
Кәсіби бағдар беру мақсатында мектеп-интернатта оқушылардың әлеуметтік қолдауы мен мамандық таңдауына, білім алуына және болашақта өз саласы бойынша табысты жұмыс істеп, өмірде өз орнын табуына жәрдемдесу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып отыр. Бүгінгі күні мектепте 180 бала тәрбиеленеді.
Педагог мамандар үшін мектеп оқушыларының жетістіктері, үлгерім нәтижесі басты назарда тұр. Осы орайда мектеп-интернаттың түлектері Данияр Серікбайдың С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетіне, Роман Степанец ҚазИТУ-ға оқуға түсуін мақтанышпен жеткізген директор Бақытгүл Ермекова балалардың дамуына, тұлғалық қалыптасуына қолайлы жағдайлар жасалғанын жеткізді.
– Мектеп-интернатқа қабылдау психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің шешімімен жүргізіледі. Бірінші сыныпқа қабылданғаннан кейін балалар негізгі орта білім алып шығады. Мектебімізде мемлекеттік білім беру стандартынан тыс психологиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес арнайы оқу бағдарламасын қолдану тәжірибесі жемісін беріп отыр. Ол педагогикалық ұжымның сабақты қызықты өткізуге, балаларға шабыт сыйлауға барынша тырысуының нәтижесі дер едім. Өйткені педагог-психолог, логопед, яғни тіл, дене қимылы бұзылыстарын танитын мамандар бала мектепке келген алғашқы күннен бастап тұлғалық психологиялық-физикалық ерекшеліктерін зерттеу бойынша жұмыстар жүргізе бастайды. Ең бастысы – баланың денсаулығын сақтау, бойындағы бұзылыстың күрделілігіне қарамастан оқуға, тәрбиеге баулу. Қазіргі кезде заманауи мүмкіндіктерді қолдана отырып, білім құралдары, еңбек дайындығы арқылы дамуындағы кедергілерді түзеу, қоғаммен ықпалдасуы үшін әлеуметтік-психологиялық оңалту, ақыл-ес және физикалық дамуы, көңіл-күй еркіндігіндегі жетіспеушіліктерді түзету, жеке оқу үрдісі арқылы білім беруге ынталандыру, адаптивті мүмкіндіктерін арттыратын құндылықтарын қалыптастыру бойынша жұмыс істеліп жатыр, – деді директор.
Мектеп логопед, психолог мамандардың жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында мультимедиялық құрылғыларды қолданады. Ал коррекциялық жұмыстар барысында оқушыларға психологиялық қолдау көрсетіледі. Логопедтік жұмыстар оқушының жазу, оқу барысында туындайтын қиындықтардан арылуына ықпал етеді десек, мектепте балалардың білім алумен қатар шығармашылық дағдыларға да машықтануына қолайлы мүмкіндік жасалған. Білім беру барысында қолданылып жатқан жаңа технологиялар балалардың жан-жақты дамуына бағытталып, оқу кабинеттеріндегі интерактивті тақталар қызықты ақпараттарды кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Мектеп директорының айтуынша, негізгі салмақ педагог мамандарға түсіп отыр. Дегенмен педагогикалық құрам өз біліктілік үдесінен шыға отырып, оқу материалдарын балаларға барынша түсінікті, тартымды етуге тырысады.
Зерттеуші-педагогтер Ғазиза Саргелова, Лилия Арсанкулова, Нұрзипа Бекбасова бала оқытумен қатар оқу-әдістемелік материалдарды, типтік оқу бағдарламаларын әзірлеу мен айналысып келеді. Мектеп директоры Бақытгүл Ермекова атап өткендей, ұстаздар еңбегінің нәтижесінде білім беру үрдісі барынша жетілдірілген. Мектеп мұғалімдерінің шетелдерден жинаған тәжірибесі мектеп өмірінде ғана емес, балалардың қоғаммен ықпалдасуында, психикалық-физиологиялық бағдарламаларды пайдалануда тиімді қолданылып келеді. Осы мақсатта директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гулия Дарыбаева мен педагог-психолог Валентина Тюрина Хорватия және Нидерланд еліне, ал мектеп директоры Жапония, Сингапур, Малайзияға сапарын атап өтуге болады.
Мектеп-интернатта шебер педагог, емдеу физикалық бағыт бойынша типтік оқу бағдарламасының әзірлеушісі Наталья Кефердің педагогикалық, зерттеушілік қызметі нәтижелі іске асып отыр. Білікті маман Спорт және туризм академиясында сабақ бере жүріп, көптеген жылғы тәжірибесімен бөлісуді педагогтік қызметінің ажырамас бөлшегіне айналдырған. Қазіргі кезде дене шынықтыру саласының мамандарын даярлаумен де айналысып жүрген маман балалармен жұмыста өте жоғары шеберлік қажет екенін айтады. Ал республика көлемінде жүзеге асып жатқан «Біртұтас тәрбие – адал азамат» бағдарламасы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Құттықадамованың жетекшілігімен іске асып келеді. Бұл бағытта мектепішілік шаралар балалардың бірлесіп жұмыс істеуіне бағытталған.
Мектеп мамандарының биылғы оқу жылындағы кәсіби жетістіктеріне келетін болсақ, педагог-зерттеуші Алма Мылтықбаева Алматы қаласы әкімінің «Еңбек адамы – 2025» Алғысхатының иегері атанса, педагог-зерттеуші, логопеді Үміт Есембаева «Арнайы педагогика» XVII республикалық олимпиадасы қазылар алқасының құрамына кірді. Ал соңғы екі жылда мектептің 23 педагогі «Perkins» халықаралық мектебінде білімін жетілдірген. Ондағы мақсат – көптеген бұзылыстары бар балаларға білім беруде алдыңғы қатарлы педагогикалық технологияларды енгізу. Қазіргі кезде «Perkins» тәжірибесі негізінде мектепте ресурсты кабинет жұмыс істейді.
АЛМАТЫ