
Жезқазған қаласында өткен Ж.Хаджиев атындағы IV халықаралық театр фестивалінде өнерсүйер қауымға ерекше әсер сыйлаған Абай облыстық «Дариға-ай» жастар театры бас жүлдені, «Үздік спектакль» аталымын иеленді.
Театр ұжымы көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» драмасын сахналап, терең философиялық тартысқа толы туынды қазылар алқасын таңғалдырып, көрерменді тәнті еткен. Қойылымның режиссері – Мейрам Хабибуллин. Осылайша, режиссердің ізденісі, кейіпкерлердің жан дүниесін ашудағы шеберлігі мен сахналық шешімдерінің ерекшелігі үздік бағаланып отыр.
Облыстағы Абай атындағы театр құрамындағы «Дариға-ай» жастар театры профессор Дариға Тұранқұлқызы, белгілі қоғам қайраткері, абайтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Төкен Ибрагимовтің бастамасымен 1999 жылы 14 қарашада ашылды. Сонымен қатар театрдың іргетасын қалауға профессор Майра Омарбаева, аға оқытушы Мейрамгүл Алепарова, театрдың режиссері һәм көркемдік жетекшісі болған Ақбарәлі Айтыбаев сынды азаматтар атсалысқанын айта кеткеніміз жөн. Бүгінде театр қоржынында қазақ қаламгерлерімен қоса шетел драматургтерінің сүбелі шығармалары бар.
Абай облысы