21 Наурыз, 2015

Саздың саналуан сыры

7398 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Саздың сан мың жылдық сырын ұққан, сар дала тұрғындарының саз балшықтан жасаған туындыларына туған күдік-күмәнді сейілткен, сөйтіп, қыш-құмыраны сөйлеткен Кендебай Қарабдаловты Қазақ елі жақсы біледі. Бүгінгі сөзде ол кісіге әке ретінде қайырылуымыз мүмкін, ал негізгі әңгіме оның кәсібін ұстаған Ерболат атты ұлы туралы болады. 010 Бас прокуратураның темірдей қыз­меткері кәсіпқой, дәстүршіл құмырашы деп кім ойлаған. Құмыраның сан түрін жасауға және ол өнерді өзгелерге үй­ретуге бар ындынымен «құныққан» Ерболат әңгіме құрса қара жердің қа­дір-қасиетіне қаныға бересіз. Ұлт құндылығының құпияларын ақтарғанда, таңданысқа емініп көз жұмасыз. Себебі, бұған дейін беймәлім болған әлемге жетелеп әкетеді. Құмыралар сөйлейді Егер Ерболатты танымай тұрып құмыра туралы бірдеме жазбақ болсақ, сөздің басын «құмырада құпия көп» деп бастауымыз бек мүмкін еді. Себебі, сырттан қарағанда солай көрінеді. Ал жүйелеп ойлаған жетелі адам құмыраның қадір-қасиетін қиналмай-ақ ұғып, біледі екен... Сонымен, әуелгі сөзді саздан тара­тайық. Саз балшық жады мықты, тілін тапса сөйлей жөнелетін тірі организм. Ол ғылыми тұрғыда дәлелденген. «Құмы­ралар сөйлейді. Олардың әрбірі өз дәуірі туралы, сол замандағы адамдардың тіршілігі жөнінде сыр шертеді. Ғалымдар алғашқы қауымда жасалған, сондай-ақ орта ғасырда және менің қолыммен істелген құмыраны қатар қойып, үшеуін де заманауи дыбыс жазушы құрылғылармен тыңдаған. Сонда алғашқы қауым кезінде жасалған құмырадан үңгірлерде күбірлеп сөйлеген адамдардың үндері есітілген. Ал орта ғасыр құмыраларынан ұрыс дала­сында қақтығысқан қылыштар мен найзалардың және ұрандап жауға шап­қан жауынгерлердің дауысы шыққан. ХХІ ғасырдағы менің туындыларымнан техниканың, зулаған көліктер мен ғарыш кемелерінің дыбысы білінеді», дейді Ерболат. Ендеше, өткен жылы әлемге есігін ашқан Қазақ ұлттық музейіндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған қыш кітап та қолтаңбамен қатар, жадына қыруар ақпарат жинап, көп замандардан кейін қазіргі дәуір туралы сыр шертетін болар. Ұлттық музейге қыш кітапты тарту етіп, Тұңғыш Президенттің тілегі мен қолтаңбасын мәңгілікке қалдыру идеясының авторлары Досмұхамед Нұр-ахмет пен Ерболат Қарабдал екенін айтқымыз келеді. Саз балшықтың қасиеті мұнымен ғана шектелмейді. Ол сан мыңдаған жылдар сыр-сипаты мен сымбатын сол қалпында сақтаумен бірге, отқа да өте төзімді. Мәселен, қас-қағымда сан мың шақырым қашықтыққа заулайтын зымырандар моторы саз балшық керамикасынан құйылатынын біреу білсе, біреу білмес. Себебі, мыңдаған градус ыстық шығаратын ғарыш кемесінің моторында жанған отқа ешқандай темір заты төтеп бере алмай, балқып кететін көрінеді. Ал, керамика, керісінше оттың қызуы күшейген сайын қатая түсетіні мәлім. Саз балшықтан жасалған бұйым­дардың жады туралы айтып қалдық. Негізі, қазіргі компьютерлер мен флеш­калардың еске сақтау мишығы да осы саз балшықтан істелетінін білдік. Сәт сайын мыңдаған ақпаратты жинақтап, қайта таратуға саздан жасалған мишықтар ғана қабілетті екен. Мұнымен бірге, бұған дейін құмыраларда дән дақылдары, басқа да түрлі бұйымдар мыңдаған жылдар бойы өз сапасы мен қасиетін жоғалтпай сақталғанын көп көрдік. Ендігі қызық, Астанада Василий Лепиков деген азамат Ерболатқа саз балшықтан аквариум жасап беруді өтініпті. Сөйтіп ол, кәдімгі және балшықтан жасалған екі аквариумға теңдей балықтар салып бағыпты. Кәдімгі аквариумның суын мезгілімен алмастырып, ішіне ауа жіберетін түтік те қойыпты. Ал саздан жасалған ыдысқа ештеме істемеген. Нәтижесі үш-төрт жыл дегенде анық көрінген. Кәдімгі аквариумдағы балықтар екі ұрпақ жаңартып, оның өзі беймағлұм құбыжыққа (мутант) айнала бастаған. Ал, саздан илеп істелген аквариумдағы шабақтар кәдімгі балықтар сияқты көбейіп, ыдысына сыймай қалыпты. Бұдан ұққанымыз, саз балшықты қанша қақтап қатайтса да, өзінің еркін тыныстайтын қасиетін жоғалтпайтын болғаны. Өнері өркенді, әңгімесі өрелі жігітті тыңдай берсең қара жер мен саз балшық туралы айтқандары тым қызық. «Бұл, ата-бабамыздан келе жатқан көне өнер­дің бірі. Шындығын айтқанда, ұлық өнер және тек қазаққа немесе өзбекке, тіпті парсыға ғана тән емес, күллі адамзат баласына ортақ. Адамата-Хауаананың өзі топырақтан жаралған. Құранда «топырақтан, сыңғырлаған саз балшықтан жараттым» дейтін емес пе еді?!. Адамдар алғашқы қауымдық кезеңде өздеріне тұрмыстық қажеттілікке байланысты саздан түрлі заттар жасаған. Ал қазіргі уақытта, сорымызға қарай, мұндай заттардың бәрі желім мен темірге айналды ғой. Орта ғасырдағы қалалық дәуірге өткеннен кейін адамдар сусындарды құюға, сондай-ақ астық немесе азық-түлік сақтауға осы құмыраларды пайдаланған. Құмырада заттар бұзылмай, ал сұйық тағамдар ашымай табиғи қалпын ұзақ уақыт сақтайтыны мәлім. Мысалы, грузин халқы шарапты осындай ыдыстарға ұзақ жылдар сақтауды дәстүр еткен. Ал қазақтар қымыз, қымыран, шұбат секілді сусындарды құмыраларға құйып қоятын болған. Бұл сөзімді дәлелдейтін деректер әлі күнге дейін шығып жатыр. Мың жыл болған құмыралардың құрамында биологиялық сүттің немесе сусындардың құрамдық қабаттары немесе қабыршықтары молынан кездеседі», дейді шебер. Әке көрген оқ жонар Ерболат ұлық өнерді әкесі Кендебай Әбжаппарұлынан үйреніп, өзінің сөзімен айтқанда, «қанына, жанына, жадына сіңірген». Ал әкесі елге танымал этнограф, қазақ халқының қолөнерін, музыкасын бір кісідей зерттеген үлкен ғалым екені жұмыр жердегі көп жұртқа мәлім. Кешегі Кеңес заманында қазақтың қолы олақ, ойы шолақ, төрт түлік малдың соңынан салпақтап еріп жүргеннен өзге ештеме бітірмеген деген теріс ұғымды кері айналдырып, қазақ шеберлерінің де қолы гүл, ойы дүр екенін нақты дәйектермен дәлелдеген жан. «Құмыра жасау өнері өзбек, парсы халықтарында ғана болған деген қисық түсінікке түзету енгізіп, бұл өнерде де қазақтың өз өрнегі бар екенін бұлтартпас дәлелдермен, нышандармен айғақтап берді. Ол кісі бұл өнерді шұқшия зерттеуінде Өзбекәлі Жәнібеков, Нұрғиса Тілендиев, Кемел Ақышев, Зейнолла Самашев, Болат Сарыбаев сынды заңғар тұлғалар әрдайым ой қосып, пікір алмасып тұрғанын айтып отырады», дейді Ерболат. Негізі, Кендебай Қарабдалов әуелі суретшілік қырымен танылған. Бейнелеу өнерiнiң көркемсурет, графика, акварель жанрларымен айналысқан. Кейін жүрек қалауымен сазды илеп түрлі заттар істеуге кіріседі. Оған қоса, ағаштан қобыз, қамыстан сырнай, терiден даңғыра, темірден шаңқобыз жасауды қолға алған. Қазір Кендебай ағаның Шымқалада этномұражайы бар. Онда шебердің қолынан шыққан әртүрлі бұйымдар мен Отырартөбе қалашығында, өзге де археологиялық қазбаларда табылған ерекше жәдiгерлер тұр. Саз илеп, одан балшық күйiнде әзiрленген құмыраларды, сазсырнайды отқа күйдiретiн жерошақ та орнатылған. Мұражай қонақтарына түрлі бұйымдар мен сазсырнай және құмыраның қалай жасалатынын көр­сетеді. Шебердің өнері бұлармен ғана шектелмейді. Ол арнайы музыкалық білім алмаса да қазақтың он түрлі аспабында және әлемдегі кез келген ұлттың музыкалық аспаптарын еркін ойнап, көбін өзі жасайды. Өткен ғасырдың 86 жылы он ойықты етіп жасаған сазсырнайы бүкіл әлемге танылды. Оның үлгісін этнограф Асантай Әлiмовтiң Отырартөбеден тапқан үрмелi музыкалық аспап саналатын екi тесiктi саз сырнайы­нан алған. Оны «Оты­рар уiлдегi» деп ата­ды. Замана әуе­ні­мен үндестіріле жетіл­дірілген он ойықты сазсырнайды бірінші болып тыңдаған Өзбекәлi Жәнiбеков, Нұрғиса Тiлендиев сынды тау тұлғалар жоғары бағалаған. Осынау сазсырнай 1988 жылы Мәскеуде 155 елден 255 ұлт пен ұлыс қатысқан бiрiншi дүниежүзiлiк халықаралық фольклорлық фестивальде бас жүлденi қанжығасына байлады. Сол жылы «Отырар уілдегі» ЮНЕСКО-ның бас жүлдесiне де ие болады. Мұражайдың ауласында қылует бар. Оның тереңдiгi жеті метр. Қылуеттің ішінде Қыш кітаптар бөлмесі бірінші тұр. Ондағы пештің қызуы 3000 градусқа дейін жетеді. Келесі Рухани тазару немесе махаббат жазығы, яғни Құдайдың адамдарға шексiз сүйiспеншiлiгiн сезiну бөлмесi. Мұнда Құран оқылып, ағартушылық дәрістері жүгізіледі. Соңғы бөлмеде имандылық иiрiмдерiн қобыздың және саз бен қамыс сырнайдың әуезді үнiмен бойға сiңiруге болады. Он саусағынан өнер тамған осындай онқол әкенің бір қырын ұстап жүрген Ерболат бүгінгі таңда елорданың төріндегі Бейбітшілік және келісім сарайында өзі де шәкірт дайындап отыр. Біз оны сол орыннан тауып, әңгімеге тарттық. Ол Бас прокуратурадағы қызметінен тыс сенбі, жексенбі күндері шеберханада құмыра жасап, оның қыр-сырына қанығу дәрістерін жүргізеді. Құмыра – қазақ құндылығы Шебер әңгіме барысында құмыра жасау қазақтың төл өнері екенін, сондықтан еліміздің бірегей құндылықтарының қатарында болуға лайық екенін қайта-қайта шегелеп отырды. Көне Отырар қаласының жанында шеберлер ауылы орын тепкен. Сол жерді археологтар қазған кезінде құмырашылардың ошағы, қол-шарықтары, көптеген басқа да құрал-саймандары табылған. Қазақ даласындағы саз бұйымдары мен ке­рамикалық заттардың басым бөлігі осы жерде өндірілген. Бүгінгінің өлшемімен айт­сақ, ол шағын бір зауыт болған. Осыны зерделеген Кендебай Қарабдалов бұл өнердің қазаққа жат емес екендігін дәйекті түрде дәлелдеу мақсатымен, оның құрылысы мен құрылымдық ерекшеліктерін мұқият зерттеді. «Тіпті, саз балшық құрамының элементтеріне дейін қатты үңіліп, әрбір ұстаның, әр елдің өзіндік қолтаңбасы бар екендігін анықтады. Әрбір кісінің өзіндік жазу ерекшелігі секілді, құ­мыра жасаушылардың да өздеріне тән қайталанбас сти­лі болатындығын әй­гіледі. Бұдан шығатын қо­ры­­тынды, қазақтың жаса­ған құмыралары өзбек пен парсылардан мүлде бөлек құрылып, басқаша өрнектеледі. Кескіні мен оның безендірілу сурет­тері де әрқалай. Біз­дің құмырашылардың жаса­ған заттарында ұлттық нақыштағы ерекшеліктер бар. Яғни, құмыра мойы­нының қысқалығы, қалың­дығы, түр-түсі төл өнеріміз екендігіне дәлел», дейді ол. Кейіпкеріміз Бейбітшілік және келісім сарайында демалыс күндері шеберлік дәрістерін жүр­гізетіні туралы айттық. Негізінен, онда «Құланшы қазіргі заман суретшілері орталығы» бар. Оның директоры қылқалам шебері Ләйлә Махат. Бұл жер тірі галерея іспетті. Яғни, бәрін ұстап немесе бір зат жасап көруге барлық жағдай жасалған. Осыдан екі жыл бұрын, осы орталықтың негізін қалаушылар білек сыбана іске кірісті. Дәл қазір, этнотуризмді дамытуға деген құлшыныс зор. Өйткені, этнографиялық туризм саласында шығын аз, пайда көп. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» Жолдауында елдің инфрақұрылымын дамытуға қатысты айтқан пікірінде салыстырмалы түрде мынадай мысал келтірді. «Елдің инфрақұрылымын салып, дамытуға 100 млрд. теңге қажет, ал туризм саласындағы істі ілгерілету үшін 10 млрд. теңге жеткілікті. Ал екеуінен түсетін пайданың айырмашылығы жер мен көктей. Яғни, туризмге жұмсалар шығын аз да, пайда көп. Біз осы саланы дамытуға күш салуымыз керек», деген еді Елбасы. Ерболаттың тілегі мен ниетіне зер салсақ, аз шығынмен көп пайда таба отырып, қазақ мәдениетін жалпақ әлемге танытуға болады. Мысалы, елімізге бір турист келсе, оның салған қаржысы 13 отбасына нәпақа болмақ. Оның жүріп-тұрғанына жұмсаған шығындарын есептеген мамандар осылай дейді. Қарапайым ғана арифметикаға жүгінсек, 17 млн. халықты асырау үшін елімізге 5 млн. шамасында турист келтіре алсақ, халықтың әл-ауқатын осы саламен-ақ жақсартуға мүмкіндік туады. Ал туристерді қы­зықтыратын дүниенің бірі осындағы байырғы қазақ халқының ерте замандарда қажетіне тұтынған түрлі тұрмыстық заттары екені мәлім. Сондықтан, сол замандарға сай бұйымдарды өз дәуіріне бейімдей отырып өзіміз жасамасақ, оны біреу келіп істеп бермейді. Бала тәлімінің тіні Сары ауыз балалардың денсаулығы мықты, қабілеті қарымды келсін десек зат жасап үйренуіне саз балшық берсек ұлттық тәлімде ұтарымыз көп болады. Осыны айтқан шебер химиялық қоспалардан дайындалған пластилиннен отандық құмырашылар жасаған ермексаздың артықшылығы туралы дәйекті дәлелдерді алға тартты. «Бір кездері Шымкент пен Астана қаласындағы білім басқармалары арқылы мектеп-балабақшаларға пластилиннің орнына өзіміздің саз балшықты ермексаз ретінде пайдалануға ұсыныс жасадық. Оны өзіміз дайындап бере алатындығымызды түсіндіріп, арнайы хат та жолдадық. Нәтижесі көңіл қуантпады. Десек те, республикада бір ғана Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде біздің жобамыз жұмыс істеп тұр. Олардың пайдалы ойымызға бойлай білгеніне қуанып жүрміз. Себебі, Назарбаев мектебінің ұлт болашағын тәрбиелеудегі үлгі тұтарлық игі ісі әлі-ақ тұтас елге қанат жаярына сеніміміз кәміл», дейді құмырашы. Расында, баланың бойында туған жер мен елге деген сүйіспеншілік қасиетін қалыптастыруда отандық табиғи өнімнің пайдасы орасан зор екені анық. Оған қоса, туған жердің топырағы бала жүрегіне ғаламат сезім ұялатады. Ал мектеп-балабақшаларда балапандарымыз еңбекке баулу пәнінде пайдаланып жүрген плас­тилин қайдан, қалай өндіріледі? Оның құрамы қандай? Біздің білуімізше, пластилин мұнай қалдығынан жасалады. Демек, химиялық кері әсері болуы әбден ықтимал. Сондай-ақ, балалар онымен ойнап, қандай да бір бұйым істеп, әп-сәтте оны умаждап қайта бұзады. Осы оспадарлықты өз қолымен істеген балалар өмірді де солай қабылдауы бек мүмкін. Жалпы, адамның мінезі де бала күннен ұзақ уақыт бойы қалыптасатынын ескерсек, олардың азамат болуына бүгінгі ойындары да өз әсерін тигізері сөзсіз. Ендеше, бала мінезінің қалыптасу жолында оның ойлау жүйесі мен таным кеңістігін қалыптастырып, дамытатын ойыншықтарына да жіті көңіл бөлгеніміз абзал. Ал шеберлер ұсынған саз балшықтың құрамы зиянсыз әрі бала денсаулығына пайдалы. Ол өзінің табиғи өнім екенімен де айрықша. Адам физиологиясы кальцийді топырақтан алатынын ескерсек, денсаулыққа пайдасы тағы артады. Себебі, сазда 60 пайызға дейін кальций элементтері бар. – Адам организіміне көптеген қажеттіліктер алақан арқылы алынатынын жақсы білеміз. Осыдан, баланың саз балшықпен ойнау арқылы қаншама пайдаға кенелетінін пайымдап көрелік. Яғни, алақанмен саз балшықты илеу арқылы сүйегінің қатаюына қажетті кальцийді алады және бала еңбек етуге үйренеді. Ең бастысы, жасаған бұйымының бұзылмай, сақталатындығын ескеруіміз керек. Сонда ғана баланың жақсы азамат болып қалыптасуына күмән болмайды. Осылай, балаға балшық илету арқылы көптеген психо-физиологиялық аурулардың алдын аламыз. Мысалы, алақанда орналасқан көз, құлақ, мұрын сынды сезу, көріп, есту мүшелерінің қабілетін жақсартып, дұрыс ойлау мен дамуын қалыптастырамыз. Бұл қазақы тәмсілмен де астасып жатыр. Адамды өз қолын өзіне тыңдата алуға баулиды. Әйтпесе, соңғы жылдары жасөсіпірмдер арасында өз-өзіне қол салу мен жүйкесі сыр бергіш, ашушаң балалар көбейіп келеді. Жапониялық Хирохий Масахи есімді шебер досым айтады, «Біздегі мектеп-балабақшаларда арнайы әзірленген балшықпен ойнау бөлмелері қалыпты жұмыс істеп тұрады. Ол жерге барған бала айызы қанғанша балшықпен ойнайды», дейді. Оны қоя беріңіз, ел арасында балшықпен емдеу терапиясы да бар ғой, – деді зердемізге салмақ салған Ерболат. Құмырашылар саздан жеті түрлі-түсті пластилин секілді ермексаз жасап шығарыпты. Ешбір бояу қоспасынсыз табиғи ақ, қара, қызыл, сұр, қоңыр, көк және сары түсті етіп, бірқатар мекемелерге ұсынған. Алайда, сұраныс болмай, жоба кеңінен қолданысқа енгізілмеді. Тиімділік тұрғысынан алғанда бұдан асқан қандай ойын немесе ойыншықтың түрі бар? Қалай пайымдауды патша көңіліңіз білсін. Сөз соңы Өткен жылдың күзінде көршінің бас­тауышта оқитын баласының іші бүріп, ауруханаға түсті. Тексере келгенде асқазанына бір түйір пластилин жабысып тұрғаны анықталыпты. Химиялық қоспалардан жасалған желім сияқты жабысқақ пәлені асқазан қорытпайды екен. Оған қоса, жабысқан жерінен ажыратып алу тым қиын көрінеді. Демек, құмырашылардың ермексазы Білім және ғылым министрлігінің ескеруіне лайықты жоба. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».