
Аналар кеңесінің «Салауатты сана» жобасын іске асыру бойынша кезекті отырысын Қарағанды облысында өткізу туралы шешім қабылданғанда кеселдер қатерін талқылай отырып, одан арылу, сақтану жолдарын, әлеуетімізді көрсетуді мақсат еттік. Таңдаудың Қарағандыға түсуі мұнда арнайы мамандар дайындалатын оқу орындардың шоғырлануымен байланысты. Кеселдермен күресте алдыңғы шепте жүретін қызметкерлер оқитын Ішкі істер академиясы; психолог, аддиктолог, нарколог дәрігерлерді дайындайтын Е.Бөкетов атындағы медицина университеті, адам қанындағы есірткі заттарды айқындайтын зертхана бар. Аналарға соларды көрсетіп, кеселдерге қарсы күресте «жалаң қол» емес екенімізді ұқтыру керек болды.
Жиынымыз ерекше басталды: бір күн бұрын облыс орталығындағы К.Станиславский атындағы орыс драма театры форумға қатысушыларға арнап «7» атты деректі спектакль қойды. Онда түрлі елдерде әйелдер жасаған жеті резонанстық қылмыс баяндалады. Бір ерекшелігі - көрермендердің қойылымға қатысуы. Олардың жасаған қылмысы туралы монологтарын тыңдай келе, бостандыққа шығуына болатыны/болмайтыны туралы дауыс беру керек.
Кейіпкерлер: қанша жыл бойы ұрып-соғып келген күйеуін өлтірген әйел; алданып аяғы ауырлап қалып, баласын қоқысқа тастаған жас қыз; ақша табу үшін алаяқтық жасаған өнертапқыш әйел; есірткі буымен өзінің оқушысын айналдырып, қатынаста болған мұғалім; қара ниетті адамның арбауына түскен және өзі де солай басқаларға залалы тиген әйел; есірткіден «күш алып», өзін қорлағандардың бәрін өлтірген буллинг құрбаны; тапсырыспен улы қоспа дайындап, сан адамның өлім құшуына себепші болған қартаң әйел…
Бәрі – біз күнделікті ақпарат легінен естіп жүрген қылмыс түрлері. Спектакль соңында жүргізуші бостандыққа шығуы үшін дауыс жинаған әйелдің отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған орталық ашқаны, бірақ қолдау болмағандықтан оның жабылып қалғаны; бостандыққа шықпайтын болған жас қыздың «анаммен болғанша осы жер жақсы» дегені; улы зат дайындайтын қартаң әйелдің «дәрілік» қоспасына сұраныс артқаны туралы ақпарат айтты. Және ең ауыры – бұл әйелдердің жасағаны қоғамның өзі қалыптастырған қылмыс деп түйіндеуінде.
Спектакльді қоюшылар ресейліктер екен. Олар қоғамдағы кеселдерді еңсерудегі өнер мен мәдениеттің рөлін терең түсінгендігін көрсетіпті.
Ал бізде ше? Бұл біздің елде де өзекті тақырып емес пе? Басқа аналардың көңілінде де «бізде мұндай қойылым бар ма екен?» деген сұрақ кеткені анық.
Облыста нашақорлыққа қарсы күрестің қалай жүргізіліп жатқанын сөзбен емес, көрнекі түрде жеткізу үшін жиынға дейін жоғарыда аталған оқу орындарынан басқа бірнеше объектіге апарды. Жастардың нашақорлық торына түсуінің бір себебі – олардың бос уақытын қалай өткізерін білмей, сенделіп жүруі, жұмыссыздық, əлеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі. Бұл – барлық жерде бар жағдайды шешуге Қарағанды кешенді түрде келіпті: түрлі бағытта жұмыс істеу үшін жастар ресурстық орталығына арнайы ғимарат салынған. Оның алаңдары мен кабинеттерінде өмір қайнап жатыр: семинар, шеберлік сабақтары өтуде, психологиялық, құқықтық қолдау көрсетілуде; соның ішінде нашақорлық пен есірткі қылмысына байланысты жан-жақты ақпарат берілуде.
Орталық мұнда келгендерді өмірден өз орнын табуға жетелейді екен. Оларға бойындағы қабілетін ашуға бағытталған: ролик түсіруге, дыбыс жазуға қажетті құралдармен жабдықталған студия, өнерін ұштауға үйрететін шеберхана, спортқа баулитын залдар есігін айқара ашқан. Күн өткен сайын жастардың танымын кеңейтетін бағыттар көбейіп, қызметтерін ұсынуда. Біз солардың бірі – Қазақстанда есірткінің таралуына қарсы жұмыс істейтін «EsBol» қорының фронт-офисының ашылуына куә болдық.
Қор басшысы Жандос Ақтаев фронт-офистің құрылуы болашақ ұрпақты қорғау жолындағы нақты қадам екенін, оның жұмысы аясында түрлі бағыттар бойынша мамандар тартылып, қала жастарына тұрақты түрде кеңес беру, қолдау көрсету және есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді. Жаңа кеңсе қызметкерлерінен күні бүгінге дейін есірткі сату және жастарды тарту бойынша 5 мыңнан астам нарко-шоптар жойылғанын естідік. Олар: «Біз ақпараттандыру және жастарды қорғау арқылы есірткі қылмысының алдын алатын боламыз», - деп құлшынып отыр.
Тағы бір жоба назарымызды аударды. Ол – еріктілер клубының «Тең теңімен» атты жобасы. Оның ерекшелігі – жастардың есірткі торына түскен құрдастарымен жұмыс істеп, қолдау көрсетуі. Шындығында, табиғат заңы сондай – қашанда жастары шамалас адамдар бір-бірімен тез тіл табысады. Бізді еріктілердің осы ерекшелікті оң мақсатта пайдалану ниеттері қуантты. Осындай үйренуге, таратуға тұрарлық жұмыстармен, жақсы бастамалармен танысқан аналар отырыс өткізілетін жерге мол әсермен жиналды.
Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы «Нашақорлық – тұрақтылыққа төнген қатер» деген тақырыппен өтті. Форумға келушілер қарасының көптігі, БАҚ-тағы анонстар, жиынға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың өзі модераторлық етуі Аналар кеңесі ұйымының беделі артуы және өңірде бұл мәселенің өзектілігіне мән берілуі деп қабылдадық. Әдеттегідей, жиынымызға орталық мемлекеттік органдар – Ішкі істер, Оқу-ағарту, Бас прокуратура, Денсаулық саақтау министрлігінің өкілдері, «EsBol» қоғамдық қорының, Әкелер одағының басшылары, басқа да мүдделі мамандар қатысты.
Жиын тізгінін ұстаған облыс əкімі Е.Бөлекбаев өз сөзінде форум тақырыбы бойынша бірқатар ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, қоғам бетпе-бет келіп отырған кеселдердің бірі – нашақорлықпен күресте отбасы мен қоғамның бірлесе жұмыс істеуі керектігіне назар аудартты. Кеселдің салдары емес, себебін тани білу, алдын алу шаралары ауруханаларда, бас еркіндігі шектелген жерлерде емес, отбасында, мектепте жүргізілуі керектігіне тоқталды. Бұл ретте, ересектердің балаларға дұрыс бағдар беруі, рухани даму мен спортпен айналысуға қамқорлық танытуын айта келіп, өзіміз танысқан жастардың ресурстық орталығын мысалға келтірді.
Әр спикер күн тәртібіндегі мәселеге өз мекемесі, ұйымы тұрғысынан қарап, ой айтты. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық жəне фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бастығы Ольга Смирнова тəуелділік тудыратын дәрілерді рецептсіз сатуды болдырмау бағытында көп жұмыс атқарылғанын, кемшіліктер де анықталғанын жасырған жоқ. Ол рецепт беруде кейбір өлшемдерді қатаңдатып, жетілдіру қажет, ал медицина жəне фармацевтика қызметкерлері халық арасында ақпараттандыру шараларын жүргізуі тиіс деген ұсыныс айтты.
О.Смирнова ханымның баяндамасында ҚХА жанындағы республикалық Аналар кеңесінің «Жасыл сертификат» жобасы бойынша нәтижелі жұмыс жасалғанын есту бізді қуантқаны рас. Өйткені бұл – барлық өңірде дерлік іске асырылып, бүгінде тəуелділік тудыратын дəрілік препараттардың дəріханаларда рецептісіз сатылуына қоғамдық бақылау жасауға болатынына көз жеткізген жоба.
«Əкелер одағы» бірлестігі мен Аналар кеңесі – ынтымақтаса жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар. Өйткені екеуінің де басты миссиясы – ұрпақ тәрбиесі, еліміздің дені сау, саналы, білімді, патриот азаматтарын қалыптастыру. Сол жолда кездесетін қиындықтар да, шешетін мәселелер де ортақ. Республикалық «Əкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет дені сау ұрпақ үшін қамқорлықты ол ұл-қыз болып өскенде емес, анасының бойына біткен кезден бастау керек деді. Бұл сөзіне зерттеушілердің анасы жүктілік кезінде есірткі пайдаланған болса, балалардың 95-97% елеулі психо-физикалық ауытқумен туу қаупі бар деген болжамын дәлел ретінде келтіруі жиналғандарға ой салғаны анық.
Есірткі қолдану іштегі нәресте түгіл ересектерде де мидың жұмысын бұзатыны белгілі. Сондықтан бұл ақпарат тиісті органдарға берілген дабыл деген ойдамыз. Өйткені, есірткі нарығы қарқынды дамып бара жатқан қазіргі кезде мемлекеттік деңгейде шаралар қолға алынбаса, Құрылтайда Мемлекет басшысы айтқандай, бүкіл қоғам болып бірігіп, ымырасыз күрес жүргізілмесе, кеш қалуымыз мүмкін.
Аналар кеңесінің отырыстарында күн тәртібіндегі мәселені теориялық жағынан ғана емес, практикалық тұрғыдан талдау дәстүрге айналып келеді. Яғни, нақты кеселге тап болып, оның улы қармағынан құтыла алған адам ағынан жарылып, жиналғандарға өз басынан кешкенін баяндайды. Бұл жолғы кейіпкер – ұзақ мерзімді ремиссиядағы психолог-аддиктолог Ассалау Дəурен, 15 жыл бойы нашақорлық пен ойынқұмарлық тұзағында жүріп, одан құтылу үшін күш-жігер тапқан жігіт. «Бастапқыда волонтер болдым, кейін психолог мамандығын алған соң, өзім сияқты басқа нашақорларға көмектесе бастадым, - деп бастады ол әңгімесін.
Дәуреннің айтуынша тәуелділік – отбасылық ауру, біреуі тұтылса, басқалары да құтыла алмайтын кесел. Яғни, емделу де – сәйкесінше топтық түрде өтуін қажет ететін, отбасы мүшелерінің түгел сауығуынан тұратын күрделі процесс. Оның түсінгені – есірткі өлтіреді. Мұны ол əкесінің тағдыры арқылы ұққан. Ол өскен отбасында кеселге тосқауыл қоюға әке-шешенің əл-ауқаты, ақыл-ойы жəне бала-шағасына қамқорлық жасауы жетіспеді. Бұл ойын ол: «Мен ата-анама да, олардың бастан кешкен қиын-қыстау күндеріне де ренжімеймін. Мен одан да сабақ алдым. Яғни, болашақта ата-ана ретінде өз жауапкершілігім қандай екенін білемін» деп түйіндеді.
Д. Ассалау елімізде емделудің қиындықтарын да ортаға салды. Олар: жеке оңалту орталықтарының қарапайым халық үшін қолжетімсіздігі. Бұл кеселдер оңалту орталығында ұзақ емделуді қажет ететінін ескерсек, ол үшін айына 300 000-нан миллион теңгеге дейін қаржы қажет болады екен. Кеселге шалдыққандар тіркеуге тұрудың кейбір салдарынан, тиісті емделуге қажетті жағдайдың жоқтығынан қорқып, мемлекеттік мекемелерде емделуге қорқады. Өз жағдайын түсініп, түзу жолға түскісі келетіндер бар. Алайда олар осындай қиындықтарды өз күшімен еңсере алмайтындықтан қолдау күтетінін тиісті мемлекеттік органдар ескерсе деген тілек айтты.
Дәуреннің тағы бір тілегі Аналар кеңесінің ұстанымымен ұштасып жатыр. «Ата-аналардың ең көп кездесетін қателігі – балаларын сауықтыру орталықтарына əкелумен шектеліп, әрі қарай өздерінің олармен айналыспауы. Ата-ана мүдделі болып, баласын кеселден құтқаруға ұмтылмаса, нашақорлық əрқашан қайталануға бейім ауру. Сондықтан отбасы нашақордың сауығуының негізі де, оның ауруы қайталануының себебі де болуы мүмкін. Балаға есірткінің зиянды екенін жай ғана үйретіп, түсіндіру жеткіліксіз. Ата-ана баласының есірткіге зауқы соқпайтындай, есірткіден табатын ләззатты отбасынан табатындай қатынаста болуы керек».
Форумға қатысушылар үшін бұл да – 5 кеселге қарсы күресте ойда жүретін амал.
Қарағанды форумы осылай, есірткіге салынудың алдын алып, емдеу, ортаға қайтару бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды талқылап, жаңа идеялар қосқан жиын болды.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы,
республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары