Шымкент • Бүгін, 08:18

Жолаушы тасымалы саласындағы өзгерістер

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шымкент қаласындағы №146, №150 қоғамдық көлік бағыттары 30 жаңа автобуспен толықты. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қоғамдық көлік паркінде болып, жаңа көліктерді арнайы тексеріп шықты. Жолаушы тасымалдаушы көліктер Қарағандыдағы «Qaz Tehna» ЖШС зауытында өндірілген. «Yutong» маркалы заманауи автобустар халықаралық стандарттарға толық сай келеді, әрқайсысының сыйымдылығы 85 жолаушыны құрайды.

Жолаушы тасымалы саласындағы өзгерістер

Айта кету керек, шаһарда халыққа тасымалдау қызметін көрсететін компания – «Bozjorga Bus» ЖШС. Ол Шымкенттің жолаушы тасымалдау нарығында жұмыс істей бастаған жаңа компания. Ма­мандар бұл салада бірнеше жаңа оператордың пайда болуы бәсекелестікті күшейтетінін, қызмет көрсету сапасын жақсартатынын айтады. Ең алдымен, ол қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігіне оң әсерін тигізіп отыр.

Тексеру барысында қала әкімі көлік­тердің техникалық жағдайын біле келе, басқармаға автобустарда Абайдың қара сөздері мен қазақша күйлер қою керектігін тапсырды. Сондай-ақ аялдамалар мен жолақысын төлеу туралы хабарландырулар айтылуы қажеттігін ескертті. Бұл жолаушыларға жайлы әрі мәдени-тәрбиелік орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, деді шаһар басшысы.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы маман­дарының айтуынша, бүгінде шаһарда қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында, сондай-ақ көлік паркін жаңарту бағытында бірқатар жұмыс қолға алынып жатыр. Қазірде мегаполисте 82 тұрақты маршрутта 984 автобус жолаушы тасымалдайды. Оның ішінде 79 маршрут әлеуметтік маңызы бар бағыт­тар ретінде айқындалған. Оларға 11 көлік компаниясы қызмет көрсетеді. Шымкентте жалпы саны 1 173 автобус бар. Қызмет көрсету мерзіміне келсек, 118 автобусқа әлі 3 жыл толмаған. 1 039 жолаушы тасымалдаушы көліктердің сатып алынғанына 7 жыл болып қалды. Қалған 16 автобустың мерзімі 10 жылдан асып кеткен. Қолданыстағы автобустардың 615-і отын ретінде сығымдалған газ-метанмен жүреді. 558 жолаушы тасымалдау көлігі дизель отынын пайдаланады. 2025 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша шаһарда қоғамдық көліктер 50 млн-ға жуық жолаушы тасымалдаған. Бұл жерде түсінікті мына жайтты айта кету керек, жолаушы санын есептегенде адамның өзі емес, транзакциясы, яғни төленген жолақысы есепке алынады. Бұл ретте бір жолаушы күніне 3–4 мәрте автобусқа мінуі мүмкін. Міне, осы тұста оның төлеген әрбір төлемақысы есептеліп, статистикаға жазылып отырады.

Шымкент қаласының Бас жоспарына бұл күнде тиісті өзгерістер енгізілді. Шаһар аумағында жыл өткен сайын жол инфрақұрылымы мен жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ ірі өндірістік аймақтар көптеп ашылып жатыр. Осы жағдайларға орай биыл жаңа кешенді схема мен маршруттық желіні әзірлеу басқарма тарапынан қолға алынады. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде «Innoforce solutions» ЖШС мердігер ретінде анықталып, тиісті келісімшарттар түзілді. Оның талаптары мен техникалық сипаттамасына сәйкес маршруттық желі, схема дайындау жұмыстары 9 айда бітуге тиіс, ол төрт кезеңде атқарылады.

Сондай-ақ түзілген шарттардың талаптары негізінде тасымалдаушылар тарапынан қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Айталық, биыл 53 жаңа автобус сатып алынды. Оның ішінде мегаполистің шалғай елді мекендеріне қызмет көрсе­тетін маршруттарға 28 кіші класты, сыйым­дылығы орта 25 жаңа автобус шығарылды.

Шымкентте жолдардың жалпы ұзындығы 4 мыңға жуық шақырымды құрайды. Оның көп бөлігі асфальт, бетон жолдар. Дегенмен шағал тас төселген көшелер де бар. Тіпті топырақ жол да кездеседі. Бұл ретте қала әкімдігі алдағы уақытта бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жолдардың сапасын жақсартуға көшеді. Жалпы жол – ел экономикасының айнасы. «Мемлекеттің ахуалын танығың келсе, жолына қара» деген де тәмсіл бар. Сол тұрғыда жергілікті атқарушы билік мегаполистің инфрақұрылымдық даму жоспарында міндетті түрде жол құрылысына назар аударады.

Мемлекет басшысы қарапайым халық экономикадан түскен табыстың пайдасын сезінуі керек деді. Президент тапсырмасына сай елімізде көлік-логис­тикалық орталықтарды жандандыру әрекеттері жасалып жатыр. 2024 жылы жақсы, қанағаттанарлық деңгейдегі жол­дардың үлесі 75%-ды құраса, биыл көрсеткішті 90%-ға жеткізу жоспарда бар. Сонымен қатар биыл мемлекет қазы­на­сының есебінен 706 шақырым жол ағымдағы, күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.

Одан бөлек, көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту бағытында 45 шақы­рымнан асатын жолдарда 15 ірі жоба іске асырылу үстінде. Атап айтсақ, Қонаев даңғылы құрылысының жалғасы. Оның ұзындығы 16,3 шақырымды құрайды. Әкімдік А-2 автомобиль жолын қайта құруға кірісті. Бұл жолдың жалпы ұзын­дығы – 28,2 шақырым. Құрылысы сегіз кезеңнен тұрады. Қазірде барлық кезең бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Құрылысшылар жолды биыл пайдалануға беруді көздеп отыр.

Сонымен қатар көлік кептелісі мен қолданыстағы жолдарға балама ретінде Алтынсарин, Қазиев, Жандосов көшелері ұзартылды. Қазірде Шұбаркөл көшесінің, Асар-Шымсити шағын аудандарын қосатын, Қызылсай шағын ауданынына кіреберіс жолдың, Момынов пен Тіленшин көшелеріндегі теміржол өткелдерінің құрылыстары қарқын алды. Шаһарда 1 көпірге, 6 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүрді. Соның нәтижесінде Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа қоныс, Ізенді көшелері пайдалануға берілді. Бұған қоса 201 шақырым болатын 323 көше орташа жөндеу жұмыстарынан өткізіледі. Биыл, келесі жылы шалғай елді мекендердің, ішкі орам көшелердің 938 шақырымы асфальтталады. Биылғы жоспар 442 шақырым жолға асфальт төсеу болып отыр. Басқарма берген мәліметке сәйкес, бүгінге дейін 142 жаяу жүргіншілер өткелі жарықтандырылды. 1 594 көшеге жарықшамдар орнатылды. Тұран мен Шымкент сити шағын ауда­нындағы магистралды көше қиылыс­тарына 42 бағдаршам қойылды. Өткен жылы көлік кептелісін азайту мақсатында 246 бағдаршам ITS деп аталатын интелектуалды жүйегі қосылса, жергілікті әкімдік биыл оның санын тағы 42-ге арттыруды көздеп отыр.

Жалпы, қалада кейінгі жылдары автомобиль жолдары мен жолаушы тасымалдау саласында алға жылжу байқалады. Жол құрылысы жобаларының ішінде екі ірі жолайырық салынды. Сол арқылы көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ Қонаев даңғылын Ташкент тас жолына қосу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жоба іске асса шаһарда көлік кептелістері біршама азаятын болады. Бұрынғы кезде жолаушылар тасымалы қызметіне тұрғындар тарапынан наразылықтар болып жататын. Қала әкім­дігі бұл салада сервисті мықтап қола алудың нәтижесінде автобустардың кешігуі, кешқұрым жүрмей қалуы секілді олқылықтар біржолата жойылды. Кейінгі бір-екі жылда шаһарда кондуктор мәселесі де өз шешімін тапты. Оған дейін автобус­тарда жолақыны кондукторлар жинайтын. Цифрлық жүйенің енуі жолаушы тасымалы саласына да үлкен өзгерістер әкелді. Сол арқылы кондукторлардың орнын онлайн төлемдер басты. Бұл мегаполистің жолаушы тасымалы қызме­тіндегі мәдениеттілікті біршама деңгейге көтерді.

Шымкентті нағыз мегаполиске айналдыру бағытында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Оның ішінде жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты ірі жобалар бар. Өйткені шаһар аумағында жылдан-жылға көлік саны өсіп келеді. Сонымен қатар халық саны да жыл өткен сайын өсіп барады. Сондықтан көлік кептелісін тудырмау, тұрғындарды сапалы жолаушы тасымалы қызметімен қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігі шаһарды заманауи үлгіде дамытудың жолдарын айқындады. Бүгінде осы сала­дағы барлық игі іс сол жоспардың не­гізінде қолға алынып, атқарылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар

Семей-Астана тасжолы тазаланды

«Таза Қазақстан» • Кеше

Жылумен қамту - жауапты міндет

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Алматыда дәмхана өртенді

Төтенше жағдай • Кеше