
Сондай-ақ қазіргі таңда сұйытылған мұнай газын сату қызметі бәсекелестік ортаға берілгенін ескерсек, облыста газ қондырғысымен жабдықталған көліктердің саны 31 мың 326-ға артқан. Одан бөлек, бүгінгі жағдайда облыс тұрғындары үшін сұйытылған мұнай газына деген қажеттілік 9-10 мың тоннаны құраған.
Бұл туралы облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарамасының басшысы Ғалым Исақов хабарлады.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, Энергетика министрлігі тарапынан тоқсан сайын әлеуметтік сұйытылған мұнай газы бөлініп отырады. Ал биыл қыркүйек айына облысқа 5 мың 330 тонна сұйытылған мұнай газы бөлінсе, оның ішінде «Петро Қазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауытынан 3 мың 755 тонна, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамынан 1 мың 575 тонна жіберілген.
Осы жылы аймаққа 75 мың 661 тонна газ бөлініп, кәсіпкерлер тарапынан, яғни 31 газ желісі ұйымымен коммерциялық сұйытылған мұнай газы сатып алынуда.
– Қазіргі таңда облыста 39 вагон-цистернада 1 мың 404 тонна сұйытылған мұнай газы теміржолмен жөнелтілді. Бұл вагондар жақын уақытта діттеген жерге жетіп, жанаржағармай құю станцияларына толыққанды бөлінеді. Бүгінде өңірде 360 тонна сұйытылған мұнай газының қоры бар. Одан бөлек, Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес бірінші тамыздан бастап Тараз қаласы және оған жақын аудандардағы автогаз толтыру бекеттерінде газдың бағасы бір литр үшін 102 теңге, алшақ орналасқан, яғни 200 шақырымнан асатын бекеттерде 107 теңгені құрады, – дейді Ғалым Исабайұлы.
Сонымен бірге басқарма басшысы қазіргі уақытта облыстағы барлық автогаз құю бекеттерінде газ еркін сатылымда екенін, тапшылық және кезек күтудің байқалмайтынын жеткізді.
Жамбыл облысы