Президент • Бүгін, 00:42

Президент АҚШ-пен қарым-қатынасты нығайтуды сыртқы саясаттың маңызды бағыты деп атады

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту еліміздің сыртқы саясатындағы ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі. Президент Американың бизнес өкілдерімен өткен «дөңгелек үстел» отырысында осылай деді.

Президент АҚШ-пен қарым-қатынасты нығайтуды сыртқы саясаттың маңызды бағыты деп атады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент мәдениетке бизнес тарапынан қолдау көрсету мәселесін де қозғады.

 — Қазақстанның мәдени мұра қорын құру туралы Смитсон институтының шешімін ерекше ықыласпен қабыл алдым. Аталған қор халқымыздың бай мұрасын сақтау, зерттеу және әлемде насихаттаумен айналысады. Осы маңызды бастаманы белсенді түрде қолдағаны үшін Chevron компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уирт мырзаға ришалығымды білдіремін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту еліміздің сыртқы саясатындағы ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі екенін айтты.

— Қазақстан географиялық тұрғыдан сезімтал аймақта орналасқан. Біз өзіміздің стратегиялық мақсатымыздан, соның ішінде АҚШ-пен тығыз ынтымақтастық жасау ниетімізден айнымаймыз. Өйткені АҚШ біздің тәуелсіздігімізді әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып мойындады және әрдайым Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдап келеді. Халқымыз Американың бұл ұстанымын шынайы құрметтейді. Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси-экономикалық реформалар, ашық және инвестицияға қолайлы саясат жүргізу ұстанымы америкалық компаниялардың Қазақстанда алаңсыз бизнес жүргізуіне кепілдік береді әрі олардың сенімді, ұзақ мерзімді серіктес болуына мүмкіндік жасайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отырыста АҚШ Сауда палатасының президенті Сюзанн Кларк, Chevron компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уирт, АҚШ Сауда министрінің орынбасары Уильям Киммит, АҚШ Мемлекеттік хатшысының экономикалық өсім, энергетика және қоршаған орта мәселелері жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Томас Лерстен, NVIDIA компаниясының жасанды интеллект саласындағы жаһандық бастамалар бойынша вице-президенті Калиста Рэдмонд, Boston Consulting Group компаниясының директорлар кеңесінің жаһандық төрағасы Ричард Лессер, S&P Global компаниясының тәуелсіз рейтингтер және көпжақты қаржы институттары рейтингтері жөніндегі жаһандық бағытының басшысы, басқарушы директоры Роберто Сифон-Аревало, ExxonMobil Upstream Company президенті Дэн Амман, LanzaJet компаниясының бас атқарушы директоры Джимми Самарцис, The Boeing компаниясының вице-президенті Лэндон Лумис, Ashmore Group компаниясының бас атқарушы директоры Марк Кумбс, Visa компаниясы төрағасының орынбасары әрі персонал және корпоративтік мәселелер жөніндегі бас директоры Келли Тулье, Ivanhoe Mines Ltd. негізін қалаушы әрі директорлар кеңесінің атқарушы теңтөрағасы Роберт Фридланд, Колорад тау-кен ісі мектебінің президенті Пол Джонсон, GTM, OpenAI білім беру және мемлекеттік бағдарламалар бағыты бойынша жетекшісі Кевин Миллс, Mastercard компаниясының бас әкімшілік директоры Ричард Верма, Shell USA компаниясының президенті Колетт Хёрстиус, Honeywell Process Automation компаниясының президенті және атқарушы директоры Джеймс Массо, Amazon Kuiper компаниясының жаһандық тұтыну бағытының жетекшісі Лиза Скалпоне сөз сөйледі.