Президент • Бүгін, 19:12

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок баспасөз брифингін өткізді

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Мажарстан президенттері БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок баспасөз брифингін өткізді

Мемлекет басшысы Мажарстан Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапарын екі ел қарым-қатынасының жаңа белесі деп қабылдайтынын айтты.

Сонымен қатар Астанада өткен Digital Bridge 2025 халықаралық форумына арнайы келіп қатысқаны және жасанды интеллект жөнінде ой-пікірін бөліскені үшін Тамаш Шуйокқа шынайы ризашылығын білдірді.

– Біз – тамыры бір ағайын жұртпыз. Мажарстан – Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш мойындаған елдің бірі. Сондай-ақ бізбен стратегиялық әріптестік орнатқан Еуропа Одағындағы тұңғыш мемлекет. Қазақстан егемен ел ретіндегі алғашқы елшілігін Будапешт қаласында ашқан болатын. Бүгінде елдеріміз арасындағы саяси диалог жоғары деңгейде жүріп жатыр. Мемлекеттеріміз барлық салада ашық әрі өзара сенімге негізделген байланыс орнатты. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Екі елдің қарым-қатынасына арқау болған шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық кеңейді. Былтыр қарашада Будапештке жасаған мемлекеттік сапарымның қорытындылары – осының айқын дәлелі. Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін. Осы оң үрдіске Мажарстан Президентінің қосқан елеулі үлесін өте жоғары бағалаймын. Сондықтан бүгін жоғары Мәртебелі Президент Тамаш Шуйокты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау мен үшін үлкен мәртебе болды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тамаш Шуйокпен кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөздер жүргізіп, ықпалдастықты күшейтудің жаңа бағыттары туралы әңгімелескенін жеткізді.

Тараптар сауда-экономика саласындағы байланысты дамыта түсу қажет екеніне баса назар аударған.

– Былтыр екі елдің алыс-берісі 200 миллион доллар шамасында болды. Келешекте оны 1 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Мажарстан соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына 385 миллион доллардан астам инвестиция салды. MOL компаниясы Қазақстанның газ саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Күн тәрбінде тағы да басқа ауқымды жобалар бар. Елімізде UBM Group, Gedeon Richter, Globalia сияқты алпауыт компаниялар да жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда 20 ортақ жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Біз инвестициялық қарым-қатынастарымызды одан әрі кеңейтуге мүдделіміз. Осы ретте, энергетика, атом өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы сияқты түрлі бағыттағы ықпалдастығымызды арттыруға уағдаластық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында халықаралық көлік дәліздерін, логистика инфрақұрылымын дамытудың маңызына мән берілген.

– Биыл Шымкенттен Будапештке тікелей әуе қатынасы ашылды. Енді екі ел астаналары арасындағы әуе қатынасын қайта орнату мүмкіндігін қарастырамыз деп келістік. Келіссөз аясында жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің маңыздылығына баса мән бердік. Осыған орай, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздік. Оған қоса қаржы саласына қатысты тың жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық. Жалпы, Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті мажар компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенімізді жеткіздім. Екі елдің Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы және Іскерлік кеңесі осы мәселеге баса мән беруі қажет деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.