Көрме • Бүгін, 07:48

Суретшінің мерейтойлық көрмесі ашылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев танымал суретші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерболат Төлепбайдың көрмесінің ашылу салтанатына қатысып, арнайы сөз сөйледі. Ұлттық музейде таныстырылған көрме қылқалам шеберінің мерейтойына және шығармашылығының 50 жылдығына арналып отыр.

Суретшінің мерейтойлық көрмесі ашылды

Бүгінде Ерболат Төлепбайдың есімі еліміз­бен бірге шет мемлекеттерде де кеңінен танымал. Ол бейнелеу өнерінде қалыптасқан дәс­түрді лайықты жалғастырып, Әбілхан Қас­теев, Гүлфайрус Исмаилова, Жаңатай Шәр­денов сияқты әйгілі суретшілерден үзіл­меген сабақтастықты сақтауға үлкен үлес қо­сып келеді. Ерболат Төлепбай ұлттық бояу­ды Еуро­­па және Азия мәнерімен шебер ұш­тастыру арқылы елімізде қазақы сюрреа­лизм­нің негізін қалаушылардың бірі екенін де атап өткен жөн.

Мәулен Әшімбаев мерейтой иесі отандық бейнелеу және кескіндеме өнерінің дамуына зор еңбек сіңіргеніне назар аударып, оның шығармашылығы жан-жақты екенін тілге тиек етті. Суретшінің дәстүрге негізделген және рухани мазмұнға ие картиналары көркемдік инновация мен мәдени жаңғыруды, ежелгі мифтер мен заманауи шынайылықты үйлестіріп, бірегейліктің маңызын арттыра түскені сөзсіз.

Палата спикері ұлттық бірегейлікті дәріптеу, жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыру, сондай-ақ ұлттық код пен сабақтастықты сақтау жолында заманауи мәдениеттің және өнердің мәні зор екенін айтты. Сондықтан аталған сала Мемлекет басшысының ерекше назарында.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мәдениетімізді дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгінде бұл бағытта түрлі бағдарлама мен маңызды жоба іске асырылып жатыр. Соның ішінде ұлттық мәдени мұрамызды дәріптеуге арналған ауқымды іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып жатыр. Осы көрме де сондай игі істің лайықты жалғасы екені анық. Ерболат Төлепбай қазақ бейнелеу өнерінің ілгерілеуіне елеулі үлес қосты. Оның әр туындысында үлкен ой, терең философия жатыр. Әсіресе көшпелілер дәстүрі мен дала даналығы арқылы суретші ұлттық код, тарихи сана, сабақтастық сияқты құндылықтардың маңызын айрықша дәріптейді», деген М.Әшімбаев қылқалам шеберіне ізгі лебізін арнап, шығармашылық табыс тіледі.

Іс-шараға еліміздің мәдениет қайрат­керлері, зиялы қауым өкілдері және Сурет­ші­лер одағының мүшелері қатысып, Ерболат Төлепбайды мерейлі белесімен құттықтады.