Спорт • Бүгін, 08:25

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Футболдан еліміз ұлттық құрамасының бас бапкері міндетін уақытша атқарушы болып Талғат Байсуфинов тағайындалды. 57 жастағы маман кезінде еліміздің бірқатар клуб­тарын жаттықтырып, елеулі табысқа қол жеткізді. 2016–2017, 2020–2022 жылдары еліміз­дің бас командасының тізгінін ұстады.

Жарыс күнделігі

Сурет: rb1ncm.ru

  • 25–26 қазан күндері Бішкекте кәсіпқой бокс кеші ұйымдастырылады. Жарыста еліміздің танымал былғары қолғап шебері, Олимпия ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов шаршы алаңға шығады. Қандасымыз жергілікті боксшы Әділет Қашқынбековпен күш сынасады.
  • Еліміздің дарынды футболшысы, 18 жастағы Рауль Аллахвердиев Испанияның «Райо Валекано» клубының қосалқы құрамымен келісімшартқа отырды. Енді ол спорттық жолын Пиреней түбегінде жалғастырады.
  • Аралас жекпе-жекті серік еткен қазақтың қос саңлағы шетелдік промоушендермен келісімшарқа отырды. Атап айтсақ, Саламат Исбулаев «Professional Fighters League» (PFL) ұйымына қабылданды. Қандасымыз бүгінге дейін 9 рет октагонға шығып, барлық бәсекеде айқын басымдық танытты. «Octagon»-ның бұрынғы ­чемпионы Сүндет Айтқұл алдағы уақытта «UAE Warriors» ұйымдастырған турнирлерге қаты­са­ды. Қандасымыз 22 қазанда бразилиялық Гуидо Сантоспен сайысқа түседі. Сүндет бұған дейін өткізген 13 бәсекесінің 11-ін өз пайдасына шешті.
  • «Астана» велоклубы сапындағы италиялық легионер Маттео Малучелли «Малайзия турында» табысты өнер көрсетті. Велошабандоз бастапқы үш кезеңнің екеуінде шашасына шаң жұқтырмай, мәре сызығын бірінші болып қиып өтті. Тағы бір сайыста екінші орынды иеленді.
  • Үндістанда су спорты түрлерінен Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыс басталған күні жерлестеріміз үш жүлде алса, екінші күні қор­жынымыз тағы екі медальмен толықты. 50 метрге еркін тәсілмен жүзуде Глеб Ковеленя күміспен күптелсе, осы қашықтықты брасс әдісімен малтып өткен Айбат Мырзамұратов та сол межеден көрінді.