
Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген қаражатқа және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен Мұғалжар ауданының Мұғалжар ауылында салынған амбулаторияға 300 млн теңге жұмсалды. Осы емдеу мекемесінің бірнеше дәрігері мен орта медициналық қызметкерлеріне 1,5 мың ауыл тұрғыны бекітілген. Олар келушілерді қабылдап қана қоймай, зертханалық талдаулар жүргізіп, тұрғындарды скринингтен де өткізеді.
Тәулігіне 45 тұрғын қабылдай алатын мекеме қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Байғанин ауданының Ноғайты ауылында да 190 млн теңгеге фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Алыс ауылдағы тұрғындардың денсаулығын бақылап, қажет болған жағдайда алғашқы жәрдем көрсетуге дайын емдеу мекемесі тәулігіне 40 тұрғынды қабылдайды. Қайтарылған қаржыға салынған тағы бір емдеу мекемесі –Ырғыз ауданы Жарма ауылындағы медициналық пункт. Оның құрылысына 145 млн теңге жұмсалды. Таяу аралықта Алға ауданының Маржанбұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулатория да пайдалануға беріледі.
Ақтөбе облысы.