Сұхбат • Бүгін, 08:48

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ: Тілдің болашағын технологиялық кеңістіктегі орны айқындайды

30 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

– «Қазақ тілі» қоғамының тізгінін ұстағаныңызға үш жылға жуық уақыт өтіпті. Осы аралықта қоғам өмірінде қандай тың бетбұрыс пен бас­тама қолға алынды?

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ: Тілдің болашағын технологиялық кеңістіктегі орны айқындайды

– Иә, бұл кезең біз үшін шы­найы серпіліс пен нақты іске бетбұрыс уақыты болды. Бас­ты оқиға – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тілдің басты жанашыры ретінде «Қазақ тілі» қоғамының бастамаларына ерекше ықылас танытып, жеке қолдау танытуы. Алғашқы болып «Qazaq Tili Endowment»  қорына үлес қосты. Осы сенімнің арқасында бизнес қауымдастық бастаманы жалғастырып, бір жарым жыл ішінде 700 млн теңгеден аса қаражат жиналды. Осылайша, қоғамның тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, ірі жобаларды іске асыруға мүмкіндік берген жүйе қалыптасты. Жаңа кезеңдегі белсенді қызметімізге даңғыл жол ашылды.

Алғашқы күннен бас­тап қо­ғам жұмысына жаңа тыныс беру мақсатында құры­лым­дық өзгерістер жасалды. Қам­қор­шылар кеңесі мен Орталық кеңес құрамына белсенді, тәжірибелі азаматтарды тарттық. 2024 жылы 40-қа жуық аймақтық, респуб­ликалық, халықаралық іс-шара өткіздік, биыл сол бастамалар кеңейіп, жалғасып жатыр.

Екінші жыл қатарынан «Бі­лім-инновация» лицейімен бірлескен «Жарқын болашақ» шығармашылық олимпиадасы ұйымдастырылды. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің респуб­ликалық форумдары тұрақты форматқа айналды. Биыл алғаш рет «Ана тілі» олимпиадасын өт­кіздік. Еліміздің барлық өңі­рі­нен 5 мыңнан аса оқушы қатысып, шешуші кезеңде 200-ге жуық жас Астанада бақ сынады. Жеңімпаздарға Абай атындағы ҚазҰПУ, Narxoz, Coventry University сияқты алдыңғы қатар­лы оқу орындарының жалпы саны сегіз білім гранты табысталды. Аталған университеттер басшыларына ризашылығымызды білдіреміз.

Ал мазмұнды дамыту бағы­тында халықаралық Disney, Pixar студияларымен әріптес­тігіміз жалғасын тапты. Көктемде «Ақшақар», маусымда «Лило мен Стич», «Элио» сынды үздік туындыларды қазақ тілінде тама­шаладық. Жыл соңына қарай «Аңдар шаһары 2», «Аватар. От пен күл» фильмдері шығады. Кө­рер­мен сұранысы өсіп, касса­лық табыс үлесі артты, жаңа рекорд­тар орнады. Бұл қазақтілді көрер­меннің үлкен жеңісі дер едік.

– Сіз айтып отырған өзге­ріс өңірлердегі филиалдар жұ­мысына қалай әсер етті? Қате­лес­песем, әр облыс пен үл­кен қала­ларда филиал­дарыңыз бар ғой.

– Дұрыс айтасыз. Еліміздің барлық өңірінде филиалымыз бар. Аймақтық жұмыс та жанданып келеді. Көбінің төрағалары жаңарды. Ұлттық және өңірлік оқу орындарының басшылары, кәсіпкерлер мен белсенді жас мамандар ортаға қосылды. Кейінгі екі жыл ішінде қоғамның құрылымы күшейді.

– «Қазақ тілі» қоғамының негізгі стратегиялық мақса­ты қандай? Мазмұн мен әдісте­меден бөлек, басқа қандай ба­ғыт­тарға назар аударасыздар?

– Біздің мақсат – «Қазақ тілі» қоғамын қатардағы ұйым дең­гейінен заманға сай, ықпалды, ана тіліміздің пәрменіне арқа сүйейтін тегеурінді қоғамдық институтқа айналдыру. Қазақ тілі тұрмыспен шектелмей, ғылым­ның, бизнестің, технология мен халықаралық коммуникацияның толыққанды тілі болуға тиіс. Сол үшін жұмысымызда үш арнаға сүйенеміз. Біріншісі – білім мен әдістеме. Мұғалімдердің кәсіби дамуын қолдау, өңірлік форумдар, әр жасқа арналған лексикалық-грамматикалық минимумдарды бекіту, оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін күшейту. Екін­шісі – мазмұн. Заманауи оқулық­тар, мультимедиялық өнім­дер, сөздіктер санын арттыру, қазақша дубляж саласын дамы­туға қолдау көрсету. «Oxford Qazaq» атты 60 мың сөз бен жарты миллионнан аса қолданыс үлгісін қамтитын еңбегіміз қазақ тілін халықаралық ғылыми айналымға шығарудың қуатты құралына айналып келеді. Үшіншісі – технология. Тілді цифрлық кеңістікке батыл енгізу: жасанды интеллект, аударма жүйелері, STT/TTS бағыттары. Бұл – алдағы жылдардағы басты мақсат.

Мемлекет басшысы биыл­ғы Жолдауында жасанды интел­лектінің дамуы халықтың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатқанын айтты. Үш жылда жаппай цифрлық ел болу міндетін алға қойды. Біздің қоғам да тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, заманауи тіл ретіндегі мәртебесін арттыру мақсатында цифрландыру жұ­мысына басымдық береді. Осы бағытта идея алмасу, әріптес­тік алаңын кеңейту үшін 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тіл­дері күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырып, «Қазақ тілі – ғылым мен технология тілі» атты ауқымды конференция өткіздік. Оған Үкімет мүшелері, белгілі ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Барлық өңірден тіл саясатына жауапты мамандар, басқармаларының өкілдері, жалпы мыңнан аса адам онлайн форматта қосылды. Мемлекеттік тілдің заманауи ғылыми-цифрлық кеңістіктегі орны мен мүмкіндіктері талқы­ланған конференцияға Мемлекет басшысы да өзінің арнайы құт­тықтауын жолдады.

– Жақында «Ұлттық диктант» жобасын бастадыңыздар. Мақсаты қандай, оған кім қатыса алады?

– Иә, жоғарыда аталған конференция барысында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қа­зына» ұлттық ғылыми-прак­ти­ка­лық орталығымен бірге «Ұлт­тық диктант» жобасын ресми түрде таныстырған едік. Мұны ұлтымызды біріктіретін, әр аза­матты тілге жақындататын мәде­ни-ағартушылық жоба болса деген ниетпен бастадық. Бұл – сынақ емес, жарыс емес, ең алдымен, әр адамның өзі үшін жасайтын, мемлекеттік тілді қолдау қадамы. Мақсатымыз – жазу мәдениетін дамыту, баршаны қазақ тілінде сауатты жазуға дағдыландыру, ең маңыздысы тіл арқылы ұлттық бірегейлікті нығайту.

Диктант мәтіні қазақ әдебие­тінің жауһарларынан таңдалды. Осы арқылы әдеби мұраға назар аудартып, тіліміздің байлы­ғын көрсеткіміз келді. Конферен­цияның ресми бөлімі аяқтала салысымен министрлер, депутаттар, ғалымдар мен тіл жанашырлары барлығы бірге диктант жазды. Мәтінді белгілі диктор Қымбат Досжан оқыды.

Жобаның негізгі жаңалығы – диктантты онлайн форматта да жазуға болады. Ол үшін қоғам­ның www.til.kz ресми сайтында арнайы «Ұлттық диктант» парақшасы жасалды. Жыл соңына дейін онлайн форматтағы диктантқа мектеп оқушылары мен студенттер, жалпы кез келген адам қатыса алады. Қатысу – тегін. Кез келген адам үшін өзінің сауаттылық деңгейін сынауға мүм­кіндік бар. Қатысушыларға электронды алғысхат пен Kitap қосымшасына жазылым беріледі. Бұл – марапат емес, адамның тіл үйренуге ынтасын арттыратын құрал. Диктант жазуды бір рет өтетін акция емес, жыл са­йын дәстүрлі түрде ұйымдас­ты­рылатын ұлттық жобалар қата­рына қосуды көздеп отырмыз.

– Иә, сауаттылық мәселесіне назар аударғандарыңыз дұрыс екен. Ал қазақ тілінің ғылым мен технологиядағы қолданыс деңгейін арттыру үшін қандай жұмыс істеліп жатыр? Нақты мысалдар айта аласыз ба?

– Қазір ең ірі бағыттың бірі – қазақ тіліндегі аудиомұраны цифрландыру және ТТС (Text-to-Speech) моделін әзірлеу. Freedom Holding-пен бірге он жылдан аса Kitap платформасында жинақталған 1000 сағаттан аса аудиоқорды нейрондық желілерге үйретіп, жасанды интеллект экожүйесіне енгізіп жатырмыз. Бұл – қазақша дыбысты тану (STT) мен синтездеуді (TTS) сапалық жаңа деңгейге шығарады. Барлық жұмыс автор­лық құқық талаптарын сақтай отырып жүзеге асады.

Келесі қадам – дайын модельді халықаралық «Hugging Face» платформасына орналастыру. Сонда кез келген қолданушы мәтінді қазақша дыбысқа тегін айналдыра алады. Қазақша дыбыс­ты тануды жеңілдететін, дыбыс­ты мәтінге айналдыратын және мәтінді дыбыспен оқытатын жүйелерді дамытуға жол ашатын үлкен дерекқор. Қарапайым тілмен айтсақ, ертең кез келген қазақша айтылған сөзді телефон немесе компьютер дәл танитын деңгейге шығарамыз деген сөз. Бұл ғылыми коммуникациядан бастап бизнес-қызметтерде, білім беру, күнделікті тұрмыста – өміріміздің барлық саласында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтетін бастама. Өйткені тілдің технологиялық кеңістіктегі орны оның болашағын айқындайды.

Тағы бір бағыт – мүшелік экожүйесін күшейту. Бұл үшін қоғамның мобильді қосымшасын әзірлеп жатырмыз. Мұнда кез келген азамат жазылып, «Қазақ тілі» қоғамына мүшелікке өте­ді. Тіл жанашырларына үлкен қауымдастыққа қосылу, серіктес компаниялар қызметіне жеңіл­діктер, Kitap қосымшасына тегін жазылу мүмкіндіктерін ұсынамыз. Ең маңыздысы – жазылымнан түскен қаражаттың бір бөлігі «Qazaq Tili Endowment» қорына ауда­ры­л­ып, тіл жобаларын дамытуға жұмсалады. Яғни әрбір мүше нақты нәтижеге үлес қосады. Қоғам мүшелеріне берілетін жеңілдіктер мен қызмет түрлері тұрақты түрде жаңартылып отырады.

– Елімізде мемлекеттік тілді жетілдіру үшін атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Деген­мен одан қандай нәтиже шы­ғып жатыр? Алдағы жылдары қоғам өміріндегі, бизнес пен ғылымдағы даму барысын қалай болжайсыз?

– Қазақ тілін қолданатын ор­таның саны да, сапасы да өсіп келеді. Бизнес те, креативті индус­трия да қазақша контент пен сервистерге нақты сұраныс білдіріп отыр. Ғылыми ортада да қозғалыс бар, қазақ тілінде диссертациялар жазылып, жаңа ұғымдар қоры толығып, айналымға тез кіріп жатыр. Ең бастысы – қазақ тілі қоғамдық өмірдің барлық саласына табиғи түрде еніп келеді.

Әрине, бұл үрдіс біз ойлаған­дай тез жүріп жатқан жоқ. Бірақ бұл жағдайды өзгертуде технология мен жаңа буынның рөлі зор. Жастар тілдің мүмкіндігін ІТ-стар­таптарда, медиа жобаларда, өнім дизайнында еркін көрсе­тіп жүр. Ең үлкен мүмкіндік – техно­ло­гияда. Егер қазақ тілін ірі плат­формаларға, жасанды ин­теллектіге, халықаралық ғылыми айналымға ебі мен есебін тауып, уақтылы енгізсек, оның мәр­тебесі мен қолданыс аясы таби­ғи түрде кеңейе­ді. Ана тіліміз­дің әр салада, кез келген ортада кеңінен қолдауға ие болып, деңгейі жоғарылай беруі үшін әрқайсымыз үлес қосуымыз шарт.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»