
«Теңгемен отандық стейблкоинді іске қосу цифрлық инновациялық шешімдерді дәстүрлі қаржы инфрақұрылымымен біріктіріп, крипто-фиат каналын кеңейтудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Криптовалютаны теңгемен қамтамасыз етілген стейблкоинге айырбастауға және криптокарталарды пайдалана отырып сауда операцияларын жүргізуге мүмкіндік туады», деп хабарлады Ұлттық банк.
ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес цифрлық қаржы өнімдерін дамыту қолға алынғанын атап өтті. Қазір сынақ алаңында төрт бағыт бойынша сегіз пилоттық жоба іске асырылып жатыр, олардың алғашқысы – қазақстандық стейблкоин.
Маусым айында Ұлттық банк криптовалютаны теңгеге бірден конвертациялап төлем жасауға мүмкіндік беретін криптокарталарды да іске қосқан болатын.
Стейблкоин – фиат валютамен қамтамасыз етілген цифрлық актив. Ал сынақ алаңы – осындай жаңа жобаларды қауіпсіз сынап көруге арналған арнайы режім.