Қоғам • Бүгін, 18:23

Суицид туралы грек ойшылдары не дейді?

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өз-өзіне қол салу – ежелден-ақ адамзат ойшылдарын толғандырған ауыр тақырып. Грек ойшылдары Платон мен Аристотель бұл мәселеге жай ғана жеке адамның таңдауы ретінде емес, жанның мәңгілігіне, әділет заңына, мемлекет алдындағы жауапкершілікке байланысты қараған. Қадірлі оқырман, адамзат санасына ересен еңбек еткен екі философтың осы мәселе төңірегіндегі салмақты ойларын жинақтап, назарларыңызға ұсындық.

Суицид туралы грек ойшылдары не дейді?

Платон: Жан ешқашан өлмейді

Платон философиясында суицид мәселесі жанның мәңгілігі мен тағдырдың әділеттілігімен байланысты қарастырылады. Ол үшін әлем – үйлесім мен тұтастыққа құрылған біртұтас жүйе. Ол хаос пен тәртіпті, тән мен жанды, материалдық пен идеялықты диалектикалық жолмен біріктіріп, барлығын жоғары бірлікке әкеледі.

Адам – ғарыштың кішірейтілген нұсқасы. Яғни, тән – макрокосмның шағын көрінісі, ал жан – үйлесімділік пен тәртіпке сүйенетін мәңгілік бастау. Платон мұны «заң» және «заңдылық» деп атады. Оның ойынша, әлемді әділет пен даналыққа негізделген ғарыштық Ақыл басқарады. Бұл заң табиғаттағы барлық нәрсені қамтиды. 

Тағдыр – адам өмірінің де негізгі реттеушісі. Сократтың сөзімен айтқанда: «Егер құдайлар қаласа, солай болсын» (Критон). Бұл жерде әділеттілік жеке өмірден жоғары тұрады: «Әділеттіліктен артық ештеңені қойма – не баланы, не өмірді». Платон жанның өлместігіне төрт дәлел келтірді.

Біріншісі, қарама-қайшылықтардың өзара ауысуы. «Федон» кітабында: «Тірілер өлілерден пайда болады, өлілер де тірілерден пайда болады». Екіншісі, таным – жаңа білім алу емес, ұмытылғанды қайта оралу. Үшіншісі, жанның эйдос, яғни болмыс ретіндегі мәңгілік табиғаты. Төртіншісі, жан – өмірдің болмысы болғандықтан, ол ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Платон: «Әрбір жан мәңгілік», дейді.

Бұл ойлар суицид мәселесіне  тікелей қатысты. Өйткені егер жан өлмейтін болса, онда адамның өзін-өзі өлтіруі түпкілікті жойылу емес, тек жанның басқа күйге өтуі ғана. Бірақ Платон үшін мұнда ең маңыздысы – жанның күнәдан тазалығы. 

Ол былай дейді: «Барлық зұлымдықтардың ішіндегі ең үлкені – жанның Аидке көптеген әділетсіз істердің салмағымен баруы», дейді Горгий атты софистпен сұхбатында.

Осылайша, Платон үшін суицид тек қана жеке адамның таңдауы емес, бүкіл ғарыштық тәртіпке қарсы келу. Өйткені әрбір жанның тағдыры мәңгілік әділет заңымен өлшенеді. Жан өлмейді, сондықтан адамның міндеті – әділетті өмір сүріп, өз рухын таза ұстау.

 Философ

Аристотель: Өзін өлтірген адам бір мезетте әрі «құрбан», әрі «қылмыскер»

Аристотель өзін-өзі өлтіруді заң тұрғысынан қарастырады. Ол «Никомах этикасында»:

«Заң адамға өзін өлтіруді бұйырмайды, ал заң бұйырмаған нәрсеге тыйым салады. Сондықтан адам өз еркімен өзіне қасақана зиян келтірсе, ол әділетсіз әрекет болып саналады. Мәселен, ашуға беріліп, өзін жарақаттаған адам да заңға қарсы шығады. Өйткені ол нені істеп отырғанын біледі және саналы түрде жасайды», деп жазады.

Алайда мұнда бір ескеретін дүние бар. Өзін өлтірген адам бір мезетте әрі «құрбан», әрі «қылмыскер» деген сөз. Ол өзінің жан дүниесіне әділетсіздік жасайды, бірақ бұл әділетсіздікті өз еркімен қабылдайды. Ал шын мәнінде, Аристотельше айтсақ, «ешкім әділетсіздікті өз еркімен бастан кешпейді». Сондықтан бұл жағдайды философ өз мүлкін ұрлап алған адамға ұқсатады. Яғни, ол өзі зиян шеккенімен, іс жүзінде соған өзі мүмкіндік берген.

«Өзін өлтірген адам заң тұрғысынан жәбірленуші емес, тек қана қылмыскер. Өйткені ол қоғамға зиян келтіреді. Өз еркімен өмірден кеткен азамат мемлекетке тиесілі бір адамды алып кетеді. Сондықтан Аристотель: «Мемлекет өзін-өзі өлтірген адамға жаза қолданады, оны белгілі бір дәрежеде масқаралайды. Өйткені ол мемлекетке әділетсіздік жасады», дейді «Никомах этикасында».