Қазақстан • Бүгін, 09:07

Мемлекетшілдік үлгісі

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елдікті нығайту – жұрт болып атқаратын іс. Бұған әркім өзінше атсалысады. Соның ішінде ұлттық қауіпсіздік қызметі мамандарының үлесі де елеулі. Мемлекет басшысы «Ұлттық қауіпсіздік жүйесі – мемлекеттігіміздің басты тұғыры. Отан үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың арқасында еліміз өсіп-өркендеуде» деп айрықша атап өткені белгілі. Осы салада отаншылдығымен танылған жанның бірі – ҰҚК құрметті қызметкері, генерал-майор, Астана қалалық мәслихатының депутаты Кендебай Сарыбайұлы Адамбек.

Мемлекетшілдік үлгісі

Адамның болмысы оның кін­дік қаны тамған жерінің табиғатымен қандай да бір үндестікте болады деседі. Шөлде туған адамның төзімді келетіні айтылады. Сол сияқты дарияның бойында өскен жанға сыршыл, ал таудың баурайында дүниеге келген перзентке рухты, кесек мінезді болу тән деседі. Жұртшылыққа табандылығымен, талапшылдығымен һәм шешімталдығымен танымал Кен­дебай Сарыбайұлы да дәл сондай ең­селі шыңға арқа тіреген, табиғаты көз тартқан, талай тарлан тұлғаны түлет­­кен мекенде, Арқаның шоқтығы – Ақсораңның баурайында дүниеге келді.

Ол 1982 жылы Балқаш қаласының іргесіндегі Қоңырат поселкесіндегі орта мектепті үздік бітірген соң Қара­ғанды политехникалық институтына түседі.
1983–1985 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп, 1989 жылы тау-кен инженер-механигі мамандығын тәмамдап, кейін заң саласын да меңгеріп шығады. Еңбек жолын Ақбақай комбинатынан бас­тап, Балқаштағы №5 кәсіптік-техни­калық училищеде ұстаздық қызметте жалғастырады. Бұл жұмыста іскер­лігімен көзге түсіп, 1993 жылы аталған оқу орнының директоры болып тағайындалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол жастарға қолдау көрсетіп, жатақхана, филиал, өндірістік кооператив ашып, жүзден аса оқушыға қосымша табыс табуға мүмкіндік жасады. Еңбек пен білімді ұштастырып, ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосты.

Бұл салада ұйымдастырушылық қабілетімен танылған Кендебай Сарыбайұлының ел игілігі жолындағы қызметі бұдан әрі ұлттық қауіпсіздік органдарында жалғасты. 1995 жылдан бастап ҰҚК-ның Жезқазған облыстық басқармасында, Қарағанды облыстық департаментінде жедел және басшылық лауазымдарда, Орталық аппаратта Халықаралық терроризмге қарсы күрес, Конститу­циялық құрылымды қорғау депар­таменттерінің басшылығында еңбек етіп, Республикалық терроризмге қарсы орталықтың штаб бастығы болып қызмет атқарды. Штаб бастығы лауазымында осы саланың тәжірибелі маманы ретінде 2013–2014 жылдары екі мәрте терроризмге және діни экстремизмге қарсы тұру жүйесін түбегейлі өзгерту ұсынысының Парламентте қаралуына атсалысты.

«Бұл жұмысы ауыр учаскелердің бірі еді. Сол кезеңде елімізді шетелдік содырлар ұйымдастырған бірқатар лаңкестік шабуыл дүр сілкіндірген. Бұл жағдай штаб басшысынан терроризмге қарсы күресте мемлекеттік органдар жұмысының үйлестірілуін шұғыл жолға қоюды, аталған салада нормативтік-құқықтық база­ның әзір­­ленуін, халықаралық ынтымақ­тастықтың ретке келтірілуін талап етті. Кендебай Сарыбайұлы осы міндетті абыроймен атқарып шықты» дейді ҰҚК төрағасының орынбасары Бақытбек Рахымбердиев.

Кәсіби біліктілігі мен белсенді­лігінің, қызметтегі жоғары көрсеткіш­терінің арқасында Кендебай Сары­байұлы 2015 жылы Қарағанды облысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды. Мұнда жеті жыл абыройлы қызмет атқарды. Жергілікті атқарушы органдар және күштік құры­лымдармен бірлесе ел тұтас­тығы мен қауіпсіздігі жолында еңбек етті. Өңірде терроризммен күрес жұмыстары жүйелі арнаға қойылды, көп­­теген қауіпті жағдайдың жо­лы кесілді. Департаменттің материалдық-техникалық әле­­уе­­­ті едәуір артып, Қарағанды, Сәтбаев және Қар­қаралы қалаларында жаңа заманауи ғимараттар салынды. Сонымен қатар облыс көлеміндегі барлық іргелі іске белсене атсалысып, алдыңғы қатарда жүрді. Ұлттық мүддені, төл өнерді, мәдениетті ұлықтау ісін де назардан түсірген жоқ. Сол тұста облыстық ішкі саясат басқармасына жетекшілік еткен әріптес інісі Ерлан Құсайын: «Бірде жұмыс барысымен Бұқар жырау даңғылының бойында орналасқан Ұлттық қауіпсіздік департаментінің кеңсесіне бардым. Тарихы терең ғимарат қой, дегенмен. Алғаш рет баруым, аздаған толқу да жоқ емес. «Суық, сұрқай кабинеттерді көретін шығармын» деймін ішімнен. Бірақ көргенім көңілімді көкке көтерді, мерейімді тасытты. Күллі фойе, кең залдарды қазақтың тау тұлғаларының кестелі сөздері мен көркем бейнелерімен әсемдеп тастаған», дейді.

Оның ел қауіпсіздігін сақтау жо­лындағы қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, ІІ дәрежелі «Даңқ» және «Айбын» ордендерімен, «Жа­уынгерлік ерлігі үшін», «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медальдарымен марапатталды. 2017 жылы ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры шеніне ие болып, 2019 жылы «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Құрметті қызметкері» атағы берілді.

Кендебай Сарыбайұлының мемле­­кетшілдігі мен қайраткерлігі Қарағандыда өткен ұлт тұлғаларын ұлықтау шаралары кезінде ерекше көрінді. 2020 жылы қаладағы Ленин көшесіне Абай есімін беру бастамасы көтерілді. Бұл Қарағандыдағы ең ұзын көшелердің бірі еді. Айта кетейік, мұндағы 58-үйде Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков тұрған. Көше атауын өзгерту кеншілер астанасында ондаған жыл бойы қозғалып келе жатқан, алайда жүзеге аспай қойған бастама еді. Сондықтан бұл жолғы талпыныс «не бел кетеді, не белбеу кетеді» дейтіндей шешуші сәт болды. Осы жұмысты еліміздің ақпараттық саясат саласындағы басшылығы, облыс әкімдігі ың-шыңсыз іске асыруды айрықша қадағалады. Облыстық ҰҚК департаментінің басшысы К.Адамбек те осы тұста қоғамдық тыңдауға тыңғы­лықты дайындалу, ақпараттық жұмысты жүйелі жүргізуді ісін бақылап, бағыт-бағдар беруге үлкен еңбек сіңірді. Тікелей қадағалап отырды. Жұмыла атқарған істің арқасында Абай есімін ұлықтау бастамасы қоғамның қауіпсіздігіне сызат түсірілмей, тиянақты жүзеге асты. Осындай іс-шаралар Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімін беру туралы қоғамдық тыңдау қарсаңында да қолға алынды. Жүйелі дайындықпен өткізілген қоғамдық талқылау нәтижесінде Алаш көсемінің есімі ауданға берілді. Бұл Қарағанды төңірегінде ұлттық рух дүр сілкінген кезең болды.

Арда азаматтың балалық бал­дәу­рен шағы өткен, білім алып, түлеп ұш­қан Қоңырат поселкесінің дамуына қосқан үлесі – өз алдына бір төбе. Балқаштың іргесінде тұрса да, Қоңырат тоқырау жылдарында өте жүдеп-жадап кеткен елді мекеннің бірі еді. Кейінгі кездері осы поселкеге өң кіріп, еңселене бастағаны байқалады. Балқаш қала­сының толыққанды шағын ауданына айналды. Шұрық-тесік жолы бүтінделіп, жаңа тұрғын үйлер салынды, ескілері жөнделді. Ең үлкен игілік – қаладан тікелей жылу құбыры тартылып, поселке шетіндегі жер үйлерге дейін орталық жылу жүйесіне қосылды. Осы жұмыстарды жүзеге асыру барысына тиісті орындарға мәселені жүйелі жеткізіп, қаржы бө­лінуіне тікелей ықпал еткен Кендебай Сарыбайұлының үлкен еңбегі жатыр. Қоңырат тұрғындары осы игіліктерді үлкен ризашылықпен айтып, алғысын білдіріп отырады.

Кендебай Сарыбайұлы бүгінде Астана қаласы мәслихатының депутаты және мәслихаттағы бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіп­керлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы ретінде жемісті еңбек етіп келеді. Үнемі жарқын бастамаларға бас болып, еңселі елордамыздың көркейіп, дамуына өз сүбелі үлесін қосып жүр.

Соңғы жаңалықтар

Оралу: рух күші

Руханият • Кеше

«Алисаның» қазақша нұсқасы

Ғалам ғажаптары • Кеше