Жәдігер • Бүгін, 07:50

Жақаңнан қалған жәдігер

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Торғайдағы музейлер кешенінде кезінде Міржақып Дулатұлының отбасы тұтынған, алаш ардақтысының өзі ұстаған бірсыпыра бұйымдар, 1914 жылы Қазан қаласынан екінші рет басылып шыққан «Бақытсыз Жамал» романының, 1913 жылы Орынборда жарық көрген «Азамат» жинағының түпнұсқасы, өзге де көптеген құнды дүние сақтаулы.

Жақаңнан қалған жәдігер

Музейдің бас қор сақтау­шысы Ләззат Ертасованың айтуынша, баға жетпес жәдігерлердің біразын кезінде Гүлнар Міржақыпқызы әкеп тапсырып, аманаттап кеткен. Құнды жәдігерлердің ішінде Міржақыптың ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойына арнап жазған орыс тіліндегі баяндамасының қолжазбасы, Алаш арысының аяулы жары Ғайнижамал Досымбекованың төркінінен келген ыдыс-аяғы бар.

жәдігер

«Сонымен қатар Міржақып Дулат­ұлының Орынбордағы үйінде тұрған көне ас үстелі де бүгінде музей төрінде тұр. Гүлнар апай 1922–1928 жылдар аралығында осы үстелдің басында отырған, осы дастарқаннан дәм татқан 200-ден аса қазақ зиялысының тізі­мін берген. Ол тізім, міне, қабыр­ға­да ілу­лі тұр. Бұл тізімнен Алаштың не­бір жақсы-жайсаңдары осы үстел­дің басында отырып ел тағдыры жа­йында сыр шерткенін аңғарамыз. ­Одан қалды, Міржақып Дулатұлының ­өзі ұстаған жол сөмкесі, кітап тумбасы, балаларының шашын алатын арнайы мәшіңкесі, Ғайнижамал­дың қобдишалары, атлас көрпесі, Зұл­қайнар есімді ағайын інісіне арнап жасалған Алаштың құпия белгісі, Соловецк лагерінде Міржақыптың қызына жасап берген фоторамасы, өзі тіккен, аяқталмай қалған тақия­сы, Міржақыптың ұлы Әлібектің  қайыс­тан жасалған, күмістеп әшекейленген кісе белбеуі сақтаулы тұр», дейді қор сақтаушы.

жәд

Музей қорындағы құнды жәді­герлер қатарында Міржақып өмірінің әр кезеңінен сыр шертетін фотоқұжат­тар да баршылық. Олардың ішінде Міржақыптың отбасымен бірге түскен суреттер, Соловецк лагерінде түс­кен фотосурет, Алаш арыстарының орта­сында тұрған фотоқұжаттар көзге ыстық көрінеді.

 

Қостанай облысы