Экономика • Бүгін, 12:57

Алматы облысында автокомпоненттер өндіретін жаңа зауыт жұмысын бастады

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Автомобиль өнеркәсібі – Қазақстан экономикасының маңызды салаларының бірі. Бүгінде елімізде автокөлік құрастыру көлемі артып келе жатқанымен, қосалқы бөлшектердің басым бөлігі шетелден әкелінеді. Осыған байланысты, мемлекет тарапынан автоқұрастыру зауыттарын отандық өнімдермен қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Алматы облысында автокомпоненттер өндіретін жаңа зауыт жұмысын бастады

Осы бағытта қолға алынған «QazElastoPlast» зауытының ашылуы – өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадам. Зауыт Қазақстанның автоөндірушілері үшін қажетті автокомпоненттер өндірісін жолға қоюды көздейді.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 600 миллион теңгені құрайды. Бұл қаражат заманауи еуропалық құрал-жабдықтарды сатып алуға, өндіріс технологиясын жетілдіруге және жоғары сапалы өнім шығаратын өндіріс желісін іске қосуға бағытталды.

Кәсіпорын жылына 150 мың жиынтық автополиктер шығаруға қауқарлы. Бұл көрсеткіш ішкі нарықтағы сұранысты толықтай қанағаттандырып, шетелден әкелінетін өнімдерге тәуелділікті айтарлықтай төмендетеді.

Бүгінгі таңда зауытта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, бұл – жергілікті тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік қолдау. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 250 мың теңгені құрайды. Болашақта өндіріс көлемі артқан сайын жаңа жұмыс орындары ашылып, қызметкерлер саны да көбеймек.

Зауытта шығарылатын өнім түрлері автомобиль өнеркәсібінің негізгі қажеттіліктерін қамтиды. Тарқатар болсақ, үйінді кілемдер, түрлі үлгідегі автомобиль төсеніштері, шашыратқыштар, тығыздағыш резеңке таспалар.

Бұл өнімдер Қазақстандағы автокөлік құрастыратын зауыттар үшін аса қажет. Бұған дейін мұндай бөлшектер негізінен Ресей, Қытай және басқа да елдерден импортталатын. Енді «QazElastoPlast» зауытының жұмысы арқасында отандық автоөнеркәсіп толыққанды жергілікті өнімге сүйеніп жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Зауыттың ашылуы тек өндірістік салаға ғана емес, әлеуметтік бағытқа да оң әсерін тигізеді. Жаңа жұмыс орындарының пайда болуы – жергілікті тұрғындар үшін тұрақты табыс көзі. Сонымен қатар, кәсіпорыннан түсетін салық түсімдері аудандық және облыстық бюджеттердің кірісін арттырып, әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Жамбыл ауданының әкімі өз сөзінде зауыттың ашылуы өңірдің экономикасы үшін үлкен жетістік екенін атап өтті: «Бұл жоба біздің ауданның өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстандағы автоөнеркәсіптің дамуына жаңа серпін береді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау нәтижесінде осындай заманауи кәсіпорындар іске қосылып жатыр. Бұл – импортты алмастыру саясатының нақты көрінісі», – деді ол.

«QazElastoPlast» зауыты өнім сапасына ерекше мән береді. Өндіріс процесінде экологиялық талаптарға сай және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін материалдар қолданылады. Зауытта орнатылған заманауи технологиялар өнімнің ұзақ мерзімділігін, беріктігін және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Кәсіпорынның мамандары үздіксіз оқытудан өтіп, өндіріс технологияларын жетілдірумен айналысады. Болашақта зауыттың ғылыми-зерттеу бөлімі құрылып, жаңа үлгідегі автокомпоненттерді әзірлеу жоспарлануда.

Сарапшылардың айтуынша, «QazElastoPlast» зауыты Қазақстандағы автокомпоненттер өндірісін жаңа деңгейге көтереді. Бұл отандық автоөнеркәсіп үшін аса маңызды, себебі қосалқы бөлшектердің жергілікті өндірісі автомобиль бағасын төмендетіп, нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттырады.

Сонымен қатар, бұл жоба еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына толық сәйкес келеді және өңірлік экономиканы әртараптандыруға үлес қосады.

Алматы облысы.