
Бүгінде жобаны іске асыру үшін республикалық деңгейде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында келісім жасау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, пилоттық жоба алдымен біздің облыста іске қосылып, кейін республика бойынша таратылады.
Жуырда облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен «Тыныс» акционерлік қоғамында аталған жобаны жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Бұл бастама мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған және әрбір қазақстандықтың тең құқығын қамтамасыз ету мен өмір сапасын арттыру жөніндегі мемлекет міндеттеріне сай келеді.
– Қазақстан Республикасының Президенті ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау елдің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өткен болатын. Бүгінде өңірде 29 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, олардың 1293-і арбамен қозғалады. Жыл сайынғы қажеттілік – белсенді пайдаланушылар үшін шамамен 300 электрқосалқы құрылғы. Жобаны жүзеге асыру инклюзивті қоғам құруға, инфрақұрылымдық және әлеуметтік кедергілерді жоюға, сондай-ақ отандық әзірлемелер мен өндірістерді қолдауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Алтынай Әміренова.
Қазіргі уақытта «Тыныс» акционерлік қоғамында осыған дайындық жұмыстары басталды. Өндірістік база құрылып, техникалық пысықтау және жобаны іске қосу іс-шаралары қарастырылуда.
Көкшетау.