Жеңіл атлетика • Бүгін, 08:05

Желаяқтар жүлдесіз оралды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жапония астанасы Токиода жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты аяқталды. Осыдан алты жыл бұрын ХХХІІ жазғы Олимпия ойындары қарсаңында бой көтерген, 68 000 көрерменге есептелген Ұлттық стадионда ұйымдастырылған дүбірлі додада 198 мемлекеттің мықтылары өнер көрсетті.

Желаяқтар жүлдесіз оралды

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

49 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Өкінішке қарай, сол медальдің бірде-біреуі еліміздің жеңіл атлеттеріне бұйырмады. Ең үздік көрсеткішке Нора Дже­руто қол жеткізді. Кениялық легио­нердің әлем чемпионы деген атағы барын жанкүйерлер жақсы біледі. Бірақ бұл жолы 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгірген Джеруто алтыншы орын­нан аса алмады. Дәл сол қа­шықтықта Дейзи Джепкемей 7-сатыға табан тіресе, 10 000 метрлік сайыста 16-орынға тұрақтады. 20 ша­қырымдық спорттық жүрісте Ясмина Тоқсанбаева 23-орында қалып қойды. Осы спорт түрінің 35 шақырымында Полина Репина 35-сатыға жайғасса, Галина Якушева мәреге жете алмады. Сөйтіп, жылдың басты бәсекесінде легионерлерден де, өзіміздің төл спортшыларымыздан да қайыр болмады.

Әлем чемпионатының ең бір қызықты тұстарына тоқталар бол­сақ, ерлер арасында Арман Дюп­лантис асқан шеберлігімен тағы да тәнті етті. Кейінгі жылдары ал­дына жан салмай жүрген 25 жас­тағы Швецияның сырықпен секіру­шісі бұл жолы 6 метр 30 сатиметр­лік межені бағындырды. Бұл – ғажайып көрсеткіш! Жалпы, Арман 2020 жылдан бері әр жарыс сайын нәтижесін 1 сантиметрге жақсартып келеді. Барлығы 14 рет әлемдік рекордты жаңартты. Әр рекордына спортшы Халықаралық жеңіл атлетика федерациясынан (ИААФ) 100 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Сол себепті де төрткүл дүниенің теңдессізі, арынды Ар­ман бірден бірнеше сантиметр қоспай, «ақырын жүріп, анық басуды» құп көреді.

100 метрге жүгірушілер сайысында Ямайканың қос спринтері – Облис Севилл мен Кишейн Томпсон бас жүлдені өзара сарап­қа салды. Алғашқысы – алтын, екіншісі – күміс алды. Одан екі есе ұзақ қашықтықта АҚШ-тың арлан­дары – Ноа Лайлс пен Кен­ни Беднаректің бағы жанды. 4х100 метрлік эстафетада амери­калықтар алдарына жан салмаса, 4х400 сайысы ойда-жоқта Ботсва­на құрамасының жеңісімен аяқталды. Африкалықтардан дәл осындай нәтижені ешкім күтпеген еді. Марафоншылар жарысында танзаниялық Альфонс Симбудың мерейі үстем болды.

Әйелдер арасында АҚШ-тың желаяғы Мелисса Джеферссон 100, 200 метрлік сайыстарда ша­ша­сына шаң жұқтырмады. Орта қашықтық пен марафонда Ке­нияның «қара маржандары» қар­сылас шыдатпады. Бұл бәсекелерде Лилиан Одира (800 метр), Фейт Кипьегон (1 500 метр), Беатрис Чебет (5 000, 10 000 метр), Перес Джепчирчир (марафон) жеңімпаз атанды. Испанияның спортшысы Мария Перес 20, 35 шақырымдық спорттық жүрісте топ жарды.

Токиодағы жарыстың жүлде қоры 8 498 000 долларды құрады. Чемпиондар 70 000-ды олжаласа, күміспен күптелгендер 35 000-ды иеленді. Қолаға қол созғандар 20 000-ды еншіледі. Сыйақы 4-8 орынды еншілеген жеңіл атлеттерге де бұйырды. 

Соңғы жаңалықтар

2,4 миллиард несие берілген

Шаруашылық • Кеше