Саясат • Бүгін, 08:58

Қазақстан – Италия: тауар айналымы 20 млрд долларға жетті

10 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елімізге Италия Президенті Серджо Маттарелла алғаш рет ресми сапармен келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ақордада Италия басшысын салтанатты қарсы алу рәсімі өтіп, онда Мемлекеттер басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Сондай-ақ құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұраны орындалды.

Қазақстан – Италия: тауар айналымы 20 млрд долларға жетті

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Ынтымақтастықтың жаңа парағы

Қарсы алу рәсімінен кейін президенттер келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың мемлекетімізге сапары екі ел ара­сындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл сапар Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен бұрыннан келе жатқан серіктестікті растайды.

– Президент мырза, Сізді мәрте­белі мейман ретінде қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстанға жаса­ған алғашқы сапарыңыз ынтымақ­тасты­ғымыздың жаңа парағын ашатыны сөзсіз. Қазақстан мен Италия арасында тығыз ықпалдастық орнаған. Сіздің еліңізге құрметіміз ерекше. Өзара сауда дәйекті түрде дамуда. Біздің экономикалық бай­ланыстарымыздың негізі берік. Түрлі саладағы қарым-қатынасымыз жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы ретінде екіжақты ықпалдастықты нығайтуға үлес қосуға әзірмін, – деді Қазақстан Президенті.

Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, өзара қарым-қатынасты одан әрі арттырудың маңызына тоқталды.

– Сіздің былтыр қаңтар айында Римге жа­са­ған сапарыңыздан кейін Астанада кез­­дескеніме қуаныштымын. Өзіңіз атап өт­кендей, елдеріміз арасындағы қа­рым-қа­тынас ұдайы нығайып, тығыз әрі та­быс­ты си­пат алды. Екі елдің сауда-эконо­ми­калық, мә­дени салалардағы ынтымақ­тас­ты­ғы жыл­дан жылға ілгерілеуде. Уни­вер­си­теттер арасында серіктестік жолға қо­­йыл­ға­нын көріп отырмыз. Достық кө­ңі­­лі­ңізге ал­ғыс айтамын, – деді Италия Президенті.

Тараптар екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттары, сондай-ақ өңірлік және халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, Италия Премьер-министрі Джорджа Мелониге сәлемі мен ықыласын жолдады.

 

Үш ірі сауда серіктесіміздің бірі

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджо Маттарелланың келіссөзі екі ел делегацияларының қаты­суы­­мен кеңейтілген құрамда жалғасты.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия арасындағы көпжос­парлы ынтымақтастық берік саяси диалогке, қарқынды экономи­калық серіктестікке және ты­ғыз мәдени-гуманитарлық байла­ныстарға арқа сүйейтінін атап өтті. Серджо Маттарелланың Астана мен Рим арасындағы серіктестікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосқанына назар аударылды.

иии

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Римге жасаған ресми сапары барысында Қазақстан – Италия ынтымақтастығына тың серпін берген маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгеніне тоқталды.

– Италия Қазақстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Экономикалық ықпалдастығымыз өте қарқынды дамып келеді және оны одан әрі арт­тырудың әлеуеті зор. Сіздің елі­ңіздің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспарын құптаймыз. Италияның кейінгі 20 жылда экономикамызға құйған инвести­циясы 7,6 млрд долларға жетті. Бүгін­де қазақ жерінде 250 италия­­лық компания табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ынтымақ­тас­тықты тереңдетудің перс­пек­тивті бағыттарын айқындады. Оның ішінде аса маңызды шикізат материалдары, мұнай химиясы, машина жасау, көлік-логистика, жеңіл өнеркәсіп, тағам өнімдерін қайта өңдеу, жасанды интеллект, қаржы, туризм және білім беру салаларына баса мән берілді.

Тараптар екі ел БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар аясында белсенді ықпалдастық орнатқанын атап өтті. Жемісті жұмыстардың үлгісі ретінде «Орталық Азия плюс» диалог алаңын, сондай-ақ биыл мамыр айында Астанада өткен «Орталық Азия – Италия» бірінші саммитін айтуға болады. Қазақстан тарапы Италияның аталған бастаманы іске асыруға қолдау көрсеткенін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонимен өткен достық кез­десуді, сондай-ақ оның Астана халықаралық форумында бас­ты спикер ретінде баяндама жаса­ғанын ықыласпен еске алды.

Кездесуде тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелеріне де ерекше көңіл бөлді. Осы орайда Қазақстан Президенті Астананың орталық көшелерінің бірін саяхатшы Марко Поло есімімен атау жөнінде шешім қабылданғанына тоқталып, мұны қос мемлекеттің берік достығының символы ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

Италия Президенті серіктес­тікті одан әрі нығайтудың маңы­зын атап өтіп, екі ел арасындағы сенімді диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын жеткізді.

– Біз үшін бұл сапардың мәні зор. Сіздің былтыр Римге жасаған сапарыңыз өзара қарым-қатынастың маңызды кезеңі ретінде ынтымақтастығымыз­дың одан әрі нығаюына берік негіз қалады. Бұл қадамдар серіктeстігімізге барлық бағытта ерекше сипат береді. Мәдениет саласындағы ықпалдастығымыз белсенді дамып келеді. Италия Орталық Азиядағы алғашқы мәдениет орталығын Астанада ашқан. Елорданың бір көшесін Марко Полоның құрметіне атау туралы ұсынысыңыз қос мемлекеттің байланысын одан әрі тереңдетуге бейіл екеніңізді көрсетеді. Бұл қолдауыңыз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Серджо Маттарелла.

Келіссөз соңында тараптар Президент Серджо Маттарел­ланың ресми сапары Қазақстан – Италия қарым-қатынасы тарихының жаңа парағын ашатынына сенім білдірді.

 

Достық пейілдің айғағы

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан және Италия арасын­дағы достық пен ынтымақ­тас­тықты нығайтуға айрықша үлес қосқаны үшін Президент Серджо Маттареллаға І дәрежелі «Достық» орденін салтанатты түрде табыс­тады. Сондай-ақ бұл қазақ елінің шынайы құрметі, барша Италия халқына деген достық пейілі мен ыстық ықыласының айғағы екенін жеткізді.

сми

Мемлекет басшысы Италия Прези­дентіне халықтың қолдауы­на ие болған көшбасшы, әлемге танымал беделді саясаткер деп баға берді.

– Сіз еліңіздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңіріп келесіз. Бүгінде Италия барлық салада толайым та­бысқа жетті. Әлемдік көш­бас­шылар қатарына кіретін мем­лекет­тің бірі. Еліңізде экономика, ин­но­вациялық технология саласын­да тың жобалар жүзеге асырылып жатыр. Экология, «жасыл» энергетика бағытында озық бастамаларыңыз бар. Италияның терең тарихы, бірегей мәдени мұрасы – бүкіл адамзаттың құнды қазынасы. Сіздер аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті сақтау ісінде маңызды рөл атқарып жатсыздар. Халықаралық мәселелерді шешуге белсене атсалысып келесіздер. Бұл – Сіздің салиқалы саясатыңыздың жемісі. Өзіңіздің басшылығыңызбен Италия алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра береді деп сенемін, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың екі ел қарым-қатынасын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқа­нына назар аударды.

– Саяси диалогіміз жоғары деңгейде жүріп жатыр. Сауда-эконо­микалық және мәдени-гу­манитарлық байланыс қарқынды дамып келеді. Көпжақты құры­лымдар аясында тығыз ықпал­дастық орнаттық. Мен Сіздің бұл бағыттағы еңбегіңізді ерекше бағалаймын. Бірлескен күш-жігері­міздің арқасында қос халықтың достығы нығая береді. Бүгінгі келіссөздер мен уағдаластықтар стратегиялық серіктестігімізді күшейте түседі деп ойлаймын. Біз осы жолда бірлесіп әрекет етуге дайынбыз, – деді Президент.

Өз кезегінде Серджо Маттарелла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Италияның ең жоғары награ­дасы – «Италия Республи­касы­на сіңірген еңбегі үшін» орденін тапсырды.

– Еліміздің бұл жоғары наградасы Италиямен достық қатынасты нығайтуға үлес қосқан мемлекеттер басшыларына ғана беріледі. Сіздің әлемдік тәртіпті қамтамасыз етуге және бейбітшілікті қолдауға бағытталған қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ Италия мен Қазақстан арасындағы ынты­мақ­­тастықты дамытуға ұдайы атса­лы­сып келе жатқаныңыз үшін риза­шылық білдіреміз. Сізге табыс­та­лып отырған бұл марапат біздің Рес­публикамызға сіңірген еңбегің­із­дің бағасы, – деді Италия Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланың қолынан Италияның жоғары мемлекеттік наградасын алу зор мәртебе екенін жеткізіп, алғыс айтты.

 

Римде – Абай, Астанада  Марко Поло есімі жаңғырмақ

Келіссөздер аяқталғаннан кейін Қазақстан мен Италия Президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Қазақстанның Еуропа одағындағы маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, қос мемлекеттің түрлі бағыттағы ынтымақтастығы уақыт өткен сайын арта түсуде.

– Саяси диалогіміз жоғары деңгейде жүріп жатыр. Сауда-экономика саласында берік ықпалдастық орнаттық. Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс көле­мі 20 млрд долларға жетті. Биыл­ғы 8 айда бұл көрсеткіш 11,3 млрд доллар болды. Италия – біз­дің ең ірі инвестициялық серікте­сіміз­дің бірі. Қазақстанда 250-ге жуық италиялық компания табыс­ты жұмыс істеп келеді. Бұл ел Қазақ­стан экономикасына 2005 жылдан бері шамамен 7,6 млрд доллардан аса қа­ражат құйды. Осы бағыттағы қа­рым-қатынасымыз ойдағыдай дамуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Италия Президентімен мазмұнды келіс­сөз жүргізілгеніне назар аударды. Кездесуде Президенттің былтыр Римге жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылаған. Cонымен қатар тараптар ықпалдастықты күшейтудің жаңа бағыттары туралы әңгімелескен.

– Өзара сауда-саттық көлемін одан әрі арттыруға келістік. Тауар түрін көбейту үшін, ең алдымен, іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет. Бұл – маңызды міндет. Сондай-ақ біз екі елдің мүддесіне сай келе­тін жаңа инвестициялық жоба­ларды қарастыратын болдық. Әсіресе энергетика, ауыл шаруа­шылығы, машина жасау, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі салаларына баса назар аудардық. Осы жұмысқа екі елдің Экономика­лық ынтымақтастық жөніндегі үкімет­аралық комиссиясы баса мән беруі қажет деп санаймыз. Көлік-логистика саласындағы байланыс­ты нығайту мәселесін пысықтадық. Халықаралық көлік дәліздерінің, соның ішінде Транскаспий дәлізі­нің әлеуетін сөз еттік. Логистика ин­ф­рақұрылымы және қайта өң­деу өнеркәсібі секторындағы ы­қпал­дастық мүмкіндіктерін талқы­ладық, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, президенттер цифрлық технологияны эконо­микаға жаппай енгізудің маңы­зына тоқталып, жасанды интеллекті мен үлкен дерекқорларды пайдалануға қатысты тәжірибе алмасу туралы пікірлескен.

– Мен бұл салаларда бірлесе жұмыс істеуге дайын екеніміз­ді жеткіздім. Ертең Президент Маттарелла аймақтағы ең ірі IT стартап паркі – «Astana Hub»-қа барады. Еліміздің осы бағыт­тағы жетістіктерімен танысады. Бұған қоса қаржы және туризм саласындағы тың жобалар­ды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаластық. Жалпы, Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Италия компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөз барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту ісіне мән берілген. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін елорда көшелерінің біріне Италияның ұлы саяхатшысы Марко Полоның аты берілетінін мәлімдеді.

– Келесі жылы Италияда «Көшпелілер алтыны» көрмесі өткізілмек. Сондай-ақ Неапольдегі көне Сан Карло театрында «Абай» операсын қою жоспарланған. Биыл Рим қаласында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылады. Осы сәтті пайдалана отырып, игі бастамаға қолдау білдіргені үшін Италия халқына шынайы ризашылығымды жеткізгім келеді. Біз мұны қазақтың мәдени мұрасына көрсетілген құрмет пен шынайы достық пейілдің көрінісі деп қабылдаймыз. Осындай тағылымды іс-шаралар халықтарымызды жақындата түсетіні сөзсіз, – деді Президент.

Тараптар келіссөз кезінде білім саласына да айрықша тоқталған.

– Қазіргі таңда Италияның үздік жоғары оқу орындарында Қазақстанның 4 мыңнан аса студенті білім алып жатыр. Сол үшін Италия Үкіметіне алғыс айтамын. Биыл Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің негізінде Марке политехникалық университетінің филиалы жұмыс істей бастады. Оқу орны жас ұрпақтың жоғары сапалы білім алуына мүмкіндік береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Прези­дент Серджо Маттарелламен бір­қатар халықаралық өзекті мәселе бойынша пікір алмасқанын жеткізді.

– Қазіргідей күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығуы­на қатысты алаңдаушылық білдір­дік. Қос тарап барлық түйткілді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысына сәйкес бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу керек деп санайды. Қазақ­стан мен Италия халықаралық ықпал­дастықты күшейтуге мүд­делі. Жаһандық тұрақтылық пен бей­бітшілікті нығайту ісіне бел­сене атсалысуға дайын. Біз бір-бірі­міздің бастамаларымызды үнемі қолдап келеміз. Көпжақты дипломатияны одан әрі дамытуға ерекше мән береміз. Осы орайда «Орталық Азия – Италия» диалог алаңы аймақтық деңгейдегі әріп­тестігімізді жандандыра түсері анық. Италия тара­пының бастамасы­мен оның алғаш­қы отырысы биыл Астанада өткенін білесіз­дер. Осылайша, халық­аралық құ­рылымдар аясындағы ық­пал­дас­тығымыз нығайып келеді. Ал­матыда Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның Орталық Азия мен Ауған­стан­ды дамыту орталығын ашу туралы бастамаға қолдау көрсе­ткені үшін Италия тарапына зор алғыс айтамын, – деді Президент.

Өз кезегінде Серджо Маттарел­ла Италия мен Қазақ­стан ара­сындағы берік достықты бекемдей түсу үшін Астанаға ар­найы келгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сапар екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беріп, оны одан әрі өркендетуде маңызды рөл атқарады.

– Италия мен Қазақстанның ғасырлардан тамыр тартатын мәдени және тарихи дәстүрі бар, архео­логиялық және көркемөнер мұра­сы өте бай. Бұл біздің гумани­тарлық саладағы өзара ықпалдас­тығымызды тереңдетуге берік негіз қалайды, – деді Италия Президенті. 

Соңғы жаңалықтар