Тағзым • Бүгін, 08:12

Жазылмай кеткен бір кітап

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Айгүл Аханбайқызы қазіргі қазақ журналистикасындағы қалам қуаты мол, ақыл-парасат, кәсіби біліктілігі айқын қаламгер еді. Оның кісілік биік қасиеттерін жақын таныған адам­дар жақсы біледі. Мынау жарық дүниеде рух туыстығы аса маңызды.

Жазылмай кеткен бір кітап

Айгүлмен жақын араласуым 2011 жылы күзде басталды. Ол Астанада «Халық сөзі» газетінде қызмет істеп жүргенде менен сұхбат алды. Қазақ «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дейді. Бірақ әуелде сыпайылықпен сөздері жарасса да, бір-бірімен ішкі қайшылық шеңберінен шыға алмай, жан сарайының мазмұны қабысып, өзара үндесіп кетпей­тін салқындық болады. Өйткені жер бетінде тек дүниетанымы ұқсас, рухани ниеттес адамдар бірін-бірі шын бағалайды әрі сол қадір тұтар ардақты жандарды ажалға қимайды. Сол қимастық сағыныш бекерден-бекер тумайды, дүниеде шын сыйластыққа жетер асыл қазына жоқ.

23 шілде күні Алматыға по­йыз­­бен өз шаруаммен келе жаттым, билет ертерек алынған. Қа­л­аға кіре бере телефонмен қаралы хабар жетті. Айгүл Аханбайқызы өмірден озғанын есту маған ауыр тиді. Оның өмірге деген құштарлығы ерекше болатын, ең ақырына дейін тіршіліктен үміт үзбей, ауыр науқаспен алысып, жылдар бойы емделді. Жаназаға барған­да іштей қимас адамдардың бір-біріне тартылыс күші, қазақы бауырмалдық туралы ойладым. Дәл осы күнге тап келгенім кездейсоқтық болмай шықты. Тірісінде аузынан шыққан әрбір ойлы, тереңінен толғанып, талдап-зерделеп, ситуацияны дәл танып айтатын пікіріне сүйсініп, көңіл түпкірінде ештеңе жасырмай сөйлесетін жан мен үшін Айгүл болатын.

Айгүлдің жазбалары бір-бі­рі­не ұқсамайды. Ол Астанада бірер жыл тұрған соң отбасы­мен Алма­тыға қайта оралды. Теле­фон ар­қылы сөйлесіп, ара-тұра кез­де­судің сәті түсті. Қазіргі қоғам­да коуч дегендер алға суыры­лып шықты. Олар білім сатады, елге ақыл-кеңесін айтып, психологиялық көмек, жол көрсетуге бейімделген платформаны ұстайды.

Айгүл Аханбайқызының жаза алмай кеткен кітабы, көкірек кө­зінде сайрап, тұма-бұлақ кө­зін­дей тұнып тұрған, керек ке­зін­де лық­сып шыға келетін психо­ло­гиялық зерделеу-талқылау қабі­ле­тімен артық, қазіргі қазақ қоға­мы­на өте керек кітап бола­тын. Айгүл Еуропа немесе орыс пси­холог мамандардың даяр көз­қарасы­мен айтпайды, не нәр­се болсын ұлттық менталитет­ке негіздеп, елдік көзбен айқындайтын еді. Телефонмен әр сөйлескен сайын мен оған үнемі: «Айгүл, сен жаңа ғана ұлтқа өте қажет кітаптың бір тарауын ауыз­ша айтып бер­дің. Енді отыра қалып, ұмытпай тұрғанда осыны жазшы, тез ноут­букке түсірші»,  дейтінмін. Ең қы­зығы, осы сөзді оған айтпа­ған кезім сирек. Егер шын лайық болмаса, мұндай сөзді айтып нем бар. Айгүл бұған ақырын күлетін де қоятын. Тамыздың басында Айгүл Астанаға таңғы рейспен ем алу үшін ұшып келді. Мен одан қазақ жазушыларының қыр­ғыз тілінде шыққан антология­сын ала келші деп сұраған едім. Соңғы жүздесу екен, бой жазып, қоштасу үшін келгендей.

Айгүл Аханбайқызының шы­­­ғар­машылық еңбегі еленіп, «Нұр-Сұңқар» сыйлығы және «Құр­мет» орденімен марапатталды. Бе­реке­лі отбасында сүйікті жар, бала­­жан, аяулы ана атанғаны Айгүл­дің ­ең үлкен бақыты болатын. Маң­да­йына 53 жас жазылған қазақ­тың текті қызы, мейірбан, білімді, ой­лы, ақылды, елге сыйлы, жарқын жан екені күмәнсіз. «Whats App»-тан туыстай болып кеткен шынайы достың дауыс арқылы жібер­ген сөздерін қайта-қайта тыңдаған­да ол маған тірі сияқты әсер етті. Адам рухы өлмейді.

 

Айгүл Кемелбаева,

жазушы