
Шәкәрім де бір шыңырау іспетті ғой, тереңіне бойлаған сайын түбін көрсетпей иіріміне тарта береді. Сондықтан болса керек, төл шығармалары оқтын-оқтын қазақ театр сахнасына шығып жатқанымен, тұлғаның өзі туралы тұщымды туындының театр төрінен тіл қатқаны алғаш рет. Екі жыл толғанған драматург еңбегін режиссер Асхат Максимұлы бастаған театр ұжымы алты ай үздіксіз дайындықтан кейін көрерменімен қауыштырып отыр.
– Жас көрермендер театры осы шығарманы алып, жастығына қарамастан үлкен тәуекелге барып отыр. Тұлғаның бүкіл рухани мұрасының терең иірімдеріне бойлап, соны көрерменге ұсынды. Менің ойымша, қойылымның басты құндылығы да, ерекшелігі де осында, – дейді пьеса авторы Ермек Әмірханұлы.
Көптен күткен өнер оқиғасына жиналған көпшіліктің қарасы қалың. Үш күн қатарынан ұсынылған қойылым Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының зәулім ғимаратын лық толтырды. Аншлаг! Шәкәрім шығарамашылығына шөліркегендер санында шек жоқ.
– Бұл қойылым қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай арнайы сахналанып отыр. Себебі Абай туралы сөз қозғасақ, Шәкәрімді айтпай кете алмаймыз. Қос алыптың туысқандық қана емес, рухани үндестігі де ұлт руханиятының өлшеусіз қазынасы. Оның үстіне Шәкәрім туралы бүгінге дейін ауқымды дүние қойылмаған екен. Драматургпен бірлікте жұмыс істей отырып, жастардың жаңашыл көзқарас-сараптауындағы жаңа музыкалық драманы ұсынып отырмыз. Себебі Шәкәрімнің өскелең ұрпаққа айтары да, берері де мол. Астана көрермендерімен шектелмей, болашақта еліміздің басқа қалаларында да көрсетсек дейміз. «Шәкәрімді», әсіресе Семейге барып, тұлғаның туған топырағында қойғымыз келеді», деді Астана қаласы музыкалық Жас көрермен театрының директоры әрі қойылым режиссері Асхат Маемиров.
Мәскеу мектебін көріп, сондағы сақа сахна суреткерлерінің дәрісін тыңдап, тәжірибе байытқан режиссер айтулы шығармаға үлкен дайындық һәм жауапкершілікпен келгені байқалады. Тарих пен танымды, дерек пен образды, өткен мен бүгінді егіз өре отырып, тұлғаны әр қырынан тануға талпыныс жасаған. Қойылым Шәкәрімнің ұлы Ахаттың отыз жылдан кейін ақын мүрдесін құрқұдықтан тауып алған сәтінен басталып, әрі қарай әке рухымен сырласуына ұласып, одан әрі оқиғаны түрлі лирикалық шегініспен жалғайды. Атап айтсақ, Шәкәрімнің бала кезі, әкесі Құдайбердіұлының өмірден өтуі, сал-серілік қыры мен сүйгені Айғаншаны алып қашуы, қазы болып сот ісіне араласуы, Абайдың өмірден өтер сәтіндегі оның аманатын арқалап қалуы, Меккеге бару, білім іздеп ұзақ жолға аттануы – осының барлығы музыкалық драмада кеңінен көрсетіледі, яғни режиссер абыздың өмір сүрген ортасы, қоғамға көзқарасы арқылы Шәкәрімнің өзін тануға талпынған. Қос бөлімге қиыстырылған қойылымның алғашқы бөлімі бала Шәкәрімнің алғыр, өжеттігімен өріліп, жігіттік сал-серілігіне жалғасып, білім іздеп алысқа аттануымен аяқталса, екінші бөлімі айдаладағы Саятқорада саяқ тіршілік кешіп, өз-өзімен тілдесуі, ұлтының бүгініне жаны ауырып, ертеңіне алаңдаған ішкі ауыр хәлі һәм ақынның ақтық демі таусылар сәттегі Шәкәрім шындығын барынша шынайы жеткізуге арналыпты. Туындыда ақынның ақтаңдақ кезеңдерді басынан өткерген тағдыры, әділет пен махаббатқа деген көзқарасы, өміріндегі драмалық оқиғалар суреттелген.
Төрт сағатқа созылған ауқымды спектакльдің негізгі көркемдік жүгін көтеріп тұрған ол, әрине, – ән мен әуен, би мен бейне. Шәкәрімнің «Анадан алғаш туғанымда» әнін негізгі лейтмотив еткен қойылымда ақынның төл әні мен күйлерінен бөлек, халық әндері де кеңінен қолданылады. Сол арқылы режиссер музыкалық мәртебеге ие жас көрермендер театры әртістерінің бар мүмкіндігін көрсете білген. Осы тұста, әсіресе музыканы этнофольклорлық ансамбльге лайықтап жазған қойылым композиторы Бауыржан Ақтаев пен хормейстер Ғалымжан Берекешовтің жұмысын айрықша атап өткіміз келеді. Спектакльге әсемдік сыйлаған қоюшы суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Сырбаева мен жарық қою суретшісі Азамат Бекбембетовтің ізденісі де қошеметке лайық. Әні мен әуені, сәні мен сахна сәулеті сәтті келіскен қойылым шынымен көзді арбап, көңілді тербейді. Режиссерлік тұрғыдан да ұтқыр шешімдер көп. Әсіресе қойылым бойы жақсылықтың жаршысы болып жүрген ақсұңқар (Еламан Иманбаев) мен Қарасартовтың соңынан бір елі қалмайтын құзғындар, сахнадағы сынық айна бейнесі көрерменіне көп ой салумен қатар, көркемдігімен де көңіл баурайды. Сол секілді Абайдың өмірден өтетін сәті режиссерлік тұрғыдан әсерлі жеткізілген. Сахнаның мүмкіндігін пайдалану жағынан да режиссер ізденістері көңілге құрмет орнықтырады.
Ал енді актерлік жұмысқа келсек, режиссер жас әртістердің шығармашылық мүкіндігін көрсетуге барын салған. Сол үшін де бір Шәкәрімді үш бейнеге бөліп, әр кезеңді жеке-жеке актердің сараптауына береді. Бала Шәкәрімді Даниял Нұрлан деген талапты балдырған ойнаса, Шәкәрімнің өзін «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Аян Өтепберген мен Қазыбек Есқара, ал Шәкәрімнің рухын Оразалы Игілік кейіптеді. Абай – Мәдениет саласының үздігі Асхат Мұса, Абзал Қарасартов – Саламат Мұқаш, Ахат Құдайбердиев – «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асылхан Төлепов пен Дінислам Нұмағамбетовтің орындауында көрерменімен қауышты.
Рас, спектакльде оқиға да, кейіпкер де көп. Сол арқылы тұтас дәуір сахнадан тіл қататындай. Режиссердің өзі айтпақшы, Шәкәрімді оның қоршаған ортасы мен болған оқиғалар, қасындағы қанаттас өмір сүрген адамдар арқылы танығысы келгені құптарлық дегенімізбен, осы көпжелілік кейде тіпті танығымыз, көрермен ретінде сырласқымыз келіп барған тұлға, абыз Шәкәрімнің өзінен алыстатып жіберген. Болмысынан эстет режиссер сыртқы сұлулық пен күрделілікке баса мән беріп, қарапайым ғана адам жаны деген кірпияз құбылысты қалт жіберіп алғандай әсерде қалдырды.
Ән мен әуенге елітіп, тоқсанға жуық әртіс қатысқан көпшілік сахнаның сұлулығына көз суарғанымызбен, негізгі кейіпкерлердің ойынына келгенде әлі де тереңдіктің қажеттілігі сезіліп тұрды. Бұл, әсіресе Абай мен Шәкәрімге қатысты. Қойылым бойы көңілде жатталған бір актер болса, ол – Шәкәрімнің рухы болып спектакльді басынан аяғына дейін жетелеп жүрген Оразалы Игіліктің ізденісі мен актерлік мүмкіндігі. Сөзі мен сазының салмағы қатар келіскен актер бұған дейін де Әміре Қашаубаев сынды тағы бір ұлтымыздың аяулы тұлғасын сахнада тірілтсе, бұл жолы Шәкәрім рухын биікте асқақтатты.
Тоқетерін түйгенде, төрт сағат бойы көрерменіне Шәкәрім шындығын, тұлға тағылымын жеткізуге талпынған қойылымның көркемдік те, деректік те тұрғыдан айтары, әсіресе абыз әлемін танығысы келген өскелең ұрпаққа берер мағлұматы мол. Бірақ сөз басында атап өткеніміздей, Шәкәрімнің шыңырау болмысының сырын ұғындырып, тұлғаның адам ретіндегі ішкі иірімдері мен ақын, композитор ретіндегі феноменіне бойлататын кемелдік пен рухани жарылыстардың тарихи дерек пен әуезді әуен тасасында қалып қойғандығынан болар, біз күткен «Шәкәрім» көңілге сәл-пәл жетпей қалды...