үкімет 2020 жылғы 6 қарашада өткен ТМД Үкімет Басшылары Кеңесінің отырысы аясында қол қойды, деп жазады Egemen.kz.

Радиоактивті материалдарды тасымалдау тәртібі өзгереді

 

Қазір Республика аумағы бойынша радиоактивті материалдарды тасымалдау тәртібіне байланысты мәселелер қолданыстағы заңнамамен реттелген. Радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау уәкілетті мемлекеттік органдар (Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау және бақылау комитеті, ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті) беретін рұқсаттар (лицензиялар) негізінде жүзеге асырылады.

Келісімді ратификациялау қажеттілігі радиоактивті материалдарды бірнеше мемлекеттің аумақтарын қамтитын халықаралық тасымалдау кезінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының іс-қимылдарының келісімділігін, рұқсат құжаттарын өзара тануды және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдерін талап етуімен негізделеді. Ол трансшекаралық тасымалдарды бақылау тиімділігін арттыруға, радиоактивті материалдарды мемлекеттік шекаралар арқылы өткізу кезінде негізсіз кідірістерді болдырмауға, орын ауыстыру мониторингі жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ радиоактивті материалдардың заңсыз орын ауыстыруының жолын кесуге ықпал ететін болады.

Бұл құжат 2025 жылғы 26 қыркүйекте Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында белгілеген саясат контекстінде ерекше мәнге ие болды. Мемлекет басшысы атом энергетикасы мен ядролық технологияларды дамыту энергетикалық қауіпсіздікті, ғылыми-техникалық прогресті және елдің атомды бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық міндеттемелерін қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстан жоғары халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін заманауи нормативтік-құқықтық базаны дәйекті түрде қалыптастырады, бұл осы Келісімді ратификациялаудың қосымша өзектілігін береді.

Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе өзге де салдарға алып келмейді, мемлекеттік бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді. Сондай-ақ заңға қосымша тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қажеттігін негіздемейді.