
Жаңа жүйенің ерекшелігі – жасанды интеллект дәрігер мен науқастың арасындағы «көмекші» рөлін атқарады. Науқас ауру белгілерін енгізгенде, бағдарлама оларды талдап, ықтимал ауру түрлерін қарапайым тілде түсіндіреді. Мысалы, «бас ауруы» немесе «қызу» сияқты симптомдар жазылса, жүйе олардың себептерін түсіндіріп, әрі қарайғы қадамдарды ұсынады. Егер жағдайдың шұғыл екенін анықтаса, жедел жәрдем шақыру қажеттігін хабарлайды. Бұл – науқастардың белгілерін дұрыс сипаттай алмауынан туындайтын қателіктерді азайтып, шұғыл көмектің уақытылы жетуіне жол ашады.
Жоба авторларының айтуынша, жасанды интеллект тек ресми медициналық хаттамалар мен халықаралық нұсқаулықтарға сүйеніп жұмыс істейді. Интернеттегі бейресми ақпаратты қолданбайды. «Біздің мақсат – диагностика сапасын арттырып, дәрігердің жұмысын жеңілдету. Қазіргі көрсеткіш бойынша жүйенің дәлдігі 98 пайызға жетіп отыр. Алдағы уақытта платформаға науқастың ауру тарихы, талдау нәтижелері, рецепті мен емдеу жоспары енгізіліп, барлығы бір жерден қолжетімді болады», – дейді жобаны әзірлеушілер.
Жүйе тек бастапқы диагностикамен шектелмейді. Онда бейне-кеңес мүмкіндігі бар. Науқас тәуліктің кез келген уақытында кезекші дәрігермен байланысып, алғашқы кеңес ала алады. Бұл жедел жәрдем жеткенге дейін дұрыс әрекет жасауға көмектеседі. Ал дәрігер үшін жасанды интеллект пациенттің шағымдарын жүйелеп, алдын ала медициналық есеп дайындайды. Бұл уақыт үнемдеуге, құжат айналымын жеңілдетуге және қателікті азайтуға мүмкіндік береді.