
Сурет: sportburo.kz
Осыған дейін WB-ның басшылығына үміткерлер саны екеу ғана еді. Олар – еліміздің әйгілі кәсіпқой боксшысы, ең белді нұсқалар бойынша орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы, Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Грекияның бокс қауымдастығының жетекшісі Харис Мариолис.
Күні кеше тағы бір үміткердің есімі белгілі болды. Ол – Владимир Кличко. 49 жастағы Украинаның атақты боксшысы бізге бөтен емес, 1976 жылы Семей өңірінде дүниеге келген. Балалық шағы сол жерде өтті. Кейіннен отбасы өздерінің тарихи отанына оралды. Боксқа мықтап ден қойған Кличко әуесқойлар арасында Атланта Олимпиадасының (1996) жеңімпазы, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
1996 жылдың соңында Владимир кәсіпқой рингтегі тұсаукесер кездесуін өткізді. 20 жылдан аса уақыт аралығында барлығы 69 жекпе-жек өткізіп, 64 рет жеңіске жетті, 54 қарсыласын есінен тандырды. Бес мәрте ұтылып, тағы бір кездесудің нәтижесі есепке алынбады. Украинаның дүлдүлі аса ауыр салмақта ұзақ уақыт бойы ең белді WBO (2000-2003, 2008-2015), IBF (2006-2015), IBO (2006-2015), WBO (2011-2015) нұсқаларының чемпиондық белбеуіне иелік етті. 2017 жылы шау тартып қалған шағында Лондонда Ұлыбританияның алыбы Энтони Джошуадан жеңілгеннен кейін Владимир былғары қолғабын шегеге ілді. Оның туған ағасы Виталий Кличко да кезінде әлемдегі ең белді боксшылар санатында болды. Ол да әлем чемпионы атанып, сол атағын сан мәрте сәтті қорғады. Қазір Виталий Кличко Киев қаласының мэрі қызметінде.
Үміткерлер саны осымен шектеліп қалмайтыны анық. Өйткені өтініш қабылдау мерзімі конгресс басталуына тура бір ай қалғанға дейін жағасады. WB-ның қазіргі президенті, нидерландық функционер Борис ван дер Ворст екінші мерзімге сайлауға түсуден өз еркімен бас тартты.