
Инвестициялық бағдарламаны іске асыру шеңберінде жүргізілген, құны 4 миллиард теңгеден асатын қосалқы станса құрылысында құрылыс-монтаж жұмысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа стансада озық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін заманға сай жабдықтар орнатылған.
– Жоба бойынша мұнда 2х10 МВА қуат трансформаторлары қарастырылған. Сондай-ақ жаңа нысанда «МӨЭК» АҚ өңірлік орталығының диспетчерлік қалқанына деректерді бере отырып, қосалқы стансаның мониторингі мен басқару жүйесі енгізілді. Бұл нақты уақыт режімінде жедел ақпаратты, телеөлшемдердің ағымдағы мәндерін, коммутациялық аппараттардың жай-күйін көрсетуге, сондай-ақ желінің жағдайын бағалауды орындауға мүмкіндік берсе, ал ол өз кезегінде электр қуатын бөлу мен тұтынудың нақты есебін жүргізуге мүмкіндік береді, – дейді «Маңғыстау өңірлік энергокомбинаты» АҚ даму және қамтамасыз ету жөніндегі басқарма төрағасының пайдалану жөніндегі орынбасары Мұрат Иманов.
Сайын Шапағатов ауылының тұтынушыларын электрмен жабдықтауды «Ақшұқыр» ПС-110/10 кВ, «Әуежай» ПС-110/10 кВ екі қосалқы стансасы жүзеге асырады. Ауылда шағын және орта бизнес нысандары, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың ашылуына байланысты электр желілеріне түсетін жүктеменің артуы байқалды. Бұл жағдайлар «МӨЭК» АҚ-на жаңа қосалқы станса салу қажеттігін аңғартқан болатын. Нәтижесінде, кеше ғана халық игілігіне берілген қосалқы жаңа станса ашылды. Станса тұрғындар саны әлі де арта түсетін ауылға барынша қажетті нысандардың бірі.
Маңғыстау облысы