Ғылым • Бүгін, 12:15

Отандық ғалымдар «ақылды агроном» ойлап тапты

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің болашағын өзгертетін, жер мен егістіктердің жағдайын талдау үшін дрондардан алынған деректерді жасанды интеллект алгоритмдерімен біріктіретін цифрлық жүйенің жобасы ретінде қолға алынған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық ғалымдар «ақылды агроном» ойлап тапты

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің зерттеушілерінің әзірлемесі топырақ пен дақылдардың көрсеткіштерін жоғары дәлдікпен анықтап, ауыл шаруашылығын тек технологиялық қана емес, сонымен қатар экономикалық тұрғыдан тиімді басқаруға жол ашады.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ ғылыми қызметкері Алмасбек Маулит жоба жөнінде: «Біздің жобаның негізінде мультиспектралды камерамен жабдықталған дрон жатыр. Ол бірден бес спектрде түсірілім жүргізеді: қызыл, көк, жасыл, жақын және орташа инфрақызыл. Мұндай әдіс адам көзіне көрінбейтінді «көруге» мүмкіндік береді: топырақтағы ылғал деңгейі, хлорофилл мөлшері, өсімдіктердің ауру белгілері немесе жердің тозуы. Алынған бейнелерді жасанды интеллект талдайды. Алгоритм дақылдар мен арамшөптерді ажыратып, олардың таралуын анықтайды, тіпті автоматты түрде зақымданған аумақтардың картасын жасайды. Бұл фермерлерге жедел әрекет етуге жағдай жасайды – мәселені жергілікті деңгейде шешу, егіс айналымын жоспарлау немесе өсіру технологиясын түзету мүмкіндігі пайда болады», деп пікір білдірді.

Жобаның қолданыстағы пайдасы айқын. Жүйе тыңайтқыштар мен өсімдікті қорғау құралдарын үнемді пайдалануға, шығынды азайтуға, проблемалы аумақтарды ерте анықтап өнім жоғалтуды қысқартуға, табыстылықты арттыруға, сондай-ақ инвесторлар мен мемлекеттік органдар үшін жердің әділ бағасын беруге көмектеседі. Осылайша, университеттік әзірлеменің негізінде әрбір шаруашылық өз алқабының «денсаулық картасын» жасай алады.