
Іс-шараның негізгі мақсаты – тарихи тұлғалар мен қазақ халқының тағдырына қатысты құнды құжаттарды ұрпақ жадында жаңғырту, сондай-ақ еліміздің тарихы мен мәдениетін тереңірек тануға ынталандыру арқылы жастардың патриоттық сезімін арттыру болды.
Ашық есік күні аясында ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін кезеңі, 1920-30 жылдардағы ашаршылық оқиғалары және Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасуына қатысты тарихи құжаттар көрмесі ұсынылды. Экспозицияда профессор, медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Батпеновтің жеке қорындағы материалдар, сондай-ақ белгілі ғалым, этнограф, профессор Әлкей Марғұланның құнды қолжазбалары қойылды.
Сонымен қатар заманауи сканер технологиясы арқылы архив құжаттарын цифрлау барысы көрсетілді. Қатысушылар үшін әдеби викториналар мен интеллектуалды ойындар ұйымдастырылды.
Шараға Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басшылығы, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, БАҚ журналистері, сондай-ақ елордалық мектеп оқушылары мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Астана халықаралық университетінің студенттері қатысты.