Алматы • Кеше

Нөсер сайын Алматыны неге су басады?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы әкімі қаладағы су басу қаупі жоғары аумақтарды тексеріп, жұмыс мерзімі мен сапасына қатысты бірқатар тапсырма берді, деп жазады Egemen.kz.

Нөсер сайын Алматыны неге су басады?

Қала билігі су басу мәселесін жою үшін сорғы станциясын салып, арық жүйесін жаңғырту қажет деген шешімге келіп отыр.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында тұрғындарға қолайсыздық туғызып отырған учаскелерде жобалау мен құрылыс-монтаж жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Мәселен, Бостандық ауданындағы Жәңгір хан көшесінде нөсер жауыннан кейін үнемі 1,2 метрге дейін су жиналады. Әкімнің айтуынша, бұл еңісте орналасқан жер, бұрын өзен арнасы болған. Мамандардың айтуынша, мәселенің шешімі сағатына 400 текше метр су айдайтын кәріз сорғы станциясын салу.

Бұдан кейін қала басшысы әл-Фараби даңғылы бойындағы жағдайды көрді. Былтырғы нөсер жауын бұл аймақта да үлкен зардап әкелген еді. Қазір бұл бағытта жоба дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Онда Қаппаров көшесінде арық жүйесін салу, ал Үшкемпіров көшесінде екі ірі су қабылдағыш орнату қарастырылған. Дархан Сатыбалды жобалаушылардың қабылдайтын шешімдерінің сапасына жауап беретінін және қателікке жол берілмейтінін қадап айтты.

Қабанбай батыр көшесінде де су бұру жүйесінің олқылығы анықталды. Арық өткелі опырылып, жауын кезінде су тасып, жолға шығып кетеді. Әкім мұнда үлкен диаметрлі темірбетон құбырларын орнатып, жұмысты созбалаңға салмай бітіруді тапсырды.

Медеу ауданында Дархан Сатыбалды Шығыс айналма жолы – Халиуллин – Таиров – Шақшақ Жәнібек көшелерінің аумағындағы су құбыры және кәріз жүйесін салумен танысты. Мұнда мердігер ұйым жолға түсетін салмақты азайту үшін жерді тесу әдісін қолданып жатыр. Қала басшысы негізгі жұмыстарды түнде – көлік қозғалысы азайған кезде істеуді тапсырды.

Сапардың соңында әкім көлік жүйесін дамытуда жүйелі көзқарастың қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, алдағы уақытта қаланың жоғарғы бөлігінен әл-Фараби даңғылына шығатын радиалды жолдарды кеңейту мүмкіндігі қаралады.

«Техникалық мүмкіндік бар жерде жолды екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтіп, орталық көшелердің жүктемесін азайтамыз», – деді әкім.

Қала әкімі қауіпті аумақтарда жобалау құжаттарын жедел дайындап, су бұру жүйесін сапалы жаңғыртуды, мерзімнің қатаң сақталуын және жұмыс барысында қала тұрғындарына мүмкіндігінше қолайсыздық туғызбауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар

Оралу: рух күші

Руханият • Кеше

«Алисаның» қазақша нұсқасы

Ғалам ғажаптары • Кеше