
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мұғалімдер әулетінің әрідегі тарихы өткен ғасырдың елуінші жылдарынан басталады. Қарқаралы ауданы Ф.Энгельс атындағы орта мектепке мұғалім болып қабылданған Ғабдолла Смағұлов ұстаздар әулеті тарихының алтын парағын ашқан еді. Қарқаралы педагогикалық училищесі мен Қарағанды педагогикалық институтынан білім алған Ғабдолла мектептің оқу ісінің меңгерушісі, кейін Қоянды орта мектебінің директоры болды. Біліктілігімен көзге түскен оған аудан басшылығы Қарқаралы ауданы Арқалық кеңшарының партия ұйымының хатшысы қызметін сеніп тапсырады. Жеті жылға жуық уақыт ұйым жұмысын ұтымды басқарады. Өзі еңбек жолын бастаған мектепке басшы болып, оқу ордасының білім сапасын көтеруге бар күшін салады. Құрметті еңбек демалысына абыройлы шығады. Парасатты педагог «Еңбек ардагері» мен «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапаттың иесі.
Аяулы жары Бибісара Баймағанбетованың да есімі мұғалімдер арасында құрметпен аталады. Бірнеше облыстық педагогикалық оқулардың жүлдегері атанған Бибісара білікті бастауыш мұғалімі бола білді. Бастауыш сынып балаларына арналған сауат ашу сабақтары бойынша әзірлеген іс-тәжірибесі облыс мектептеріне таратылғанын көзкөрген қауым әлі айтады екен.
Ұстаздар шаңырағындағы ұл-қыздың барлығы дерлік әке-ананың жолын лайықты жалғады, қазір бір-бір білікті педагог. Мысалы, үлкен қыздары Ғазиза Смағұлова бүгінде құрметті педагог. Еңбек жолын Қарқаралыдағы Арқалық мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған ол оқу ісінің меңгерушісі, оқу бөлімінің әдіскері болып жұмыс істеген. Бүгінде Өрлеу біліктілікті арттыру ұлттық орталығының кәсіби даму институтында аға оқытушы болып қызмет атқарып келеді.
Мектепте істеген жылдары «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні арқылы оқушылардың білім алуға қызығушылығымен таным белсенділігін арттыру» атты бағдарламасы тәжірибе ретінде облыс мектептеріне, «Мектеп реформасының талабына сай оқыту сапасын арттыруға арналған әдістемелік нұсқаулығы» еліміздің әдістемелік кабинеттері арқылы республика көлеміне таратылған. Ширек ғасырдан аса уақыт ұстаздық жолында келе жатқан Ғазиза Ғабдоллақызының еңбегі лайықты еленіп келеді. «Білім беру ісінің үздігі», «Білім беру ісінің кұрметті қызметкері», «Қарағанды облысының білім саласына еңбегі сіңген қызметкері», «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогі» төсбелгілері мен және министрліктің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Екінші қыздары Ғалия анасының ақылын тыңдап, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын таңдайды. Қырық жылға жуық уақыт Нұра ауданы К.Мыңбаев атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі болып сабақ берген Ғалия ұстаз қазір құрметті еңбек демалысында.
Ал Ғалел Ғабдоллаұлы – физика пәнінің мұғалімі. Білікті ұстазды аудан басшылығы көп ұзамай Қарқаралыдағы Қарабұлақ ауылының №33 мектебіне директор болып тағайындалады. Әкесі секілді он жылға жуық уақыт ауыл мектебін басқарып, балалардың сапалы білім алуына бар жағдайын жасайды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжихан Ғабдоллақызы қырық жылдан аса Теректі, Бүркітті ауылының мектептерінде сабақ береді. Қазір зейнетке шыққан ұлағатты ұстаз өзінің немерелерін білім нәрімен сусындатып отыр.
Әулеттің кенже баласы Қымбат Ғабдоллаұлы да филолог маман. Қазір Қарағанды қаласындағы белді оқу орны «Мұрагер» мектеп-лицей интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып отыр. Оқушылары бірнеше рет республикалық пән олимпиадасының жүлдегерлері. Білім беру ісінің Құрметті қызметкері. Мұнымен қоса, Қарағанды облысы әкімі сыйлығының иегері.
Әулеттің немерелері де әке-аналарының, ата-әжелерінің ізгілікті ізін жалғап келеді. Талғат Ғалиоллаұлы Қарағандыдағы «Дарын» мектеп-интернатын үздік бітірген. Бүгінгі күні Мамандандырылған музыка мектеп-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педегог-модератор. Оқушылары бірнеше мәрте облыстық пән олимпиадасының жүлдегерлері. Ал Ақнар Рахметоллақызы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Зерттеу университетінің зоология кафедрасында оқытушы болып жұмыс істейді. Әлия Ғалелқызы «Bi group Aldi bi» балабақшасында әдістемеші болып, балдырғандарға әріп үйретіп, тәлім беріп жүр.
Әулеттің күйеу баласы Алтынбек Бауешұлының да еңбек өтілі қырық жылдан асады. Еңбек жолын К.Мыңбаев атындағы мектепте дене тербиесі мұғалімі болып жұмыс істеп, кейін мектеп директоры қызметін атқарады. Құрметті еңбек демалысына шыққалы бері екі жыл өтіпті.
Әулеттің келіндері де педагогика саласында. Гүлбану Ғаббасқызы математика пәнінің мұғалімі. «Математиканы оқыту әдістемесі пәніне арналған бақылау жұмыстары және курстық жұмыстар» әдістемелік жинағын жарыққа шығарып, пәнді тереңдете оқытып, бірнеше шәкірттері олимпиада байқауларынан озық шықты.
Келіндері Орынтай Егінбайқызы мен Зәуре Төкенқызы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ал Қарлығаш Алпысбаева бастауыш пәнінен сабақ береді. Тағы бір филолог келіндері, Тіл жанашыры Жанна Қайратқызы қазір «НұрСана», «Balalem» оқыту орталықтарының директоры қызметін атқарып отырған көрінеді. Венера Сәбитқызы – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті заң факультетінің аға оқытушысы, PhD. Эльмира Мағауқызы – Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті Халықаралық бағдарламалар және жобалар орталығы кафедрасының оқытушысы. Айгүл Дәрібаева Астана қаласы Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді.
Міне, Смағұловтар әулетінің ұстаздық жолы мен өнегесі осылай өріліп отыр. Білім бағының бағбандары үшін Ұстаздар күні әулеттің меншікті мерекесіндей болып кеткен. Мейрам салтанатына орай мына бір үрдіс сақталған: бірін-бірінің шаңырағына барып, құттықтап, сыйлық табыстап, қуантады. Отбасылық басқосу соңы үнемі педагогикалық кеңеске ұласып кететін көрінеді.
Қысқасы, бүтін бір әулеттің еселі еңбегі білім саласына, ұрпақ тәрбиесіне осылай сіңіп жатыр.
Қарағанды облысы