Үкімет • Бүгін, 09:10

Құрылыс кодексінің жобасын бірінші оқылымда қарайды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Құрылыс кодексінің жобасын бірінші оқылымда қарайды

Сурет: gov.kz

Жалпы отырыста депутаттарға «Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Құжат 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру мақсатымен әзірленген.

Кодекс жобасы құрылыс сала­сын­­дағы жүйелі мәселелерді шешуге, адамның өмір сүруіне қолайлы әрі қауіпсіз ортаны қалыптастыруға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі топтар үшін нысандардың қол­жетім­ділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Онда сәулет, қала құ­ры­лысы және құрылыс қызметі бо­йынша қабылданатын шешімдерді талқылауға қоғамның қатысуы, бұзу­шылықтарға уақтылы әрекет ету, сондай-ақ жобалау мен құры­лыс сала­сындағы мамандар мен ұйым­дарды сертификаттау қарас­ты­­рылған.

Мәжіліске сондай-ақ Пар­ла­ме­нт депутаттары бастама­шылық еткен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бо­йынша заң жобасын  қарау ұсы­ны­лады.

Заң жобасы жер қойнауын пайдалану саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға және уран өнеркәсібінде мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталған. Жер қойнауын геологиялық зерттеу лицензиясынан жер қойнауының аз зерттелген аумақ­та­рында орна­ласқан учаскелер бойынша барлау және өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа көшу құқығын жер қойнауын пайдаланушыға басымдықпен беру бөлігінде өзгерістер енгізі­леді.

Сонымен қатар көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі келісімшарттарды алғашқы үш жыл ішінде иеліктен шығаруға тыйым салу, ұлттық компаниялар үшін аумақтарды резервтеудің үш жыл­дық шектеуін енгізу, аз зерт­телген аумақтарда аукцион өткізу мерзімдерін қыс­қар­ту, гео­ло­­гиялық барлау жұмыс­та­ры­ның ең төменгі көлемін белгілеу қарастырылған. Сондай-ақ уран саласындағы ұлттық компания үшін уран кен орындары мен уран кен залеждерін барлау аумақтарын резервтеу механизмі енгізіледі.