Спорт • Бүгін, 08:40

Әбиба – әлемдік рейтингте көш басында

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

IJF-тің жаңартылған рейтингінде еліміздің ең белді дзюдошыларының бірі Әбиба Әбужақынова 48 кг салмақ дәрежесінде жеке-дара көш бастады. Осыған дейін алдына жан салмай келген италиялық Ассунта Скутто үшінші сатыға сырғып түссе, ресейлік Сәбина Гилязова екінші орынға көтерілді.

Әбиба – әлемдік рейтингте көш басында

28 жастағы Әбибаның қор­жынында әлем чемпио­наты­ның бір күмісі мен екі қоласы бар, Азия ойындары мен құр­лық біріншілігінің екі дүр­кін финалисі. 30 жастағы Сәбина қарт құрлықтың басты додасында екі рет үздік үштікті түйіндеді. ­23 жас­тағы Ассунта әлем чем­пио­­ны, сол жарыстың күміс, екі дүр­­кін қола жүлдегері. Яғни олар­­дың үздіктер тізімінің алдыңғы ­легін­де тұруы заңды.

Кейінгі бес жылда өрелі өнері, табандылығы, толағай табысымен өз жанкүйерлерін қуан­тып жүрген Әбиба Олимпия ойындарында ғана жеңіс тұғы­ры­на көтеріле алған жоқ. Ол татамиде асқан ше­берлік танытады, бәсекенің со­ңына дейін күреседі. Тартынып қа­лу, өз-өзін аяу дегенді білмейді. Жеңіске деген құштарлығы ерен спортшыны мұқым Алаш жұрты Лос-Анджелес Олимпиадасы­ның биі­гінен көруді армандайды.

Өкінішке қарай, еліміздің құрама командасы сапындағы басқа дзюдошылардың қарқыны бәсең. Ғалия Тынбаева 24-орында тұр. Ғалия да Әбибамен бірге аса жеңіл салмақта сынға түсіп жүр.

Өзге қыздарымыз IJF рей­тингінде мынадай сатыларға жай­ғасты: Назгүл Маратова (+78 кг) – 28, Есмигүл Куюлова (63 кг) – 42, Кәмила Берліқаш (+78 кг) – 46, Бақыт Құсақбаева (57 кг) – 58, Толғанай Әбеуова (52 кг) – 61, Екатерина Токарева (70 кг) – 65, Карина Тәкиева (+78 кг) – 65, Ақерке Рамазанова (+78 кг) – 68, Аруна Жанкелдина (78 кг) – 75, Самалай Ерғалиева (63 кг) – 93-орын.

Ерлердің рейтингінде осыдан екі-үш ай бұрын ғана ТОП-10-дықта еліміздің екі балуаны – Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев бар еді. Бірақ олар қазір өз позицияларын біраз әлсіретіп алды. 60 кг салмақ­та­ғы Елдос 9-орыннан 15-сатыға сырғып түсті. Күні кешеге дейін үздік ондықты түйіндеп тұрған 66 кг салмақ дәрежесіндегі Ғұсман қазіргі кезде 12-орында. Аса жеңіл салмақтағы Мағжан Шамшаддин 18-орынды еншілесе, Талғат Орынбасар 25-сатыға жайғасты. Нұрқанат Серікбаев – 39, Шерзод Давлатов – 42, Дәурен Сүйкенов – 57, Нұрәділ Әлжан – 96-орында.

81 кг салмақтағы Абылайхан Жұбаназардың да қарқыны жаман емес. Азия ойындарының қола, Гранд-Слэм жарыстарының алты дүркін жүлдегері 15-орынға тұрақтады. Алыптармен айқасып жүрген Ерасыл Қажыбаев 21-сатыға табан тіреді. Ерасыл да бірқа­тар халықаралық турнирлер мен құрлықтық деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілген.

Еліміздің ерлер құрамасының өзге мүшелерінің IJF рейтин­гіндегі орындары мынадай: Нұрлыхан Шархан (100 кг) – 29, Мейірлан Максим (90 кг) – 37, Марат Байқамұров (100 кг) – 42, Ермахан Әнуарбеков (90 кг) – 48, Ислам Бозбаев (100 кг) – 50, Азат Күмісбай (81 кг) – 52, Бақытжан Әбдурахманов (73 кг) – 53, Данияр Шамшаев (73 кг) – 60, Есет Қуанов (73 кг) – 61, Бағжан Байтас (100 кг) – 70, Әділет Сапарғалиев (100 кг) – 72, Мәди Еділбаев (+100 кг) – 81, Бейбіт Мәдиев (100 кг) – 82, Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) – 83, Мейіржан Жұмабек – 90, Ислам Тоқтасын (73 кг) – 91, Айдар Арапов (90 кг) – 97-орын.