Қоғам • Бүгін, 09:39

Су құбырлары жергілікті әкімдіктердің қарамағына берілді  

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Су ресурстары және ирригация министрлігі топтық су құбырларын жергілікті атқарушы органдарға беру жұмысын жүргізіп жатыр. Бүгінде берілген 10 нысанның төртеуі Маңғыстау облысында, тағы төртеуі Батыс Қазақстан облысында және екеуі Ақмола мен Абай облыстарында, деп хабарлайды Egemen.kz.

Су құбырлары жергілікті әкімдіктердің қарамағына берілді   

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Сала министрлігінің мәліметінше қазіргі уақытта 11 топтық су құбырын жергілікті атқарушы билікке беру жұмысы жалғасып жатыр. Оның 9-ының құжаттары Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменттерінде. Жалпы саны 41 топтық су құбырын әкімдіктерге беру жоспарланып отыр.

Жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық инфрақұрылымды тікелей басқаруға қажетті өкілеттіктері мен құралдары бар. Олар тарифтерді бекітеді, бюджет қаражатын бөледі, сондай-ақ пайдалану мен қайта жаңғыртуға кететін шығындарды жергілікті және республикалық бағдарламаларға енгізе алады.

Топтық су құбырларын әкімдіктерге беру – желілерді жүйелі түрде күтіп ұстау мен жөндеу арқылы апаттық жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл шара шығындарды нақты әрі ашық есепке алуға, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға жол ашады, судың ысырабын азайтады және жүйелердің энергия тиімділігін арттырады. Одан бөлек, цифрландыру мен автоматтандыру үдерісін де жеделдетеді. Нәтижесінде, тұрғындар таза ауызсуға тұрақты әрі үздіксіз қол жеткізеді. Бұл – су саласындағы мемлекеттік саясаттың басты міндеттерінің бірі.

«Сонымен қатар министрлік 1,3 млн адамды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 2,5 мың шақырымнан асатын су құбырын салу және реконструкциялау жұмысын жүргізіп жатыр. Бүгінде 9 облыста 31 жоба іске асырылып жатыр. 2024 жылы Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ұлытау облыстарында 8 топтық су құбырын салу және реконструкциялау жобасы аяқталды. Бұл жұмыстар 208 мыңнан астам тұрғыны бар 49 елді мекеннің ауызсумен қамту жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді», деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.