
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Зейнет жасы ауыл мен қалада бірдей болғанымен, қартаю жасы екі түрлі деген пікір бар. Мысалы, зерттеушілер қалада қарттық кезеңді 70 жастан асқаннан кейін келеді деп санаса, ауылдық жерлерде 50 жастан бастап кіреді деп есептейді. Иә, ауыл адамының өмір сүру дәрежесі қаламен салыстырғанда анағұрлым ауыр, бейнеті көп. Ауылдық жерлердегі қариялар медициналық, әлеуметтік қызметтерге, инфрақұрылымға қолжетімділікті төмен бағалайды. Көбірек оқшаулану, әлеуметтік белсенділік мүмкіндіктерінің тапшылығын сезінеді. Осыған орай ауыл мен қалада қарттық жасы екі түрлі болуы әбден мүмкін, оған сол ауылдағы жағдай әсер етеді.
«Қарттық кезеңнің бақыты неде?» деген сауалға жауап берушілердің басым бөлігі оны денсаулықпен, отбасының татулығымен, қарияға деген сый-құрметпен, балаларының мейіріміне бөленіп, қамқорлықтарын сезінумен байланыстырады. Сондай-ақ өсіп-өнген ұрпақтарының жақын тұруы, отбасында оларға деген мейірім мен сыйдың сақталуы, жақсы демалыстың болуы, шипажайларға бару, адамдармен араласу, сөйлесу де маңызды.
Ғалымдардың айтуынша, адам үш түрлі қартаяды. Ерте тәни қартаю – кәрілік белгілерінің мезгілінен бұрын аян болуы. Рухани қартаю – тән мұқалуынан бұрын жан жұталуы, жүйке жүйесі түтіліп, жадтың көмескіленуі.
Сәнімен қартаю – абырой. Ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің, құда-жекжаттарының шаршы төрінде отыру, кіршіксіз ықыластары мен ақ ниетті қамқорлықтарын сезіну, ешнәрсеге мұқтаж болмау, ауыл-аймақтың үлкендері мен жастарының инабатты сәлемі мен арнайы сыбағасын қабылдау, ақ батасын беріп, баршасын ризалау үлкен ғанибет. Өз төрінен төмендемей, сыны мен сыйын қашырмай, әдемі қартаю – өнеге.
Жалпы, биологиялық, медициналық, әлеуметтік тұрғыдан алғанда, қазірде өмір сүру сапасының артып келе жатқандығын атап айтқан жөн. Бұған медицина саласының соңғы жетістіктері оң септігін тигізіп отыр. Солардың ішінде адамның организмінің қартаю заңдылықтарын зерттейтін геронтология мен гериатрия ғылымдарының айтарлықтай дамып келе жатқандығы қуантады.
Бүгінде көптеген елде адамдардың өмір жасының ұзаруына байланысты қарт адамдардың қатары артып келеді. Бүгінде жас жағынан ең ұзақ өмір сүрушілер жапондықтар деп саналады. Қазірде 50 мыңнан астам жапондық 100 жылдық ғұмыр жас межесінен емін-еркін, емен-жарқын аттап өтіп отыр екен. Енді 15 жылдан кейін бұл елдегі ұзақ жасаушылар саны миллионнан асып жығылады.
Қазірде уақытта адамның орташа өмір сүру ұзақтығы қайта қаралып жатыр. Канадалық ғалымдар өмір сүру ұзақтығы бұрынғы өлшеммен қарағанда ұзақ екенін мәлімдеді. Мамандар мұндай тұжырымға ұзақ өмір сүруге барынша жағдай жасалған АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жапония секілді дамыған елдерде жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйеніп келіп отыр.
Бүгінде еліміздегі егде адамдардың, әсіресе ауылдық елді мекендердегі тұрғындардың медициналық, әлеуметтік көмекке зәру екендігі жасырын емес. Дегенмен оларға көмек көрсету, сырқатын емдеу, еңбек етуін жалғастыра беруіне ықпал ету сияқты мемлекет қарастырған іс-шаралар бар. Қоғамның қартая бастауы салдарынан болатын проблемалар біздің елді де айналып өткен жоқ. Сол тұрғыда геронтолог дәрігерлер мен мейірбикелердің атқарар қызметіне зор жауапкершілік жүктелген. Әсіресе кейінгі 20 жыл ішінде қоғамымыздағы өзгерістерге, денсаулық сақтау саласының жетістіктеріне байланысты мейірбикелердің рөлі едәуір өсті, сонымен қатар оларға қойылатын кәсіби талап та артты.
Қазірде егде тартқан адамдарда жүрек-қан айналымы жүйесінің аурулары, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, тыныс алу жүйесінің аурулары, тірек-қимыл аппаратының аурулары жиі кездеседі. Бұл аурулардың қарт адамдардағы ерекшелігі – осы кеселдердің бірнешеуінің бір ғана адамнан табылуы, асқынған түрде болуы геронтолог мамандарды ойлантады. Ғалымдардың зерттеуіне жүгінсек, қартаюға тек регрессивті құбылыс деп қарамау керек.
Мамандар қартаю дамудың бір кезеңі екенін дәлелдеді. Бұл кезеңде адамның рухани жетілу деңгейі жоғары, ішкі жан дүниесі өте терең болады, сонымен қатар сезімталдығы артады. Сондықтан сырқат адамды тұрғылықты емханаларда, ауруханаларда, пансионаттарда, қарттарға арналған интернаттарда, хоспистерде, күндізгі ауруханаларға жатқызып, медициналық тексеруден өткізіп, оларға қажетті ем-дом жүргізу – өзекті мәселе. Бұл іс жергілікті медицина қызметкерлерінің қаперінде болып, уақтылы жүргізілген профилактикалық-емдік іс-шаралар қарттардың өмірін ұзартудың басты факторларының бірі.
Жалпы, адамды қартайтатын оның физиологиялық жасы емес, өміріндегі қиындықтар, уайым-қайғы, күйзеліске ұшырау, көңіл күйдің жоқтығы, отбасындағы берекесіз ахуал, егде тартқан жасында қоғамға, отбасына өзін керексіз сезіну, ұл-қыздары мен жақындары жағынан сыйлаудың, құрметтеудің, қамқорлықтың жоқтығы. Тағдырдың талқысымен кәрілікті қарттар үйінде өткізіп жатқан жандар да жетерлік.
Әлбетте, қартаю – жан-жақты табиғи үдеріс. Одан ешкім 100 пайыз қорғана алмайды. Уақыт өз дегеніне бірте-бірте, ертелі-кеш әйтеуір көндіреді. Үкімет қарт кісілерге қамқорлық жасап, оларды мың құбылған, дүрбелеңге толы өмір ағысынан сырт қалдырмай, көптеген игілікті іс атқарып жатыр. Өз кезегінде көзі ашық, көкірегі ояу қарияларымыз белсенділік танытып, қоғамдық істерге араласып, жастар тәрбиесіне, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің сақталуына, ұлтымыздың рухани байлығын толықтыруға, саламатты өмір салтын бұқара ортасында қалыптастыруға барынша үлес қосып келеді. Олар өз орталарында жақсы қартаюдың, әдемі қартаюдың өнегесі болып жүр.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор
ТАРАЗ