Парламент • Бүгін, 10:13

Бір палаталы парламент құрудың маңызы талқыланды

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

30 қыркүйекте Еуразиялық интеграция институты «Ашық саясат» сараптамалық клубының «Қазақстанда бір палаталы парламент құру және партиялық жүйені дамыту перспективалары» тақырыбындағы кезекті отырысын өткізді, деп жазады Egemen.kz

Бір палаталы парламент құрудың маңызы талқыланды

Кездесу барысында өкілді биліктің біріккен құрылымына көшуге байланысты өзекті мәселелер мен сын-қатерлер талқыланды. Іс-шараға парламент депутаттары, талдамалық орталықтар басшылары, азаматтық сектор мен сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Пікірталас алаңының жұмысын аша отырып, Еуразиялық интеграция институтының Ғылыми-теориялық талдау департаментінің басшысы Арман Ешмұратов бір палаталы парламентке көшу елді саяси жаңғыртудың негізгі кезеңдерінің бірі ретінде қарастырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл заң шығару процесінің тиімділігін арттырып, партиялық институттардың рөлін күшейтуі және депутаттардың жауапкершілігін нығайтуы тиіс.

«Екі палаталы парламенттер дәстүрлі түрде жоғарғы палата өңірлік мүдделерді ескеретін және аумақаралық теңгерім тетігі ретінде қызмет ететін федералды мемлекеттерге тән. Унитарлы Қазақстан үшін Сенаттың институционалдық негіздемесі жоқ», деді Ешмұратов. 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асылбек Нұралиннің пікірінше, мұндай ауысудың басты мақсаты мен артықшылығы – жоғарғы және төменгі палаталар функцияларының қайталануын болдырмау. Бұл неғұрлым жедел және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, спикер реформаның маңызды ерекшелігін атап өтті – бәрі жалпыхалықтық талқылау мен референдумнан кейін ғана шешілетін болады.

«Конституцияда биліктің негізгі көзі халық екендігі көрсетілген. Шешім қабылдайтын да халық. Енді бюллетеньде қандай сұрақтар болатынын, олардың мәні қандай болатынын анықтап, ашық және әділ дауыс беру өткізу маңызды», деп атап өтті мәжіліс депутаты. 

Бір палаталы парламентке көшу туралы бастаманы қолдағанына қарамастан, сарапшылар партияның дамуы мен сайлау жүйесіне қатысты бірқатар сын-қатерлерге назар аударды.

Саяси ғылымдар кандидаты Бауыржан Шерияздановтың пікірінше, Қазақстандағы партиялық жүйе батыс елдер демократиясындағыдай дамыған сипатқа ие болған жоқ.

«Көп жағдайда партия мүшелері пікірлес емес, саяси платформамен таныспаған. Саяси бірлестіктердің өкілдері жай ғана қолтаңба жинайды, бұл дұрыс емес. Бұл ретте сайлау барысында азаматтар партияға қарағанда жекелеген кандидаттарға көбірек сүйенеді», деді сарапшы.

Онымен Еуразиялық интеграция институтының Пәнаралық және компаративті зерттеулер департаментінің басшысы Серік Жүсіпов келісіп, қолданыстағы саяси бірлестіктер танымалдылығының шектеулігін атап өтті.

«Қазақстанда тіркелген жеті саяси партия бүгінде сайлаушылардың көпшілігін қамтымайды. Егер біз екі жылдан кейін сайлауды қазіргі партиялық жүйе жағдайында өткізетін болсақ, азаматтардың едәуір бөлігінің мүдделері ескерілмеуі мүмкін. Сондықтан үйлесімді негізде құрылатын бір палаталы парламентті енгізу партиялық жүйенің өзін дамыту, атап айтқанда оны ырықтандыру бойынша үлкен жұмыстармен қатар жүруі тиіс», деді  Жүсіпов.

Осы тұрғыда сарапшылар бір мандатшылардың үлесін 50%-ға дейін арттыру мүмкіндігімен сайлаудың қазіргі аралас моделін сақтауды ұсынды.

Тағы бір пікірді мемлекеттік басқару саласындағы сарапшы Сабина Сәдиева айтты. Оның айтуынша, үйлесімді сайлау арқылы «партиялылыққа мәжбүрлеу» қоғам үшін жақсы белгі болып табылады.

«Бұл өзгерісті барлық саяси жаңғырту тұрғысынан қарастыру керек. Біз атқарушы билік пен партиялық жүйені бөлгіміз келеді. Бірақ сонымен бірге партиялардың рөлін күшейту үшін бұл «мәжбүрлеу» арқылы жасалады. Қазір әкімдердің сайлауы бойынша азаматтардың нақты кандидаттарға дауыс беруді қалайтынын көріп отырмыз. Бірақ даралық бәсекелестіктің проблемасы жүйелі реформалардың жылжымай қалып қоюынан көрініс табады. Мұны тек саяси партиялар жасай алады. Сондықтан одан әрі демократияландыру үшін біз партиялық жүйенің дамуын қолдауға міндеттіміз», деді ол.

Партиялардан басқа, сарапшылар сайлау процестеріне қатысуға қоғамдық ұйымдарға рұқсат берудің де пайдасын атап кетті.

«Республикалық қоғамдық бірлестіктер, кәсіподақтар, кәсіпкерлер қауымдастығы барлығы бір мандатшыларды алмастыруға лайық. Олардың кем дегенде өз бағыты, саланы түсінуі және тәртібі бар», деді Заманауи қоғамды зерттеу институтының директоры Мейрам Қажыкен.

Аталған ұсыныстармен қатар сарапшылар саяси бәсекелестік үшін жағдайды жетілдірудің маңыздылығын атап өтті. Олардың ішінде-партияларды тіркеу рәсімін оңайлату, республикалық БАҚ-қа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ саяси партиялардың тізімдерді қалыптастыру кезінде ішкі іріктеу тетіктерін дамыту және ашықтықты арттыру. Сараптамалық клуб тұжырымдаған барлық ұсынымдар уәкілетті мемлекеттік органдар мен жұмыс топтарына жіберілетін болады.