
Фото: Ашық дереккөз
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, мүгедектігі үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны 543,7 мың адамға жеткен. Ал асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақыны 184,1 мыңға жуық адам алып отыр.
Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар да қордан қолдау алып отыр. 2025 жылдың қыркүйегіне дейін 97 мың адам еңбекке жарамсыздыққа байланысты төлем алса, 65,9 мың отбасы асыраушысынан айырылғаны үшін әлеуметтік төлемдермен қамтылған.
Естеріңізге сала кетейік, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты.