Қоғам • Бүгін, 08:00

Бес мың жылдық тарихты байыптаған

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлтымыздың шежірелі тарихын жаңа қыры­нан танытуда бес мың жылдық жылнаманы хатқа түсірген антрополог ғалым Оразақ Смағұлдың еңбегі ересен.

Бес мың жылдық тарихты байыптаған

Ұлттық музейде көрнекті антрополог-ғалым, академик Оразақ Смағұлдың 95 жас мерейтойына арналған «Ғасыр. Тұлға. Ғылым» атты дөңгелек үстел отырысы өтіп, көрме ұйымдастырылды.

Іс-шара тізгінін қолға алған Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы мерейтой иесінің Қазақстандағы антропология ғылымының негізін қалаушы екенін айта келе, қазақ халқының этногенезі мен тарихи тамырын айқындауға сүбелі үлес қосқанын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

«Сіз саналы ғұмырыңызды төл шежіремізді түгендеуге арнадыңыз. Халқымыздың шығу тегін зерделеп, тарихи жадын жаңғыртуға зор үлес қостыңыз. Теңдессіз еңбектер жазып, жұртымыздың жылнамасы тереңнен тамыр тартқанын ғылыми тұрғыдан дәлелдедіңіз. Жарты ғасырдан астам уақыт зерттеу жүргізіп, жарыққа шығарған «Қазақ халқы және ата тегі» атты кітабыңыз ұлттық ғылымның аса құнды қазынасы саналады. Бүгінде қажырлы еңбегіңіз лайықты бағаланып, еліміздің құрметіне бөленіп жүрсіз. Ғибратты ғұмырыңыз бен өз ісіңізге деген адалдығыңыз өскелең ұрпаққа әрдайым өнеге болары сөзсіз», деген Ерлан Тынымбайұлы құттықтау хатында.

Жиында мерейтой иесінің адами болмысы, ғылыми мұрасы, антропология мен этнология саласына қосқан үлесі хақында баяндамалар оқылды. Атап айтқанда, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалау кеңсесінің басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Сабыр Қасымов ғалымның өз халқы мен ғылымға адал қызмет етудің үлгісіне айналғанын айтса, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик Зиябек Қабылдинов Оразақ Смағұлдың өмірі мен ғылыми қызметінің кейбір қырларына тоқталды. Басқа да баяндамашылар білгір ғалымның әртүрлі еңбегі турасында жан-жақты әңгіме қозғады.

Жиында сөз алған академик Дархан Қыдырәлі біре­гей еңбекті елдік деңгейде лайықты бағалау туралы ойын жеткізді.

«Қазақ халқы және ата тегі» атты кітап бес мың жылдық тарихымызды түгендеп, елу ғасырдан бері үзілмей келе жатқан шежіремізді ғылыми тұрғы­да тұжырымдап берген болатын. Қазір де Оразақ ағамыз­дың қолынан қаламы түскен жоқ. Бүгінде Әйтеке би туралы екі тілде кітап жазып жатыр. Былтыр ғана «Өмірімнің мәні мен сәні» деген кітабыңыз жарық көрді, осында отырған ғалымдарымызға ағамыздың еңбекке толы өмірі ғибрат болуға тиіс деп ойлаймын. Жүзге дейін ағамыз әлі талай кітап шығарады деп сенеміз. Әлемде осылай бес мың жылдық тарихын түгендеген ұлт жоқ екен. Сондықтан Оразақ ағамызбен мақтануымыз керек. Меніңше, осы тарихымызды тереңнен танытқан кітап Мемлекеттік сыйлықты алуы керек деп ойлаймын», деді ол.

Келелі кеңесті түйіндеген дегдар антрополог қазақтың ататегін зерт­теудегі ізденістері туралы баяндап, сол жолда қол­дау көрсеткен біртуар Қаныш Сәтбаевтың есімін сағы­ныш­пен еске алды. Соңынан іс-шараны ұйымдас­тырған Ұлттық музей ұжымына алғыс айтып, табыс тіледі.