Спорт • Бүгін, 08:15

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Қытайдың астанасы Бейжіңде үстел теннисінен «China Smash 2025» халықаралық турнирі басталады. Жарысқа әлемдік рейтингте ТОП-10-ға енетін барлық ойыншылар қатысады. Бақ сынаушылар қатарында елімізден Кирилл Герасименко мен Зәуреш Ақашева бар. Олар іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді. Кирилл ирандық Амирреза Аббасимен, Зәуреш қытайлық Яо Жуйсюаньмен шеберлік байқасады.

Жарыс күнделігі

Сурет: rb1ncm.ru

  • «Rising Stars» порталы еліміздің құрамасы мен Алматының «Қайрат» клубының шабуылшысы Дастан Сәтбаевты УЕФА Чемпиондар лигасының өткен аптадағы 23 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы шартты құрамына қосты. Үздіктердің жалпы тізімі мынадай: қақпашы – Ной Атуболу (23 жас, «Фрайбург»); қорғаушылар – Диего Морейра (21 жас, «Лион»), Лука Вушкович (18 жас, «Тоттенхэм»), Зено Дебаст (21 жас, «Андерлехт»), Теренс Куду (20 жас, «Ланс»); ­жартылай қорғаушылар – Райан Гравенберх (23 жас, «Ливерпуль»), Габри Вейга (23 жас, «Аль-Ахли»), Педри (22 жас, «Барселона»); ­шабуылшылар – Ансу Фати (22 жас, «Брайтон»), Нико Паз (21 жас, «Реал Мадрид»), Дастан Сәтбаев (17 жас, «Қайрат»).
  • БАҚ өкілдері 2024/25 жылғы маусымдағы еліміздің ең үздік хок­кейшісін анықтады. 43 журналистің қатысуымен өткен сауалдамада «Барыстың» қақпашысы Николай Бояркин озып шықты. Екінші, үшінші орындарды астаналық клубтың ойыншылары Валерий Орехов пен Никита Михайлис иеленді.
  • 28 қыркүйекте дәстүрлі «Алматы марафоны» өтеді. Оған 60-тан аса мемлекеттен келген 16 мыңнан аса желаяқ қатысады. Республика алаңынан бастау алатын жарыс әсем шаһардың ең көрікті жерлері арқылы жалғасады. 42,2 шақырымдық марафоннан бөлек, жартылай марафон (21,1 шақырым), спутник (10 шақырым), скандинавиялық жүрістен (10 шақырым) жарыс ұйымдастырылады.
  • Футболдан еліміздің Премьер-лигасының 9-турының кейінге шегерілген тағы бір ойыны өтті. Қостанайда «Тобыл» Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бәсеке тағдырын 14-минутта Ислам Чесноков соққан жалғыз гол шешті.