
Оның айтуынша, өрісті өнеріміз бен ұлттық мұрамыздың ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы он саусағынан өнер тамған шеберлердің еңбегімен тікелей байланысты. Соның ішінде музыкалық аспап шеберлері – ұлттық мұраны сақтаушы әрі зерттеуші ретінде танылып, жаңа аспап үлгілерін жасауға, акустика мен музыкалық археологияның дамуына зор үлес қосқан.
«Өткен ғасырларда шеберханалар мен зертханаларда көне аспаптар қалпына келтіріліп, тіпті домбыра жасайтын фабрикалар жұмыс істеген. Өкінішке қарай, өтпелі кезеңде бұл өндіріс ошақтары жабылып қалды», – деді сенатор.
Дархан Қыдырәлінің сөзінше, мемлекет басшысының тапсырмасымен домбыра күні енгізілгеннен кейін ұлттық аспапқа деген құрмет арта түсті. Керемет күйшілер мен әйгілі әншілер түрлі марапаттарға ие болып жатса да, сол аспаптарды жасаушы шеберлер мемлекет назарынан тыс қалып келеді.
Сенатор мысал ретінде «қазақтың Страдивариі» атанған Қамар Қасымовтың есімі көп ұмыт қалғанын айтты. Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиев пен Секен Тұрысбековтің домбыраларын жасаған ағайынды Романенколардың, ұлттық аспаптарды қайта жаңғыртқан Болат Сарыбаевтың еңбегін көпшілік біле бермейтінін атап өтті.
«Соңғы 30 жылда шебердің қоғамдағы орны энтузиастың рөліне алмасты. Көпшілігі жеке шеберханаларда таза ықылас пен кәсіби ар-намысқа сүйеніп еңбек етеді. Жолаушы Тұрдығұлов, Нарбек Оханов, Қанат Қазақбаев, Сұлтан Мұсаев, Мейірбек Ділманов, Ердос Рахымбек және өзге де ондаған шебердіңм аңдай тері – ұлттық музыка индустриясының көзге көрінбейтін, бірақ шешуші іргетасы», – деді сенатор.
Дархан Қыдырәлі қазіргі таңда халық әртістері мен өнер майталмандары қолданып жүрген аспаптардың бәрі де шеберлердің қолтаңбасы екенін, алайда олардың еңбегі еленбей келе жатқанын жеткізді.
«Шеберлік – тек ағаш өңдеу емес, ол ғылыми-эксперименттік процесс. Шеберлер көне үлгілерді жаңғыртып, реконструкцияны ғылыми дәлдікпен, модернизацияны өнер талғамымен үйлестіріп келеді», – деді ол.
Сенатор оқу орындарындағы домбыра сапасына қатысты мәселені де көтерді. Оның айтуынша, кей тендерлерде көрші елдерде жасалған сапасыз домбыралар өткізіліп, ұлттық аспаптың беделіне нұқсан келтіріп отыр.
«Өкінішке қарай, ұлттық аспабымызға балық аулайтын арзанқол жіп тағылып, бабадан жеткен дәстүрден қол үзіп қала жаздадық. Бүгінгі буын шеберлікке ерекше ықылас танытып отыр. Дәстүрлі ішектерді қайта жандандыру үдерісі қарқын алды. Бұл – өтпелі қызығушылық емес, тұрақты үрдіс», – деді сенатор.
Дархан Қыдырәлі музыкалық аспап шеберлерінің ұлттық өнердің тірегі, ұлттық дыбыстың сақшылары екенін атап өтіп, Үкіметке мынадай ұсыныстарын жеткізді:
- «Музыкалық аспап шебері, ұста» сияқты ұлттық кәсіби мәртебе енгізу;
- Шеберхана-зертханаларды жаңғырту, зерттеу орталығын ашу;
- Ұлттық регистр, акустикалық паспорт, стандарттау мен сертификаттау жүйесін енгізу;
- Арнайы музыкалық аспап шебері мамандығын ашу;
- Ұстаз бен шәкірт шеберлерді гранттық қолдау;
- Ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау;
- Салық жеңілдіктерін қарастыру;
- Арнайы ведомстволық марапат енгізу;
- Қамар Қасымов атындағы республикалық музыкалық шеберлер конкурсын өткізу;
- Шеберлердің еңбегін ақпараттық тұрғыда кеңінен насихаттау.